"Назарбаев ескерткішіне түкіргеннен де зорын жасадық" деді адамдар – Сандуғаш Дүйсенова

3204
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасында Талықорғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылып, қайтадан орнына қойылған жоқ. Оқиға тұсында және одан кейін де осы сурет әлеуметтік желі мен ақпараттық ресурстарға кең тарады. Аdyrna.kz отыз жыл бойы елді басқарған қайраткердің құлаған  ескерткішін суретке түсірген журналист Сандуғаш Дүйсеноваға хабарласып, оқиғаның жай-жапсарын сұрады.

Бүгін 5 қаңтарда Қазақ елі тарихындағы ең ауыр трагедия, 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасына 2 жыл толды.

2022 жылы 5 қаңтарға ауған түні Талдықорған қаласында наразылыққа шыққандар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Бұл ескерткіш 2016 жылы өңірді, яғни Алматы облысын Амандық Баталов басқарып тұрғанда, Тұңғыш президент күні қарсаңында тұрғызылған болатын. Мемлекеттік символдар алаңына қойылған ескерткіш Қаңтар оқиғасында құлатылғаннан кейін қайтадан орнына қойылған жоқ.

Қасіретті Қаңтар кезінде осы ескерткішті құлатқандар оны алдымен дарға асып, соңынан үстін былғап тастады. «Назарбаев даңғылы» деген табличканың фонында құлап жатқаны сурет деректі фото жанрындағы үздік туындының біріне айналды. Сол сурет кейін фотография, деректі фото жанрындағы курстарда үлгі ретінде жиі ұсынылатын болды. Бұл суретті авторы "Дәуір аяқталды" деп атапты.  

«СІЗДЕРДІ ҚУДАЛАМАСЫН ДЕСЕҢІЗДЕР, ӘРІ ҚАРАҢЫЗДАР»

Сол суретті түсірген жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің құлауының символикалық мәні жоғары болған.

- Нұрсұлтан Назарбаевтың құлаған ескерткіші қаңтардың 5-сі күні кешке жақын түсірілді. Талдықорған қаласындағы Абай көшесінде Назарбаевтың ескерткіші мен қалалық әкімшіліктің ғимараты орналасқан.  Абай мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында Талдықорғанның ең басты алаңы басталады. Сол алаңға кіре берісте Назарбаевтың ескерткіші жерде құлап жатты. Елдің бірінші президентінің ескерткішін жұлып алып, лақтырып тастайды деп кім ойлаған? Сол кездерде интернет жоқ болды. Сондықтан да оны ешкім білген де жоқ. Біз кешке жақын келгенде сағат 16:00-де жиналғандарға газ шашып, қуған екен. Ал біз ол жерге кешкі сағат 19:00-20:00 мөлшерінде бардық. Сол барған кезде ескерткіш жерде жатыр екен. Журналист болғаннан кейін суретке түсіруім керек қой, дұрыс па?

Қарасам, 4-5 жігіт қарап тұр екен, оларға «Жігіттер, мен қазір суретке түсіремін. Ертең сіздерді қудаламасын десеңіздер, әрі қараңыздар» дедім. Жігіттердің бәрі әрі қараған кезде өзіме керекті ракурсты алдым да түсіріп алдым, - дейді журналист Сандуғаш Дүйсенова.

«ЖҮРЕГІМ АУЫРЫП КЕТТІ»

Журналист мынандай қызық жайтты да айта кетті.

- Ескерткішті ұстайын деп ем, сол жерде тұрған адамдар «Тәте, ескерткішті ұстамаңыз, біз бәріміз бетіне түкірдік» деді. Мен «Түкіргендерің не?» деп ем, «Ой тәте, түкіргеннен зорын жасадық» деді. Өздеріңіз түсініп тұрсыздар ғой, не істегенін?.. - деп еске алады журналист.

- Бір шетінен жүрегім ауырып кетті. Бұл Назарбаевтың дәуірінің біткеніне емес, біздің ескерткіштерді құрметтемейтінімізге жүрегім ауырып кетті. Шет елге жиі барамын, өркениетті елдер бұрынғы президенттерінің ескерткішін құлатқанын көрмеппін. Мысалы долларда АҚШ-тың бірінші, екіншші президенттерінің бәрі тұр ғой. Егер ескерткішті құлататын болсақ, онда неге орнаттық?! - дейді ол.

