Цемент зауытындағы жарылыстан 1 адам қаза тапты, 2 адам өте ауыр халде

2682
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысындағы цемент зауытында жарылыс болып, бір адам қаза тапты. Тағы екі жұмысшы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады "Адырна" сайты КТК арнасының жаңалықтарына сілтеп. 

Төтенше оқиға өңірдегі Састөбе цемент зауытында 14-қараша күні болған. Цехтардың бірінде жарылыс болып, арты алапат өртке ұласқан. Кәсіпорында сол уақытта ондаған жұмысшы болған. Тілсіз жаудан үш адамды күйік шалып, олар Сайрам ауданы ауруханасына жеткізілген. Бірақ денесін жүз пайыз күйік шалған 52 жастағы жұмысшы көп ұзамай көз жұмды. Тағы екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қаза тапқан азамат пен жарақат алғандар жергілікті тұрғындар.

Қазір цемент зауыты уақытша жұмысын тоқтатты. Ал кәсіпорын басшылары оқыс оқиғаның мән-жайын ашып айта алмады. Жансақтау бөлімінде жатқан 58 және 34 жастағы жұмысшылардың жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер:

"Біреуінде 100 пайыз күйік бар, екіншісінде 70 пайыз. Жағдайы өте ауыр. Өзіміздің дәрігерлер, сонымен қатар Шымкент қаласында орналасқан күйік орталығынан келген реаниматолог дәрігерлермен бірге емдеу тәмсілдерін қолданып жатырмыз. Әзірге жағдайы өте ауыр, ештеңе айта алмаймыз" деді  Сайрам ауданы ауруханасының бас дәрігері Ерғали Әлімбаев.

Пікірлер