Қазақтың тұңғыш фотографы Шәңгерей Бөкеевтің суреттері арнайы фотоэнциклопедияға енді

2347
Adyrna.kz Telegram

Алматыда «Атакент» көрме орталығында «Қазақ фотошежірешілері ІІІ: тарих, дерек, өнер» фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл жинақ – бұрын  жарыққа шыққан «Қазақ фотошежірешілері» тізбекті энциклопедиясының жалғасы,  үшінші том. Бірақ бұл жолғы айырмашылық кітап қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде шыққан. Кітап «Дарын» баспасынан жарық көріп отыр. 407 беттік кітаптың таралымы – 500 дана.

Кітаптың тұсаукесері «Ұлы Жібек жолымен» ХІ Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі аясында өткізілді.

Тұсаукесерге қатысқандар осы энциклопедияда жарияланған суреттердің көрмесін де тамашалады.

Айтулы шараға кітаптың құрастырушылары «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Дәурен Мақсұтханұлы бастаған қазақстандық фотография саласының мамандары, фотографтар, фотоөнер дүниесінің жанашырлары және көрмеге келген көпшілік қатысты.

Фотоэнциклопедия қазақтың тұңғыш фотографы Қазақтың біртуар ақыны, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің түсірген суреттерімен басталады. Шәңгерей түсірген фотосуреттерден қазір он шақтысы белгілі. Шәңгерей 1901 жылы Петерборға сапарынан кейін фотоөнермен айналысқан.

Фотоэнциклопедияның осы томында Шәңгерейден басқа бүгінгі фотографтар: Қалиғұмар Қабдешұлы, Сабыржан Құсайынов, Есімхан Орынбаев, Асылхан Жүсіптегі, Фархад Қабдықайыров, Серік Мұқышұлы, Марат Жүнісбеков, Оңғарбек Алхаров, Жеңіс Ысқабай, Тілеубек Шаяхмет, Ерлан Омаров, Думан Құрманғалиев, Бауыржан Жуасбаев, Мақсат Шағырбай, Әйгерім Бегімбет, Досжан Балабекұлы және Мейірбек Тәжкурановтың үздік туындылары жарияланған.

Кітаптың екінші тарауы «Фотоөнер және ғылым» деп аталса, үшінші тарауы «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жобаларына арналған.

Кітап тұсаукесерінде ардагер фототілші Қалиғұмар Қабдешұлы, Шәңгерей Бөкеевтің ұрпағы Шолпанай Аманжолова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі Айгүл Рамазанова және кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов сөйлеп, Қазақстан қоғамында бағаланбай келе жатқан осы саланың шеберлеріне сәттілік тіледі.

Шара барысында «Фотоөнер» бірлестігі фотоэнциклопедияның демеушілері мен оның жарыққа шығуына елеулі үлес қосқан мамандарды арнайы грамота, алғыс-хаттармен марапаттады.

 

 

Пікірлер