ДУЛАТ ИСАБЕКОВ: КІТАП ШЫҒАРУ МАҒАН ҚЫЗЫҚ БОЛМАЙ ҚАЛДЫ...

3266
Adyrna.kz Telegram
  Дулат Исабеков – қазақтың шын зиялысы, ұлы жазушысы. Сыры мен шыны бүкпесіз айтылған, кемел тұлғаның талғам тұғырының, саналы ғұмырының парақтарын ақтарған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қазіргі таңда қандай туындылар ұсынбақсыз оқырманға, қандай жаңалықтарыңыз бар ?

Жаңа кітап қазірге жоқ. Кітап шығару да маған қызық болмай қалды. Ендігі кітаптардың маған түк қызығы қалған жоқ. Бұрын күтіп отырушы едім, жазуға асығып, сондай бір заманның аурасында. Ақындарымыз бірақ шаршамай өлең жазып жатыр. ХХІ - ғасырға ақынның қажеті бар ма? Бəрі лирика ғой. Ойды қопарып айтатын өлеңдер болса екен. Мына өлеңді қара, осы кітап болып шығады
"Арман қуған бала кез жастық жайлау,
Қараша үйдің күлше нанын аңсаған.
Мақсат пен махаббаты өмір бастау,
Сағындырып сағымдай бұлдыраған." Ал өлең ба осы?
- "Аю отыр партада,
Менің елім - Қазақстан" - дегендей болды ғой!
-(Күліп...) Осындай өлеңдер қаптап кетті. Кітап болып шығады.

Поэзиямыз ХХ ғасырдың аяғына қарай өзінің шарықтау шегіне жеткен сияқты. Одан кейін өлеңдер жазылып жатса да, есте қалмай, тез ұмтылып жатады.

Иə. Қазір журналистика, проза, драмматургия осы үшеуі ғой ең қажеттісі. Біздің қазақ журналистикасын айтып отырған жоқпын. Москваның журналистерінің қолына су құюға жарамайды біздің журналистер. Ой өрісі, мәселені қоюы, аналитикалық ақыл-ой, парасат, кемелдік, биіктік бұның бəрі жоқ. Мəскеуде кітап шығып жатыр, төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағы.

Білім алушылар "Тіршілік", "Гауһартас", "Талақан186", "Социализм зəулімін" сабақ барысында талдап жатыр...

Сол шығармалардың өзін осы жерде қудалап, "Көкнар ішеді " деп. Сонда Мәскеу емес, орыс емес Қазақтар. Репрессия жылдары Қазақстанда 22 000 адам атылған, Өзбекте 14-ақ адам атылған. Бəрі өзімізден. "Жүз жылдық махаббат" спектаклін көрдің бе?

Көрдік. Көрдік. "Қап... Əттең өзіміз екенбіз ғой!" деп қайтқанбыз.