Журналист кейін экс-президенттің құлаған ескерткішін инстаграм әлеуметтік желісіне салғанын айтады. Себебі ол Қаңтар оқиғасы біткенше VPN арқылы интернетке кіріп, Талдықорғанда, жалпы Қазақстанда болған жағдай туралы хабар таратқанын еске алды.

«МЕН ҚОРҚУЫМ КЕРЕК ЕДІ»

Сандуғаш Дүйсенова Қаңтар оқиғасы кезінде қорқып, үрейленді ме? Жалпы қандай көңіл-күйде болды?

- Мен қазір Қаңтар оқиғасын еске алсам, қобалжып отырамын. Мен қаңтардың 4, 5, 6, 7 күндері қорыққан жоқпын. Мүмкін маған сенбейтін шығарсыздар. Кейін «Мен сол кезде неге қорыққан жоқпын» деп ойлаймын. Негізі мен қорқуым керек еді. Бір қызығы «Мәссаған. Не болды мынау?» деп мен 8 қаңтар күні қорықтым ғой. Өзім үшін емес, «болашағымыз не болар екен?» деп ел үшін қорықтым. Қаңтардың 4-і күні шеру бейбіт өтті. 4-і күнгі оқиға мен 5-і күнгі жағдай жер мен көктей болып кетті. 4-і күні халық шығып, өзінің көкейінде жүрген мәселелерді айтты. Бірақ 4-і күні сағат түнгі 23:00-де «Шал кет» деген ұран басталды. Сол кезде мен «перехват басталды» деп ойладым. Саяси терминде «наразылықтың жолын кесу» деген болады. Бір топ халықтың бейбіт шеруін ұрлап кетті, өз мүддесіне пайдаланып кетті, - дейді Сандуғаш.

 - Қаңтар оқиғасынан  бері екі жыл өтті, жұрт даусын жеткізуге тырысты бірақ, әдеттегідей, оларды ешкім тыңдамады! Мен түсірген фотосурет Назарбаевтың автократиялық елдің көшбасшысы ретіндегі дәуірінің аяқталғанын білдіреді. Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Олар билікті ауыстыруды, тікелей муниципалдық сайлауды қайтаруды, саяси элитаны ауыстыруды және ұрланған капиталды елге қайтаруды талап етті. Негізі, жеке культке айналған тұлғаның өз ескерткішінің орнатылуын да және оның құлауын да көруі өте сирек жағдай, - дейді журналист.

Журналистің әйгілі суреті «Дәуір аяқталды» деген атпен кең тарап кеткені белгілі.

2022 жылы Сандуғаш Дүйсенова осы суреті үшін MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауында «Уақыт көрінісі» фотономинациясы бойынша бірінше орын иеленді. Сол кезде кейбір азаматтар журналистке «Назарбаевтың құлаған ескерткішін біз де түсіргенбіз» деп айтқан екен. Алайда олар экс-президенттің құлаған ескерткішін қорқып өшіріп тастаған көрінеді.

Сандуғаш Дүйсенова – Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тұрады. Ол даулы мәселелерді жиі көтереді. Сол үшін қысымға алынған кездері де аз емес. Былтыр тіпті бірнеше күн абақтыда отыруына тура келген. Бірақ соңынан оған тағып айып дәлелденбеген соң босап шыққан.

Ал Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда құлатылған Назарбаев ескерткіші қайтадан қалпына келтірілмеді. Тек жергілікті әкімшілік оның орнына Абай ескеркіші тұрғызылатынын айтқан.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасында Қазақстанның әр аймағынан 238 адам қаза тапты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жаппай тәртіпсіздік бойынша 1205 адам сотталып, 1095 адамға рақымшылық жасалған. Қайғылы жағдай кезінде 19 заң орындары қызметкері қайтыс болып, 3 мыңнан аса полиция және әскери қызметкер жарақат алған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыға 20 мың «террорист» шабуыл жасалғаны да айтылды. Алайда бұл ақпарат дәлелденбеді.

Қаңтар қасіреті жаңаөзендіктерді қолдаудан басталды. 2021 жылдың соңында, бір айда газ бағасы екі рет өсіп шарықтап кеткен кезде, Жаңаөзен тұрғындары бағаны 50 теңгеге түсіруді талап етіп, бейбіт митингіге шықты. «Газ елу! Газ елу» деген жиынның басты ұраны болды. Жаңаөзендіктердің бұл наразылығы Қазақстанның өзге де аймақтарында қолдауға ие болып, ірі қалаларға жайылып үлгерді. Оқиға кезінде 238 адам қаза тапты.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер