Миллиардтың мәселесі. Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы екі түрлі жарияланды

1524
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бүгін, 9 қарашада Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты. Іс-шара барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымын екі түрлі жариялады.

 Ресей басшысы «аймақтық ынтымақтастықтың әсерлі шарттық-құқықтық базасы үнемі дамып, кеңейіп жатқанына, оның ішінде екі елдің өңірлік үкіметтері арасындағы 60-тан астам келісімге» назар аударды.

Менің білуімше, осы форум нәтижесінде қол қоюға жаңа келісімдер мен меморандумдардың, сондай-ақ жалпы сомасы 100 миллион долларға жуық коммерциялық келісімшарттардың тұтас сериясы дайындалды, - деді Путин.

Оның айтуынша, «бұл ресейлік-қазақстандық экономикалық байланыстардың қаншалықты табысты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді».

Осыған орай, өңірлердің тікелей белсенді қатысуымен 2022 жылы Қазақстанмен өзара тауар айналымы 10 пайыздан астамға артқанын ерекше атап өткім келеді.

Біздің статистикамыз – 28,2 миллиард доллар. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында контрсауда тағы жеті пайызға өсті. Сонымен бірге экспорт-импорт операцияларында ұлттық валюталарды пайдалану айтарлықтай кеңейді, деді Путин.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымын  Ресейден 1,2 миллиард кем айтты.

Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Соңғы үш жылда елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 30 пайыздан астам өсті. Былтыр тауар айналымы, Қазақстан статистикасы бойынша, 27 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл да оң динамика сақталып отыр. Сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық көлемі 17 миллиард долларға жетті. Жалпы, өзара тауар айналымын одан әрі арттыру үшін зор мүмкіндік бар. Осы орайда екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстардың айтарлықтай жанданғаны байқалады. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Олар жалпы 20 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Қазақстан экономикасына тартылған ресейлік инвестиция көлемі бір миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылғы деңгейден 20 пайызға көп. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге салған инвестициясының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл екіжақты процесс екені қуантады», – деді Мемлекет басшысы.

Путиннің сөзінде форум өтіп жатқан Қостанайда екі елдің 30-дан астам өңірінің өкілдері жиналып, күнделікті тәжірибелік аспектілермен айналысатыны айтылды. 

Сондай-ақ, Ресей Президенті «Қазіргі таңда Ресей Федерациясының 76 облысы қазақстандық облыстармен тікелей әріптестік байланыс орнатқанын» атап өтті.

Пікірлер