Міне сондағы Мағжан ағайды атқан өзіміз екен ғой. Мәскеуден хат келген Мағжанға не істейміз дегенде "Мағжанның тағдырын өздерің шешіңдер. Ол жөнінде Үштіктің қаулысы жоқ. Соттайсыңдар ма, босатасыңдар ма өздерің біліңдер" дегенде, Мәскеуге біз қайтадан хат жазғанбыз "Сіздердің бұларыңыз дұрыс емес. Мағжан атылуы керек." дедік. 1924 жылы Жазушылар Одағының қаулысы бойынша жəне Мəскеудегі "Бірлік" ұйымының шешімі бойынша Мағжан кім? "Мағжан-понтюркист", "Мағжан - Жапонияның финионы", "Мағжан - байдың тұқымы", "Мағжан-ұлтшыл", "Совет өкіметіне қарсы" деп айып тағып, Үштіктің қаулысын өзіміз сұрап алғанбыз Қазақстан Жазушылар Одағы. Мына "Тіршілік" үшін сол баяғы Кеңес өкіметі болмағанда Қазақтар мені де аттырып жіберер еді. Пленумда баяндама жасады "Дулат Исабеков жасампаз қоғамымызда белсенді кейіпкерлерді алмайды. Оларды жазбайды. Ылғи да көкнаршы, дуана, сүйекші, мола қазушыларды жазады." деп... Соның өзі жеткілікті еді атып жіберуге. Қайта Мəскеу бір жағынан құтқарып та қалатын. Бес жыл бойы менің кітабымды баспай қойғанда Мəскеуге бардым. Советский писатель баспасының директорына. "Понимаю вас, понимаю" деп, ол кезде ол директорға кіру қиын, үш-төрт күн күтіп жаттым. Ол да біраз аяғын тартыңқырап қалды да осындай Қазақстанның өзі сөйтіп жатса біз қайтеміз дегендей... Редакторды Орнольд Осфолдович Там деген кісіні шақырып алып оқы "Алдымда Қазақ жазушысы отыр, оны ана жақта ренжітіп жатыр. Марихуаноны жазған Кеңес өкіметінің алғаш жазушысы. Осы мәселені шешіңізші. Кітапты алып оқып оқып көріңіз" деді. Содан кейін сол редактордың кабинетіне келдік. Надежда Григорьевнаны шақырды. Қателеспесем редакторым сол болуы керек. Соған тапсырды. Содан мен келдім дағы ол кезде аударылған жоқ шығармалар. Ақша төлеп аударатынбыз. Осы күнге шейін ақша төлеп аударғызамыз ғой. Жылдам жасатыңыз да бізге жіберіңіз деді. Повесттерімді жылдам жасатып Мəскеуге жібердім. Бірақ үмітім аз болған. Ойладым қалайша менің кітабым басылмай кетеді деп... Оның үстіне Мәскеуде бастырмасаң сенің кітабыңды ешкім мойындамайды. Əлі де сол ғой. Сөйтіп сегіз айдан кейін хат келді. Олар рецензияға беріпті. Үш рецензияға. Үшеуі де қуанышты пікір жазыпты. Əсіресе тапсырып берген ғой "Тіршілікті" қатты көңіл бөліп оқыңыздар деген. Олар соған қатты көңіл бөліп оқыған. " Мұнда артық ештеңе жоқ. Автор жол айырығындағы адамдардың адасуын жазып отыр. Бұл адам тағдыры." деп сонымен олар 1979 жылға жоспарлап, кітабыңызды аударуға кірісеміз деді. Сөйтіп 1979 жылы кітап болып шығып кетті баспадан. Содан кейін үлкен мақала басты. Қазақ әдебиеті туралы бірінші көлемді мақала жазды. Оның көлеміне шек қоятын бұрын. Сөйтіп соған "Цена доброты" (Мейірбандық бағасы) деген үлкен тақырыппен мақала жазып мені бəрінен құтқарды да жіберді.

Қазір ҚХР да өнер көрсетіп жатыр ғой Димаш Құдайберген. Қазақ Қазақты мойындауы үшін оны əлем мойындауы керек пе деген ой келеді. Оған дейін сахнаға шығып жүрсе де мойындаған емеспіз ғой!?

Иə, мойындамаймыз ғой! Ол бір. Біз ешнəрсені өзімізше мойындамайтын халықпыз. Мен биыл 75-ке толамын. Осыған анық көзім жетті. Шетелде пьеса қойған жалғыз мен ғана. Бұл қуанышты ме, өкінішті ме? Мен үшін өкінішті. Неге осы уақытқа дейін жалғыз мен ғана қойдым? Қайда біздің басқа авторларымыз? Соншалықты жаман шығармалар жазған жоқ еді. Содан кейін бізде мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмайды. Тіпті мен алғаш рет Петербургте пьессамды қойдым. Қайтып келгенімде бір селт етіп қуанып қолымды алмады. Тек қана мемлекет емес, шенеуніктер емес, қатар құрбыларым. Тіпті өзімнің айтуыма тура келді. Мен осындай барып келдім деп... "Əəə" деді дə қойды. Одан кейін Ресейдің көп театрында қойылды ғой. Петербургте екі театр қойды. Онда да селт етпеді адамдарымыз.

Біліп отырған шығар?

Білгенде қандай. Біліп отыр. Тіпті бір дастарханда отыр тойда кездесіп қалдық, сонда ешкім ештеңе демеді. Мен ойладым əй мынау Талғарға барып келсем де сұрайды ғой "Талғарға неге бардың? Қалай екен деп " (күліп). Əдейі "Петербургке неге бардың?" деп сұрамады. Ар жағында айтылып кетейін деп тұр да. Ол енді Петербург. Енді кезекте Лондон.

Кэмбридж университетінде "Өкпек жолаушының" тұсаукескері болды. Қалай барып қайттыңыздар?

