Ұшқыннан жалын лаулайды немесе Кіші Жүз неге бөліну керек?

4808
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы саяси режимнің өмірін созуға қызмет жасап жатқан serke.org сайтында «Қосанов компаниясындағы аймақшыл сепаратизмнің белгісі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды.
https://serke.org/tutin/osanov-kampaniyasindaghi-ayamaqshil-separatizmning-belgisi
Мақалада менің атым аталып, бұлтарысты қиын кезеңдегі өмірімде болған жағымсыз оқиғаны жаңғыртып, оны аймақшылдық пен сепаратистік шетін идеялардың бастауы етіп көрсетуге тырысыпты. Осыған орай маған тағы да «шылдырмақ» байлап қойғысы келетін билікшіл сайттағы мақалаға және онда көтерілген мәселеге қатысты пікірімді білдіруді жөн санап отырмын.
2013 жылы мұнайлы батыс облыстарды Қазақстаннан бөлініп өз алдына ел болуға үндеген сепаратистік хатқа қатысым болғаны рас. Сол үшін жазамды алдым да. Бірақ serke.org сайты жазғандай, түпнұсқасы орыс тіліндегі хат авторы Әділбек Бақытов еді. Оның Аслан Мусиннің туысы екенін білемін және бұл ақпарат ешкімге құпия емес. Мен хатты интернет арқылы бірнеше адреске таратқаным үшін ғана жазықты болдым. Аңдамай шалыс басқаным үшін 4 жыл түрмеге кесілдім. Ал хат авторы Әділбек Бақытовқа сот 3 жыл жаза тағайындаған. «Неге оған аз, маған көп жаза берілді» деген сұрақ мені мазалаған емес, себебі билікке таласқан әлдебіреулердің саяси бықсыққа толы интригасына абайсызда араласып кеткенім үшін мен тек өзімді ғана жазғырдым. Ел ішіне іріткі салып, сепаратизмге үндейтін хатқа қаншалықты болсын қатысқаныма қатты өкініп, бармағымды шайнап күйіндім, осы қылығым үшін қандай жазаны да қабыл алуға дайын едім. Бүліншілікке түбегейлі қарсы екенім түрмеде жазамды өтеп жүріп аймақшылдық идеясы мен сепаратизмді айыптап жазған ашық хатымда да, былтыр басылып шыққан «Мен қалай рухани жаңғырдым» атты өмірбаяндық кітабымда да ашық айтылды.
Қылмыстық іс бойынша бірге жазаға тартылған Әділбек Бақытовтың қазір Серікжан Мәмбеталинге қосылып алып Әміржан Қосановқа қолдау білдіріп жатқанына келетін болсам, бұл саяси кампанияға менің қатысым жоқ. Президенттікке кандидат Қосановтың сайлауалды үгіт-насихатында «аймақшыл сепаратистік белгісі» бар-жоғын анық білмеймін. Сондай-ақ, мен кандидат Қосановтың қолдаушысы емеспін. Оны демократ, либералды көзқарастағы саясаткерлер қатарына жатқызбаймын.
Өткен тарихтың қатпарлы астарына үңілсек, қазақ қоғамында рушылдық, жүзшілдік сияқты ұлт тұтастығына көлеңке түсіретін жаман әдет (кейде ол мақсатты әрекетке ұласып жатады) бұрыннан бар. Тілі бір, діні мен дәстүрі бір қазақты жүзге жіктеп, содан саяси ұпай түгендеу анда-санда байқалып қалады. Әрине, мұндай қиямпұрыс әрекетті тыйып тастауға мемлекеттің де, қоғамның да әлеуеті жетеді. Әлеуметтік, экологиялық қиын жағдай мен қоғамдағы жаппай әділетсіздік себепші болып, соның кесірінен қобалжу тудыратын сепаратистік көңіл-күйдің ұшқынына май құйып жіберетін геосаси мүддені күйттеген сыртқы күштер пайдаланып кетсе, онда қауіптің қара түнегі қоюлана түседі, территориялық тұтастыққа кәдімгідей қатер төнеді. Мұның мысалын Украинаның батысындағы Луганск және Донецк облыстарында тұтанып кеткен сепаратизмнен көріп отырмыз. Әрине, «ДХР» (ДНР), «ЛХР» (ЛНР) сияқты псевдореспубликалардың құрылуына Ресейдің импершілдігі, Шығыс Еуропадағы саяси ықпалынан айырылып қалғысы келмейтін өпіремдігі себепші болды. Десек те, Ресей Украинаның шығысында тұратын халық ішіндегі белсенді сепаратистерге арқа сүйегені есепке алынуы қажет. Сепаратистік идеяларды саясатқа қосып, саяси ұпай түгендейтіндер барлық қоғамда бар. Билікті қолына алуды үнемі аңсап жүретін кейбір адамдар тіпті сепаратистік идеясын жалаң ұрандармен ғана көмкермей, тарихи оқиғалардың желісінде теория қорытып, оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени негіздемесін де жасап алады. Мұның бәрі сепаратистік идеяны жүзеге асырудың шапшаңдығы мен тиімділігін қамдауға саяды.
