Алматы қаласының департаменті тұтынушының құқықтық сауаттылығын арттыру үшін азаматтарды қабылдауды тұрақты негізде өткізуде

708
Adyrna.kz Telegram
jsk.kz
jsk.kz

Алаяқтардың арбауына түскен жандардың қарасы азаяр емес. Ғаламтордағы сан мыңдаған жарнама санаңды арбап, жанарыңды жаулайтыны анық. Бүгінгі күні интернет-алаяқтардың құрбаны Алматы қаласында да күрт өскен, деп жазды «Адырна» тілшісі Azattyq Ruhy. сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментіне 3500-ден астам өтініш келіп түскен. Жауапты орган берген мәліметтерге сүйенсек, Кәсіпкерлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілді және сәйкесінше 120 әкімшілік хаттама жасалған. Ал тұтынушыларға 90 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

«Бүгінгі таңда тұтынушылар құқығын қорғау саласында көптеген шағым келіп түсуде. Көбінесе тұтынушылардың құқығы электрондық сауда саласында бұзылады. Бұл ретте жосықсыз кәсіпкерлер тарапынан алаяқтық фактілері бар. Сонымен қатар азаматтар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен жеткілікті түрде таныс емес, бұл олардың кәсіпкерлер тарапынан заңды құқығы мен мүддесінің бұзылуына алып келеді», - деді Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимурзаев.

Азаматтарды қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен аумақтық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттері өз кезегінде тұрақты негізде консультативтік-ағарту жұмыстарын жүргізетінін айтып өтті.

Сондай-ақ Алматы қаласының департаменті қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ашық есік күндерін, өз құқығы мен заңды мүддесін қорғау мәселелерінде тұтынушының құқықтық сауаттылығын арттыру үшін азаматтарды қабылдауды тұрақты негізде өткізіп келеді.

«Кәсіпкерлер үшін электрондық сауданың әлеуеті зор, өйткені біз қарқынды дамып келе жатқан технологиялар кезінде өмір сүріп жатырмыз және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды пайдаланатын тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Артықшылықтары ретінде шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа инновациялық жобаларды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар компанияларды жаңғырту, көлеңкелі айналымды қысқарту, халық пен кәсіпкерліктің құқықтық және цифрлық сауаттылығын жақсартуды атап өткен дұрыс», - деді Н. Бимурзаев.

Тұтынушылардың жосықсыз кәсіпкерлерден алдануы азаймай отыр. Пошта арқылы тұтынушы тапсырыс берген өнім мүлдем келмейді немесе сапасы жарнамада, интернет-сайтта көрсетілген өніммен сәйкеспейді.
Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – сайттар мен әлеуметтік желілердегі жарнамалар. Автокөлік аксессуарларын, смартфондар мен басқа да жабдықтарды, киім мен аяқ киімді, тапсырыс бойынша жиһаз сатып алушылар интернет-алаяқтарға жиі кездеседі. Спикер сонымен қатар әлеуметтік желі не интернет-дүкен болсын, алаяқтарға тап болу мүмкіндігі бірдей деп атап өтті.

«Алаяқтар өз құрбандарын қалай тартады? Ең алдымен, негізсіз төмен бағамен алдайды. Тауарларға тапсырыс беру кезінде көбінесе жедел төлем терминалымен белгілі бір виртуалды әмиянға ақша салу арқылы алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ары қарай дүкен бірнеше күн бойы сылтау айтып, сізге тауарды жедел жеткізуге уәде береді, содан кейін із-түзсіз жоғалады немесе сапасыз тауар жібереді. Алдын ала төленген өнімді сатып алар кезде, есте ұстайтын нәрсе – сенімді интернет-дүкендер сізден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефон шотына ақша аударуды сұрамайды. Интернет желісінен дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын тексеріңіз. Егер сіз ірі дүкендер желісі не өзіңіз білетін компанияның сайты арқылы тапсырыс бермек болсаңыз, браузердің мекенжай жолағында ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз», - деп кеңес берді Н. Бимурзаев.

Сондай-ақ тауар сатып алмас бұрын, дүкен әкімшілігінен заңды тұлға туралы деректерді сұратып, алынған ақпаратты салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізімін пайдаланып тексеру қажет.

«Онлайн сауда жасамас бұрын, басқа сатып алушылардың пікірлерімен танысыңыз. Дегенмен кей қылмыскер қосымша есептік жазбаларды қолдана отырып, өздері туралы оң пікірлер қалдыра алатынын ұмытпаған жөн. Интернет желісін пайдаланып іздеңіз. Іздеу формасына сатушының телефон нөмірін немесе желілік бүркеншік атын енгізу арқылы, бұл деректердің қолма-қол ақшаны ұрлау және сатып алушыларды алдау мақсатында пайдаланылғанын анықтауға да болады», - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар сатып алушылар әрдайым тауардың құнына назар аударуы керек, егер баға нарықтық бағадан едәуір төмен болса, онда бұл күдік тудыруы керек.

«Заңның 24-бабына сәйкес сатушының Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен бақылау-касса машиналарының болуы, сондай-ақ бақылау-касса машиналарының орналасқан жерінде қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға міндетті. Фискалдық чек ұсынылмаған жағдайда тұтынушы мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге құқылы. Айта кету керек, тұтынушы тауарды өз еркімен таңдайды және сатып алуды жүзеге асырады, сондықтан сатушының деректемелері мен байланыс деректерін анықтау жауапкершілігі тұтынушының өзіне жүктеледі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган электрондық саудаға жосықсыз қатысушыларын іздестіру іс-шараларын жүргізбейді. Алаяқтық және тұтынушыларды алдау фактілері бойынша интернет-алаяқтарын іздестіру іс-шараларын ішкі істер органдары қарайды», - деп еске салды.

Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері «жедел желі» арқылы және азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұтынушыларға сатушыға қатысты ары қарай әрекет ету, олардың заңды мүдделері мен бұзылған құқықтарын қорғау жолдары туралы кеңес береді.
Мемлекеттік органға өтінішті e-Otinish бірыңғай ақпараттық платформасы, Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жіберуге болады, немесе 8 (727) 392-21-83 жедел желісі бойынша қоңырау шалуға, сондай-ақ тұтынушылар Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерге көмек пен кеңес алуға құқылы.

Пікірлер