Иə. "Өкпек жолаушыны" театрда қойды. Оны орыс газеттерінде жазып шығарды. Қазақ газеттеріне айтқанбыз "Жас Алаш" газетіне неге шығармағанын білмеймін. Айттым Қазақ пьессалары күнде Лондонға шығып мезі қылған болуы керек. Сендер тіпті мəн бермейсіңдер ғой дедім. "Қазақ Əдебиеті" газеті де жұмған аузын ашпады. Қайта Оңтүстік газеті бір бетке айқайлатып тұрып берді. Одан кейін Лондондағы Лордтар палатасына барып халықаралық сыйлық алып келдім. Тағы да Лордтар палатасында тұңғыш рет сөз сөйлеген Қазақтың жазушысы менмін. Оны да айтпады. Тіпті Астанаға барғанда шенеуніктерге сөйлесіп тұрып Лондонға барып келдім, пьессам қойылды деп айтсам, əшейін жəй ақпарат сияқты қабылдай сала телефонмен сөйлесіп отыра береді. "Ой жақсы болыпты ғой! Тұңғыш рет Қазақтың абыройы ғой!" десе қуанасың. Ал бірақ кетіп бара жатқан кезімде Президент қабылдаған резиденциясында. Ол кісі естіп қуанды. Мұның жақсы болған екен. Сəт сапар деп сағатын берді. Сол кісіден басқа ешкім қуанған жоқ.

Кітап оқымайтындығынан да болар бүгінгі қоғамның?

Оқымайтындығынан емес қызғаныштан. Көре алмаушылықтан. Сөйтіп ойлады дағы, бірақ ол туралы да пьесса жазып қойдым ғой. "Тор" деген Булгаков жайлы "Сталиннің репрессиясынан аман қалған Булгаков, қызғаныштың репрессиясынан аман қалмады". Қызғаныш түбіне жетті, қатты қайғырды. Газеттер қуанып тұрып жазды. Жақын арада қаулы бойынша Булгаковтың барлық пьессалары қойылады. Құттықтаймын сізді деді. Нобель сыйлығына ұсынылып кетеді деген сияқты... Соныменен, ал қызғансаң тағы дегендей мен тағы бара жатырмын. 1-қазан күні Лордтар палатасының акті залында менің 75 жылдығымды атап өтеді. Қазақстаннан бұрын.

Жиырмасыншы желтоқсанда иə, туған күніңіз? Бірақ біз əлі бастаған жоқпыз ешқандай құттықтау іс-шараларын..

Қазанға ауыстырып алдым. Тағы да ауыстырамын ба деп жүрмін.

Неліктен ?

Шаршатады бір күнде. Біздің де туған күніміз белгісіз ғой (күліп). Метіркенің өзін екінші сыныпта жүргенде алып келіп берген ағам. Ол қайдан біледі. Ол кезде соғыс қайнап жүріп жатқан кез. Жоқшылық. Ауылда үйде туған. Калхозыңда медпунктте жоқ. Шешем жалғыз бес баламен. Əкем соғысқа кетіп қалған. 2014 жылы тұңғыш рет "Бір драматург" деген фестиваль өтті 70 жылдығымда. Он екі театр келді, алты театр өзімізден (М.Əуезов, Лермонтов, Жастар орыс театры, Кəріс театры, Қарағанды жəне өз облысымнан Шымкент театры), алтауы шетелден (Петербург, Омск, Тәжікстан, Башқұртстан, Болгария т.б) келді. Енді сол сияқты бұлар да өткізейін деп жатыр. Лондонда 75 жылдығымның құрметіне. Көп нəрсе қаржыға келіп тіреледі ғой. Үш театр баратын болды М.Əуезов "Жаужүрек" спектакльімен, Кəріс театры барады. Содан кейін үші күні "Аққу жүрекке" примера басталады. 4,5,6,7 сі төрт күн қойылады. Сонымен қайтамыз. Қазірге осылар жасап жатқан тірліктеріміз. Түсінетіндер қуанып жатыр. Барам десеңдер барыңдар. Өзбектер, Армияндар, Грузиндер көшіп барады. Біз тек қана мақтанумен ғана келе жатырмыз. Пиар, пиар, пиар. Бəрінен оздық. Бəрінен алдамыз. Ал шетке шығып қарасаң ондай емес секілді. Лондонда мені БИБИСИ ге шақырды. Сөйтсек барлық Республикалардан редакциялар бар дə, Қазақстаннан жоқ. Қайда десем "Біз көбінесе орысша сөйлейміз. Сондықтан Ресей арқылы біле береміз" деп кетіп қалған. Бүкіл басқаруда өзбектер. Жаңағы менің спектакльімнің режиссері өзбек жігіт – Юлдаш Жорабаев. Сол жігіт Ташкентке спектакльді алып келді. Бардым, екі күн көрсетті. Өте жақсы. Ағылшын тілінде жүрді. Зал толы өзбектің жастары. Оңтүстікке барып айттым 300шақырым жерге Лондоннан келді, шақырайық өздері асығыс көп нəрсе де күтпейді олар, ондайға үйренбеген дедім. Ешкім елеген жоқ. Пушкиннің мынадай сөзі бар "Черт догодал, с таким талантом, умом родится мне в Россий" деген, қай сайтан азғырып осынша талант беріп, ақыл парасат беріп мені Ресейде туғызған деген сөзі ғой енді. Пушкиннің өзі солай дегенде біз қалай боламыз? Сонда айтып ем "Орыс болып тумаған екенмін, грузин болып тумаған екенмін, ең жоқ дегенде өзбек болып тумаған екенмін" дедім. Осыдан кейін бізді əлем қалай танысын? Лондонға кітапханада болдық. Қазақстаннан менің "Гауһартас" деген кітабым ғана бірінші орынға ие болды. Біреу-ақ. Абай жолы тұр оны да "Мəңгілік сақтаудан" алып тастаған, себебі Мəскеудің "Прогресс" баспасынан шығыпты. Қ. Мұхамеджановпен Ш.Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуі" тұр. Бұл ағылшындар қазір принцип қойды Англияда шыққан Англияда тұратын жазушының аударған кітаптары ғана "Мəңгілік сақтауға" қоямыз деген.

