Атыраулықтар 1 миллиард 267 миллион теңгеге 39 үй сатып алмақ

1327
Adyrna.kz Telegram
Фото: baq.kz
Фото: baq.kz

«Атырау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі 3-қарашада жалпы құны 1 миллиард 267 миллион теңге болатын екі тендер жариялады, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы Satypalu.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.

«Атырау қаласынан 2 бөлмелі пәтер сатып алу» деген атаумен жарияланған бірінші мемлекеттік сатып алудың құны - 527 250 000.00 теңгеге бағаланған. Бұл қаржыға екі бөлмелі 19 үй сатып алынбақ. Қалалық құрылыс бөлімі әр екі бөлмелі үйді сатып алуға 27 750 000 теңге бөлген.

Ал, екінші тендер дәл сол күні «Атырау қаласынан 3 бөлмелі пәтер сатып алу» деген атаумен жарияланып, 20 үй сатып алуға шешім шығарылған. 20 үй алуға облыстық бюджеттен  740 000 000.00 теңге жұмсалмақ. Яғни, құрылыс бөлімі екі бөлмелі 19 пәтердің әрқайсысын 27 750 000 теңгеге, үш бөлмелі 20 пәтердің әрқайсысын 37 000 000 теңгеге сатып алмақ.

Жалпы 39 үйді сатып алуға бағытталған екі тендердің құны 1 миллиард 267 миллион теңгені құрайды.

Техникалық сипаттаманың «Лоттың сипаттамасы» деген бөлімінде 3 бөлмелі үйдің алаңы 40-60, 2 бөлмелі үйдің алаңы 20-40 шаршы метрден кем болмауы керектігі көрсетілген. Ал, «Функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану мінездемесін сипаттау» деген бөлімде үш бөлмелі пәтердің ауданы кемінде 97, екі бөлмелі пәтердің ауданы 75 шаршы метрден кем болмауы қажеттігі туралы жазылған. Сондай-ақ, үйдің әр шаршы метрінің құны 370 000 теңгеден аспауы керектігі де көрсетілген.

Техникалық сипаттамадағы бұл сәйкессіздік қателік пе? Атырау қалалық құрылыс бөлімі үшін 97 шаршы метр мен 40-60 шаршы метр аумақтың айырмасы жоқ па?

Мемлекет әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамтамассыз ету мақсатында түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келе жатыр. Атырау қалалық құрылыс бөлімі сол бағдарлама аясында сатып алғалы отырған үйлердің шаршы метрін жаңылтпашқа айналдырып отыруының астарында не бар?

Бұл сұрақты тиісті мекемеге жолдадық. Жауабы келіп жатса, дереу жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

 

Пікірлер