Жапониядағы жер сілкінісінен 30-ға жуық адам қаза тапқан

1182
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Жапонияның батыс жағалауындағы Ното түбегінде болған күшті жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артуда. Жапонияның премьер-министрі Фумио Кишида 2 қаңтарда құрбандардың көп екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жергілікті биліктің мәліметінше, кем дегенде 30 адамның қаза тапқаны расталды. Ең үлкен қирау Исикава префектурасының Вадзима қаласында болды. Ол жерде 100-ден астам үй өртеніп,  біразы қирады. 13 сағат өтсе де тұтанған өртті толық сөндіру мүмкін болмады.

NHK телеарнасының хабарлауынша, қалада сегіз адам қаза тауып, кемінде жетеуі ауыр жараланған. Аймақта іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, 1 қаңтарда Жапонияның орталығында магнитудасы 7,6 балды құрайтын жер сілкінісі болды.  Жер сілкінісінің ошағы – Ното түбегі. Дегенмен, Жапония астанасы Токиоға жақын жерде, шамамен 400 шақырым қашықтықта үйлердің дірілі сезілді. Жер асты дүмпулері көшкіндерге, жол жабындарының жарылуына, ағаштар құлауына әкелді.

Премьер-министр Кишиданың айтуынша, көлік жолдары бұзылғандықтан түбектің солтүстік бөлігіне жету қиын. Құтқарушылар оқшауланған аймақтарға теңіз арқылы жетуге тырысады.

Жер асты дүмпулері сейсенбі күні таңертең де жалғасты. Жапония метеорологиялық басқармасының мәліметінше, дүйсенбіден бері барлығы 155 жерасты дүмпулері тіркелді. Метеорологтар апта ішінде, әсіресе алдағы екі-үш күнде күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертеді.

Пікірлер