Қазіргі таңда фильмдерге сценарий жазып жүрсіз бе? Дайын болғаны қаншалықты көңіліңізден шығуда?

Фильм түсіріліп жатыр Жаужүрек жайлы Балуан Шолақ. Сценарийін өзім жаздым. Орысшаға өзім аудардым. Енді басталады, жер қарайды күн ысыды. Күзге дейін түсіріп бітіресіңдер деген тапсырма алды олар. Қаржы жағы əдеттегідей. Ахан Сатаев "Томиристі" түсірейін деп жатыр екен. Оның əрі продюсері, əрі сценарий авторларының бірі Ə.Назарбаева. Қаражат соған кетіп жатыр деген сөз. Бір проект екі сағаттан аспауы керек екен, біздікі төрт сағат болып кетіпті. Қысқартып реттедік. Біздің режиссерларымызда дегенмен əдебиетші емес қой. Ең керекті жерін алып тастайды дə. Əттең өзіңнің ішіңнен шыққан дүниенің бəрін түгел экранға шығара алмайсың. Фильм желісі былай басталады «Орыстар бізді "Бұлардың бəрі жабайы" деді ғой енді. Долгоносовтың он жеті жасар қызы оқып жатқан. Осы он жеті жасар қызды Балуан Шолақ алып қашады. Шарт қояды "Елімді ,əке шешемді босат. Əйтпесе қызыңды тірі көрмейсің" деп. Қыздың ойында қазақтар жабайы, аман қаламын деп ойламады.»

Қазақтың тектілігін, болмысын танытатын кино болмақ қой демек?

Иə. Сондай бір Ұлттық нəрсе жасағым келіп отыр дə. Олардың санасына біз оқымаған, жауыз, қарақшы көрінгенбіз ғой. Бірақ ол жерде ешқандай жауыздық болмайды. Үйреніп, Балуан Шолаққа ғашық болып қалады. Əңгіме барысында 900 жыл бұрын Мөңке ақын жайлы айтып, қыз 900 жыл алдын ақын болғанына таңданып. Жалпы алып қашқаның жақсы болды. Əйтпесе өмір бойы дұрыс танымай өтер едім дейді. Балуанға сен маған үйленер ме едің дейді. Оған Балуанның жауабы "Сенің жолың шіркеуге апарады, менің жолым мешітке апарады. Жолымыз екі бөлек. Өмір бойы əкеңнің айдауында жүретін, мойнынан құрық кетпейтін адаммын. Сен тазасың. Өміріңді қор қылма." деп айтады. Орыстар Балуанды өлтірмек болып ақылдасқанда, қылмысты біреудің қолымен жасау керек деп Балуанның Ғалиямен кездесіп тұратынын Ғалияның күйеуіне айтып, соған өлтірту керектігін ақылдасады. Балуанға қыздың əкесінен хат келеді. Барлық шартқа келісетінін жазады. Осы жерде Балуанды атуға келеді. Ар шетінен Долгоносов келеді. Балуан деп жүгіріп келгенде оқ қызға Татянаның кеудесіне тиеді. Балуанның иығы да жараланады. Татяна сол жерде өледі. Бір топ əскерлер Ғалияның күйеуі Кəрімді жəне жанындағыларды байлап əкетіп бара жатыр. Долгоносов өз қызын өзі өлтіргендей халге душар болды. Сонымен осылай бітеді.

