Орта ғасырда Ислам әлемінде ғылым жақсы дамыды – Дінтанушы

7475
Adyrna.kz Telegram
фото: БРИКС
фото: БРИКС

Кейбір тарихи деректерге көз жүгіртсек, орта ғасырдағы діни биліктің жаңа ғылыми көзқарастарға қарсы келіп, оны барынша тежеуге тырысқаны туралы мәліметтерді кездестіруге болады.

Дінтанушы Кеңшілік Тышқан орта ғасырдағы діни мәселеде батыс пен шығысты бөліп қарау керек деген пікірде. Нақтырақ айтсақ орта ғасырлық христиан патристикалық дәуірі мен католик кезеңінде ғалымдарға қатты қысым жасалған.

«Мысалы Батыстағы христиан діншілдері Галелейді отқа жағып, Коперникті қуғындады. «Поп құдайдың жердегі көлеңкесі» деп есептелді де, оған бағынбаған адамдарды «құдайға қарсы келді» деп бағалап, дінді өз билігін күшейтуге пайдаланды. Батыста ғалымдарды барынша қуағындауға  күш салды.

Ал шығыста дәл батыстағыдай бола қойған жоқ, бірақ та ислам дінінде біртіндеп фатализмге өту басталды. Себебі Орта ғасырдағы христиан және ислам философиясында жер мен көктей айырмашылық болды. Нақтырақ айтсақ, Орта ғасырда ислам философиясы қатты дамып, әл-Бурини,
әл-Хорезми, Ибн Сина және Әл-Фарабилер шықты. Аталған ғалымдар еркін ойларын айта білді. Әйтсе де өз заманында оларға да қатты сын айтып, кәпірге шығарған адамдар болды. Бірақ оларды ислам әлемі қуғындап, «тас атып өлтіру керек» деген үкім шығарған жоқ. Ол заманда ғылым мен білім ашық болды. Одан кейін біртіндеп ислам әлеміне фатализм кіре бастаған соң еркін ойлау мен жаратылыстану ғылымына қатысты пікір білдірген адамдарды шектеу басталды. Ашығын айтқанда ХVІ ғасырдан кейін шығыс ойшылдарының дамуы тежеле бастады. Осы кезде Еуропа діннен алшақтап даму жолына түсті. Себебі олар «Библияны әркім түсіне алады, оған попсыз құлшылық етуге болады» деген көзқарасқа келді. Осы кезден бастап батыста ғылым мен білімге ерекше мән беріле бастады.

Ал шығыста керісінше ХVІ ғасырға дейін өркендеу заманы болып, мықты ғалымдар ислам әлемінен шықты. Әйтсе де фатализм күшейіп ислам әлемінің дамуы тежеле бастады. Яғни, сатанистік пікір шығысты жаулай бастағанда керісінше құлдырай бастады. Ғылымға көңіл бөлмей негізгі дүние құлшылық жасау деп дамуды тежеді», – деді ол.

Ал әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек осыдан 1000 жыл бұрын ой еркіндігі болғанын айтады. Нақтырақ айтсақ ол орта ғасыр ғалымдары  «Құдай бар ма, жоқ па?», «Құран шынымен жазылды ма, жазылмады ма?» деген сұрақтарды талқылағанын айтады.

«Университетте саяси әлеуметтік ойлар тарихы деген пән болды. Сол кезде біздің профессорлар «Ислам әлеміндегі осыдан мың жыл бұрынғы ой еркіндігі қазіргі Америка мен Еуропадағы ой еркіндігінен еш кем емес еді. Тіпті одан да асып кететін» деп айтатын. Маған осы сөз қатты әсер етті. Осыдан мың жыл бұрын яғни ІХ-Х ғасырларда Бағдат, Дамаск, Каир және Орта Азиядағы Бұқара, Самарқанд секілді қалаларда ғалымдар «Құдай бар ма, жоқ па?», «Құран шынымен жазылды ма, жазылмады ма?» деп өзара ашық тартысатын. Қазіргі біздің қоғамда осы тақырыпта тартыссаңыз, бетіңізге қара күйе жағатындар бар. Яғни, этика, мораль және ақылдың талдап жасайтын нәрсесі ме, жоқ әлде Құрани мәтінде осыны жасау керек немесе жасамау керек деген мораль ма? Осы сұрақтар тартыс тудырған және осыған байланысты мектептер шыққан. Сондай-ақ ешкім ешкімге «Сен діннен шықтың, сені құртамыз, репрессия жасаймыз» деп қатты айтпаған. Бірақ кейін ол кезеңде басталды. Ол басталғаннан кейін дәуір жабылды. Мысалы біздің елде
Әл-Фарабиды қатты дәріптейді. Аталған тұлғаның атында Қазақ ұлттық университеті мен Алматыдағы ең үлкен даңғылдардың бірі бар. Ұзын сөздің қысқасы, Әл-Фараби Қазақстанның ұлттық символдарының бірі. Әйтсе де,
Әл-Фарабиды ХХІ ғасырға алып келсек, оны біздің кейбір дңни фанатиктер таспен атқылап тастар еді. Себебі оның айтқан пікірлері қазіргі консервативті түсініктегі адамдардың көтере алатын пікір емес», – дейді ол.

Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев
Әл-Фарабидың энциклопедист, дара ғалым екенін айтады.

«Әл-Фарабидың әлемде екінші ұстаз деп аталуының өзі белгілі қауым немесе қала емес, бүтін әлемнің мойындауы. Тек қана мұсылман әлеміне ғана емес, батыс пен шығыстың ғылымының өркендеуіне орасан үлес қосқан данагөй ғалымдардың бірі. Әл-Фарабидың екінші ұстаз деп аталуына келсек, ертеректе жалпы философия деген уақытта Аристотель, Платон секілді антикалық грек ойшылдарының шығармаларын түсіндіріп, сол уақыттағы ғылым тілі саналған араб тілінде жазуында. Кейін Еуропа елдері
Әл-Фарабидың еңбектерін араб тіліндегі нұсқаларынан оқып, түсініп, ары қарай жаңғыртқаны үшін аталған тұлға әлемнің екінші ұстазы деген атаққа ие болды. Әл-Фараби бүгінгі таңда өзекті жастар мәселесі, қоғамдағы адамгершілік құндылықтар мен ұрпақ сабақтастығына мән берді», – деді ол.

 

 

 

 

Пікірлер