Қазіргі саясатпен халықты 5-6 жыл алдауға жарайды

2733
Adyrna.kz Telegram

Негізі Қазақстандағы болуы мүмкін өзгерісті екі сценарийге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, кадрлық және мемлекетті басқарудағы ішінара менеджменттік өзгерістер жасау, саяси жүйені сәл де болсын түрлендіру, елдің өз ойын айтуына жаңа платформалар құру, бірді-екілі жаңа саяси партиялардың құрылып, кейбір партияларды түрлендіріп, сайлау мен БАҚ туралы жаңа заң қабылдап косметикалық реформа жасау.

Екіншісі, системаны өзгертетін түбегейлі, күрделі өзгерістер қадамын қолға алу. Менің ойымша күрделі өзгерістер болуы үшін Елбасы мен оның отбасы толық саясаттан кетуі қажет. Сенат жойылып, Мәжіліске бәсекелі саяси жүйеде xалық даусын иеленген саяси партиялар келуі керек. Қазіргі жүйе тұрғанда Мәжіліске бірді-екілі жаңа партиялардың келуі ештеңе шешпейді. Бірақ, xалықты 5-6 жыл алдай тұруға жарайды. ПМ сол Парламенттік сайлауда жеңген саяси партия жетекшісінен сайлануы шарт. Министрлер кабинетін де сайлауда жеңген партия жасақтауы керек. Сауатты, білікті оппозиция билік партиясының әрбір қадамын жіті бақылап, келесі сайлауда xалық даусын көбірек алып, билікке келуге жұмыс істейтін толыққанды бәсекелі саяси жүйе орнауы шарт.

Менің ойымша Қазақстан жоғарыда аталған бірінші жолды - косметикалық реформа мен өзгерістерді таңдайды. Оған бірнеше себептер бар. Біріншісі, Елбасы институты өте күшті. Ашығын айтқанда елді сол кісі басқарып отыр. Алдағы 4-5 жылда Тоқаев қаласа да (қалайтынына күмәнім бар) билікті толық қолына ала алмайды. 30 жылғы инерцияның күшін тоқтату қолынан келетін лидерді мен ол кісінің бойынан көріп тұрғаным жоқ. Екіншісі, xалықтың саяси мәдениеті мен ой-өрісі күрделі саяси реформа жасауды талап ететін деңгейде емес. Қоғам әлі лидер іздеп жүр. Ол лидерді қазіргі саяси жүйе шығармайды. Бүгінгі кейбір ел сенген қоғам белсенділерінің ұсынып отырған реформа жолдарының мағынасы да косметикалық реформа сипатында. Азаматтық қоғам жеткілікті дәрежеде белсенді болып, осы елдің егесі өзі екенін сезініп, өркениетті идеяның төңірегінде топтасуы уақытты талап етеді.

Бауыржан Серікбаев

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер