«Абай аялдап, Шоқан қонақ болған». Қапалдағы қара шаңырақ

2778
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жеңіс Ысқабай
Фото: Жеңіс Ысқабай

Кеңес одағынан кейін қараусыз қалған көне ғимаратты қайта жаңғыртудың өз ерекшелігі болған. Тапсырыспен емес, өз тілек, бастамасымен жөндеу жұмысын ұйымдастырған Алмасбек Садырбаев «Аыдрнаға» берген сұхбатында осы туралы айтады.

Тарихқа толы Жетісудың құтты мекенінің бірі – қасиетті Қапал өңірі. Мұнда бабалардан қалған мұра, басқан із де бар.  Жұртқа аты әйгілі аймақ Шоқан Уәлиханов, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Николай Абрамов, Александр Голубев және Алексей Гейне сияқты саяхатшы, ғалымдардың еңбектеріне арқау болған.

Сондай-ақ, ХІХ ғасырда басқа өңірлерлерден озық болған Қапалда ауқатты қазақтар мен татарлар, өзге ұлттың зиялылары қоныстанған. Заманға сай үлкенді-кішілі кәсіпорындар, оқу орындары орналасқан. Әсіресе, көпестердің шаруасы шарықтап, алыс-жақынмен байланысы өркендеп тұрған.

Ауқатты қапалдықтардың бірі көпес Шаяхмет Әбсаттаров еді.

Сол уақыттағы қазақ даласындағы ең бай адамдардың қатарында болған көпестің тұрған үйі - Қапал ауылындағы талай тарихи оқиғаға куә болған, кезінде сәулетімен таңдай қақтырған құнды ғимараттың бірі болатын. Кейін ол тозығы жетіп, қараусыз қалды. Ал бүгінде  бабалар мұрасына баппен қарайтын, тарихқа тағзым ете алатын жандардың қолына түсіп, қайта құлпырды.

Осы тарихи ғимаратты жаңғыртқан жергілікті кәсіпкер, «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевпен “Адырна” тілшісі сұхбаттасты.

«ЕЛГЕ ОРТАҚ ИГІЛІК»

ХІХ ғасырдың өзінде сол замандағы қазақтың беткеұстар тұлғаларының табаны тиген, салынғанына 200 жылға жуықтаған жеке үйдің қазіргі қалпы көңілге үміт сыйлады. Елдің қамын күйттеп жүретін жанашыр жандардың барына көз жеткіздік. Осы тарихи нысанды қалпына келтіруге не түрткі болды?

Бала күні бұл үйді көріп өстік. Өте ерекше болатын. Кейін 3-4 жыл бұрын барып, тозып бара жатқанын көріп, жаңартуды қолға алғым келді. Ол үйге Абай атамыздың, зиялыларымыздың табаны тиді. Сондықтан сатып алып, қалпына келтіруді бастадық. Ретке келтіруге, сақтап қалуға әрекет етудеміз. Болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдырғым келеді.

Шаяхмет көпестің үйін қалпына келтіруге Ақсу ауданының фермерлері мен жанашыр азаматтар көмектесті. Олардың көбі елге ортақ игілікті іс – мәдени әрі тарихи құндылықты қалпына келтіруге шама-шарқынша үлес қосты. Солардың бірі – Жеңіс Қабай деген бауырымыз. Біраз дүниелерді өзінің қолымен жасап берді. Біраз дүниедерді реттеуге көмектесті. Үйді қалпына келтірудегі бастан-аяқ суретті де сол кісіден табуға болады.

ШАЯХМЕТ БАЙ КІМ БОЛҒАН?

Шаяхмет байдың үйі туралы айтып беріңізші. Көлемі қандай? Жаңартпас бұрын қандай күйде болды?

– Тарихын тарқатсаңыз, Алаш алыптарының тұсына бір-ақ сапар шегеміз. Шаяхмет бай өз заманында бай, әрі білімді кісі болған. Қапалдағы мектепке де тұрақты қамқорлық көрсеткен. Жергілікті балалардың оқуына, жастардың алған білімдерін одан ары жетілдіруіне жағдай жасауға өз үлесін қосып отырған. Сондай-ақ, қолы ашық, қонақжай жан болыпты.

Деректерге сүйенсек, Шаяхмет байдың үйіне Абай Құнанбаев аялдап, Шоқан Уәлиханов қонақ болған. Қазақ даласына саяхаттау барысында Жетісу жеріне де жолы түскен әлемге белгілі ағылшын саяхатшысы, жазушы, суретші әрі сәулетші Томас Аткинсон жұбайы Люсимен бірге байдың үйіне қонып, деректер жинаған көрінеді.