 Сіздің шығармаларыңыздың көбі дерлік бəрі трагедиямен аяқталады. Неге солай?

Трагедия болуы керек қой. Комедияның өзі трагедия. Өмірдің өзі трагедия.

Əдебиетті қазақ тіліне қосып тастайды деген сөздерді естіп жатырмыз. Бұл қалай болмақ?

Ойпырым-ай бір шатақ шығарады да тұрады. Қысқасы мен Тәуелсіздік алғалы бір қуанатын оқиға болмай келе жатыр. "Мұнысы несі?", "Мұнысы несі? деп өкінумен келе жатамыз.

Егер менің қолыма мынадай конверт түссе, сыртында "Қазақтың Ұлы жазушысына" деген жазуымен. Мен оны ашпай бірден сізге алып келіп берер едім. Ал осындай конверт сіздің қолыңызға түссе, сіз оны кімге берер едіңіз?

Қазақтан ба? Əуезовке берер едім.

Қазіргі көзі тірі кісілерден кімге берер едіңіз?

Бар кісілерден берейін десең, келесі шығармасы далбаса болып кетеді. Мұхтар Мағауинді айтайын десем "Мен" деген романы бар. Тек "Мен", "Мен", "Мен". Бəрін жоққа шығарады. Енді Шахановта өзін-өзі көп қайталап кетті. Жұртты өзіне қарсы қойып алатын жері бар. Атайтыным Қабдеш Жұмаділовті жақсы жазушы дер едім.

Қоғамға, қазіргі жастардың қалыптасуына не керек ?

Енді Мағжан айтып кеткен "Мен жастарға сенемін!" деп, Абай айтып кеткен "Мен жастардан қорқамын!" деп... Жастарымыздың дұрыс жолға түсе алмай келе жатқанына біздің осы өміріміз, саясатымыз кінəлі. Бірақ бəрібір біздің жастарымыз асау ғой олар. Өз дегендері бар. Мен талай кездесу өткіздім. Білімді, маған өте ұнайды əйтеуір ойлары бар. Біздің кезіміздегі жастардан көрі қазіргі жастар білімді. Білімді жастарды өзімнің немерелерімнен көремін.

Балаларыңыз сіздің жолыңызға түсті ма?

Жоқ. Керегі жоқ. Бір үйде екі жазушы деген не ол? Екеуінің біреуі мықты болады. Тарихта бар ғой "Əкелі-балалы Дюма" деген. Бəрібір Александр Дюма жоғары. Бұндайлар көп. Таразыға салынып қала ма деп баларымның жазушы болғанын қаламадым.

Қарғын романы аяқталмай қалған сияқты. Жалғасы жазылады ма?

Жетеді сол. Болды ол. Жерге түскеннен кейін. Ар жағын жазудың керегі жоқ.

Өкпек жолаушыда жазғансыз "Əрбір əйел танылмаған планета" дегенсіз. Бұның құпиясы неде?

Əйелдің жаны əрқашан танылмаған планета ғой. Дүние жүзі ғалымдары жиналып ғарыштың сырын ашуы мүмкін. Ал жəй ғана қарапайым кемпірдің сырын аша алмайды. Көзім жетті ғой. Əсіресе жоқшылық кезде адамдардың құпиясы көбірек ашылады екен. Тоқшылық кезде білінбейді ғой, бəрі жақсы күліп ойнап жүреді. Бірақ барлық əйел жеке басына қайғылы. Ауылдағы кемпірлерді көргенде, ештеңе білмейді деп қарасаң, бір күні бір кемпір өлең айтып кеп жібергенде "Біз соғысты көрген жоқпызда" жаздым, ана Қатша кемпір де өлең айтты. Япыр-ай, не деген өлең, не деген дауыс, не деген сөз?! Ана жаман шапанның ар жағында жатқан кəрі кеудесінің ішінде қашаннан бері сақталып жатты бұл əн, жұрттың бəрі жылап өлең айтқанына. Ай, қараң кемпір. Қанша арманға толы, қанша үміт, қанша нəзіктік, қанша қасірет сондай өлеңді айтқанда жұрттың бəрі "Қайдан шықты мына əн?" деп, "Күнде көріп жүрген кемпір еді ғой!" əн шығарып, өлең айтады деп еш уақытта ойламайсың.

