Президент реформаларының тиімділігі – халық пен әкім жауапкершілігі ортақ

1047
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінен бері бір жылда елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның пікірінше, әкімдер сайлауы – Мемлекет басшысы қолға алған реформалар тиімділігінің айқын көрсеткішінің бірі.

«Біз Орталық Азияда бұл прогрессивті реформаны алғашқы болып қолға алдық. Екі жылдан бері сайлаушылар ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлады. 1700-ге жуық әкім сайланды. Депутаттар өңірлерді үнемі аралап, сайланған әкімдердің белсенді екенін көріп отыр. Олар Мәжіліс депутаттарына нақты сұрақтарды батыл қойып, жауаптарын талап етеді», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ ол ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкімдерді сынауды азайтып, көмектесуге, қорғауға тырысатынын атап өтті.

«Халық өз әкімдерін өздері сайлағанын және енді онымен жауапкершілік те ортақ екенін түсінеді. Мемлекет басшысы реформаларының тиімділігі дегеніміз осы», – деді Мәжіліс төрағасы.

Спикер жуырда өткен 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерінің пилоттық режимде сайлауы туралы да өз ойымен бөлісті. Келесі кезең – облыстық маңызы бар қалалардың басшыларын сайлау.

«Егер сайланған әкім берген уәделерін орындамай, нәтижелі жұмыс істемесе, ол мәслихат депутаттары мен өз сайлаушыларының сынына ұшырайды. Естеріңізге сала кетейін, депутаттар әкімге сенімсіздік таныта алады. Жақында «Қоғамдық бақылау туралы» заңмен енгізілген өтініштер институты жұмысын бастайды. Мұның барлығы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыра түседі», – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошановтың айтуынша, саяси жүйенің ашықтығы артып, мүдделердің лоббиін қолдау мүмкіндігі жойылуда.

«Ал бұл косметикалық өзгерістер емес, орталықтағы және жергілікті жердегі атқарушы және өкілді билікті өзгертетін салмақты шешімдер», – деді саясаткер.

Сұхбатта Мәжіліс спикері бір жыл ішінде еліміздегі заң шығару саласындағы және саяси өзгерістерге де тоқталып, «Әділетті Қазақстан» туралы ойымен бөлісті.

 

Пікірлер