Шаяхмет байды біраз адамдар қазақ емес, ноғай деген. Өзім Солтүстік Кавказдағы Ноғай ауданына барып, Ноғайлар қауымдастығымен жолығып, кездесіп, анықтап келдім. Ноғайдың ішінде Шаяхмет деген бай болмаған екен.

Сондықтан оның барлығы өтірік сөздер. Сол жердегі біраз кісілер айтты: ноғай болып жазылу себебі ноғай-татарлар орыс патшасына жақын болған. Сол орыс патшасына жақындаудың бір амалы, көп қазақ, қырғыздар ноғайлар мен татарлар арқылы жақындапты. Содан кейін түрі, сөзі келіп тұрғаннан кейін Шаяхмет байды “ноғай” дей салған болар. Өйткені орыс патшасы қазақ, қырғыз деп бөліп жармаған. Ал ноғай мен татарды анық білген. Шаяхмет бай Ресей патшасының бірінші гильдиялы көпесі болған екен. Ол – өте жоғары лауазым. Шаяхмет бай патша үйіне дастарханына аз-мәзір, дүниелермен қамтамасыз етіп отырған. Одан кейін саудаға рұқсаты болған. Шаяхмет бай Мамановтармен бірігіп, Орталық Қазақстандағы Қоянды базарымен жұмыс жасаған, сонда мал айдаған.

Кейін қуғын-сүргінге ұшыраған көпес бала-шағасымен Қытайға қашып, үйі Кеңес өкіметі тұсында мемлекет меншігіне өткен. Кеңес Одағы кезінде бала-бақша ретінде пайдаланылған. Одан кейін ол жер мемлекеттік бір мекеме ретінде қолданылып, кейін қараусыз қалды. Тозығы жетіп, құлағалы тұрған болатын. Қазір міне, қайта қалпына келтіріліп жатыр.

«ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ҚОЛДАНБАҚПЫЗ»

– Бүгінде сол үйдің иесі сізсіз.  Енді ғимарат қолданыста ма, әлде мұражай етесіздер ме?

– Мұражай емес, халық тұтынатын туристік орталық жасасақ деп отырмыз. Өйткені, Қапалдың табиғаты әдемі. Біз туризмді дамытатын, ауылдағы тұрғындарға кәсіп болатындай қара шаңырақ жасағымыз келеді.

Бастапқы ұсыныстар бойынша үлкен бөлмелердің біріне музей орналастырылады. Кезінде Қапалда тұрған тұлғалардың қазір әлемнің әр түкпірінде тірлік ететін ұрпақтары мен жергілікті жұрт болашақ музейге деп тапсырған алғашқы жәдігерлер де жинала бастады. Олардың ең бастысы – ақшамен шай қайнатқан әйгілі мыс самауыр. Сонымен бірге ХІХ ғасырда қолданыста болған суық қару түрлері бар. Америкада қызмет істеген апамыз өзінің жәдігерін арнады. Көне Құран кітабын әкеліп берем деді. Сол сияқты көбі қол ұшын беруге дайын. Толық аяқталған соң іші көне жәдігерге толады деп сенемін. Музей қорын тарихи жәдігерлермен, құнды құжаттармен толықтырам деушілерді қуана қарсы аламыз. Біз бұл үйден табыс табайық деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, түсетін қаржы үйді осы қалпында ұстап тұрса жетеді.


Екі ғасырдың куәсі болған үйді қалпына келтіруге қанша уақыт кетті?

Қалпына келтіріп жатқанымызға осымен үшінші жылға аяқ басты. Енді ішкі жұмыстары мен аула жұмыстары ғана қалды.

Қалпына келтіруге көп күшіңіз де, қаржыңыз да кеткен болар…

Оңай болды деп айта алмаймын. Өз ауыртпалығы бар. Мәселен, ғимараттың салбырап кеткен төбесі ашылды. Барлығына қолмен жұмыс жасалды. Осыдан 150-200 жыл бұрын салынған бөренелі құрылысқа негізінен диаметрі 70 сантиметрлік бөренелер пайдаланылды. Көне үйді жаңартуға ат салысқан шеберлердің еңбегіне тәнті болдым, оларға алғысым шексіз.

Әрине, қаражатты мол қажет етеді екен. Біз ойлағаннан да көп қаражат кетті.  Бірақ дүниенің барлығы қаражатпен есептелмейді. Өз басым осындай дүниені қолға алғаныма қуаныштымын. Қапалдың қара шаңырағын сақтап қалғаныма бақыттымын.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет! 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Фотолардың авторы: Жеңіс Ысқабай

 

Пікірлер