Сіздей тұлғаны дүниеге əкелген əйел туралы білгіміз келіп отыр. Анаңызды қаншалықты тани алдыңыз?

Анам жоқ қой менің. Ол кісі алтыншы сынып оқитын кезімде қайтыс болған. Өзі ауқатты кісінің қызы болған екен. 1920-25 жылдарға дейін мұсылмандық оқу тоқталған жоқ қой. Анам Əптиекті бітірген екен. Исабекке қалай жолыққанын білмеймін. Біз кішкентаймыз құранның бəрін айтып отыратын. Қазіргі оқып жатқан молдалардың оқығандарының барлығы Əптиектің деңгейінде ғана екен ғой. Молдалар құран оқыса анамның айтқандарының бəрі еске түседі. Біразы есімде де қалды. "Сүйекшідегі" сөздер апамның айтқан сөздері. Ылғи айтатын "Жаяу жалғыз жүресің, далада қонып қалуың мүмкін айдалада. Сол кезде өз иманыңды өзің үйіріп жат, арам өлмес үшін" дейтін. Осы бір шумақты айтсаңдар да болды дейтін.
"Жаттым, жаттым жан аула,
Тұрғыза гөр Ин Ша Алла.
Тұрғызбаса Ин Ша Алла,
Ли Иллаха илла Алла" осыны дуана кемпірдің сөзіне келтірдім.
Ол кісі ешқандай жақсылық көрмей кетті. Кеше ғана басына барып құран оқып қайттым. Есімі Күміскүл. Бесінші курста "Бекет" деген кітабым шықты ғой алғашқы. Соны анама арнағанмын "Бейнет көріп, зейнет көрмей кеткен марқұм анама" деп. Тек қана үлкен əпкемнің күйеуге шыққанын ғана көрді.

Отбасыда көп балалысыздар ма?

Бесеу. Екі əпкем, екі ағам. Екеуі де араға бір жыл салып 79 жасында 6-наурызда қайтыс болған. Оның алдындағы екі əпкемде 79 жасында 6-наурызда қайтыс болып кетті. Енді кезек менде. Солай ол. Менен басқа ешкім жоқ (Əзілдеп, күліп).

Ой – ой! Олай айтпаңыз. Өмірдің өзі - трагедия дегеніңізбен сізден болдым, толдым деген сөз естіп отырған жоқпыз. Тек алға қарай жүруден шаршамағаныңызды байқап отырмыз.

Өмірдің өзі - алға қарай ұмтылыс қой. Анаңнан туғаннан бастап, алғашқы күлуіңнің өзі ұмтылыс, алғашқы еңбектеуің ұмтылыс, ойыншыққа қолың созу ұмтылыс, тəй-тəй басуың ұмтылыс. Сол ұмтылыс басталады. Өле өлгенше ұмтылыс қой. Сөйтіп - сөйтіп өмірден өтіп кеткеніңді білмей қаласың. КазГУде оқыдым ғой. Қазір ол мен сабақ беретін Жүргенов академиясы. Бəрі өзіміздің кешегі аудиториялар. Біздің балалар төменде не жоғарыда жүрген сияқты, бір жерден шу етіп келетін сияқты. Былай қарап тұрсаң кішкентай ес білген сəттен бастап өмір сүріп келе жатырмын. Не деген бітпейтін тіршілік деп қоямын. Не деген ұзақ... Еенді бір ойлайсың, кеше ғана еді ғой не деген қысқа дейсің. Біреу жүзден асқан кісіден сұрапты "Жүзден астыңыз, арманыңыз бар ма? " деп "Əəй, жүзді де ұзақ деп отырсыңдар ма? ЕСІКТІ АШЫП ЖАПҚАНДАЙ ҒАНА БОЛДЫ ҒОЙ!" депті. Біреулер "Қамшының сабындай, Көзді ашып жұмғанша" деп жатады ғой. "Есікті ашып жапқандай болды ғой" деген қандай əдемі теңеу.

Сұхбаттасқан: Балжан Ақылбек Бертайқызы

Пікірлер