Осы тұста бір оқиғаны айта кеткім келіп тұр. Мен «құраншылардың» лидері саналатын Асылбек Мусинмен жақын араластым. Ол екеуара әңгіме кезінде лауазымды қызмет атқарып жүрген әкесі Орынбордағы қазақ тарихына қатысты мұрағатты ақтарып, қазақтардың орыс патшасының бодандығына өту мәселесін, Әбілхайыр ханның Ресей билігімен жасаған келіссөзін, одан кейінгі кезеңдегі Бөкей ордасы мен Жәңгір ханның солтүстіктегі алып империяға ықпалдасу жөніндегі мәліметтерді зерттегенін айтқан болатын. Әрине, сол кездегі жоғары лауазымды орысқол шенеуніктің Қазақстан мен Ресейдің ғасырларға ұласқан «отаршыл дәуірді» не үшін зерттегенін, мұның бәрін қандай мақсатқа пайдаланбақшы болғанын білмеймін. Десек те, Аслан Мусиннің елдің басқа қиырына емес, мұнайлы облыстарға көз тіккенін, сол аймақтан әлдебір ерекшелік іздегенін байқаймыз.
Дұрыс пікір қорыту үшін тәуелсіз Қазақстаның алғашқы жылдарын Орал казактарының өпірім әрекетін еске алған артық болмайды. Ресей империясының жерін кеңітуге ғасырлар бойы қызмет жасаған казактар Қазақстанның өз алдына ел болғанына келісе алмай, сепаратистік әрекетке көшкен. Осы қауіпті жолын кескен Жасарал Қуанышәлі бастаған қазақ ұлтшылдарының қайраткерлігі еді. Олар дер кезінде Оралдың сепаратист казактарының аптығын басып, орнына қойды. Осындай оқиғаларадың бәрін тізбектеп, ой елегіне салсақ, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына төнетін қауіптің нобайы айқындала түседі.
Қазақ қоғамында мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік аймақ жөнінде қате пікір қалыптасқан. Көбіне Қазақстанның солтүстік-шығысы мен теріскейіндегі облыстарға күдіктене қарау әдетке айналған. Бұл қате пікір әлгі аймақтағы қазақтардың үлесінің аз болуы және Ресейге емініп жатқан территориялық орналасуына қатысты айтылып жүр. Шынтуайтына келсек, аталған аймақ Солженицын айтқандай онсыз да «Ресейдің қарнының астында» («подбрюшье») емініп, ішкерілеп жатыр және Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие емес. Сондықтан оңтүстіктегі көршісін саяси және экономикалық ықпалынан шығарғысы келмейтін Ресей Қазақстанның энергетикалық ресурстарға бай батыс өлкесіне көз тігеді, дәл осы аймақты Қазақстанды тырп еткізбейтін «жанды жері» деп біледі. Ресей ақпарат құралдарының үнемі Қазақстанның батысында болып жатқан оқиғаларға ерекше мән беруінің себебі де осы мәселеден туындап жатыр. Еңбек төлемі және басқа да әлеуметтік түйінді проблемадан туындайтын болмашы наразылықтың бәрін сепаратистік көңіл-күйге телитін мақалалар Ресей ақпарат құралдарында сұранысқа ие екені байқалады.
Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақ ұлтшылдығын «бас көтеріп келе жатқан неофашизмге» теңеген бірнеше белсенді әлеуметтік желіде «антифашистік топ» құрған. Осы науқанның бел ортасында қазақстандық журналистер Михаил Пак пен Дастан Мұқышев өзінің белсенділігімен көзге түсті. Кейін оларды «қазақ қоғамының білгірі» санаған Ресей ақпарат құралдары Мәскеуге жұмысқа шақырды. «Регнум», «Лента.ру» сияқты басылымдарда қызмет жасаған Михаил Пак үнемі «Қазақстандағы орыс мәселесі» тақырыбына қатысты қоздырушы мақалаларымен танылып, басшы қызметтерге көтерілді.
https://regnum.ru/news/1567375.html
Ал Дастан Мұқышев Ресей мемлекеттік телеарналарының бірінде ТМД аймағына жауапты редактор қызметін атқарып жүр. Украинаның шығысындағы оқиғаларға үнемі біржақты баға берумен айналысқан қазақстандық бұл екі журналист соңғы кезде Қазақстанның батысындағы «өзекті проблемаларды» жиі қозғайды. Осы жағдайдың өзінен Ресейдің Каспийдің батыс жағын жіті бақылап отырғанын байқаймыз.
https://lenta.ru/articles/2013/02/28/mangistau/
«Журналистер мен саясаттанушылардың проблемалық аймақтар жөнінде жасайтын зерттеуінде тұрған дәнеме жоқ» деген пікір басым. Сепаратизмнің белгілері көзге ұрып тұрса да, бұл көбіне сөз бостандығы мен пікір алуандығана баланады. Serke.org сайтында жарияланған «Қосанов компаниясындағы аймақшыл сепаратизмнің белгісі» аты мақала авторының мұрынға ши жүгірткен әрекетін де осы санатқа қосуға болады. Ал аңқау халық алдында ұран тастап сөйлейтін саясаткерлердің сепаратистік идеяларды өздерінің саяси технологиясында пайдалануы отпен ойнағанмен бірдей. Әсіресе электоралды кезеңде мұның салдары өте қауіпті. Бұйығып жатқан бықсықты үрлеу әпсәтте айналаны түгел шарпыған жалынға ұласып кетуі мүмкін.

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚБ төрағасы

P.S. Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Пікірлер