Бас прокуратура Абай облысындағы өртке қатысты істі сотқа жолдады

1146
Adyrna.kz Telegram
Фото:Courtesy Photo
Фото:Courtesy Photo

Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Тергеп-тексеру нәтижесінде, өрттің шығу себебі қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай), жер жамылғысының тұтануына себеп болған. Аталған нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталады. Өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, нәтижесінде 14 тұлғаның өліміне әкеліп соққан», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292 бабының 3 бөлігімен сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

Бұдан бөлек, Экология және табиғи ресурстар және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Мамандардың қорытындылары алынған соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

Естеріңізде болса, 2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртенген болатын. Салдарынан 60 мың гектар орман қоры жойылып, «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болғанын хабарлаған едік.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер