Германиядағы фермерлер бір апталық наразылық акциясын жариялады

1127
Adyrna.kz Telegram
Фото: Annette Riedl/dpa/picture alliance
Фото: Annette Riedl/dpa/picture alliance

8 қаңтар күні Германияда Неміс шаруалар одағы (DBV) ұйымдастырған наразылық апталығы басталады. Фермерлер үкіметтің ауыл шаруашылығына берілетін субсидияларды қысқартуға жоспарлағанына наразылық білдіруде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жалпы Германия бойынша фермерлердің 100-ден астам наразылық акциясы жоспарланған.

Көптеген аймақта көлік қозғалысы проблемалары күтілуде. Өйткені фермерлер демонстрациялар аясында тракторлармен жолдарды жабуды жоспарлап отыр. DBV басшысы Йоахим Руквид Германия тұрғындарын ықтимал қолайсыздыққа байланысты түсіністікпен қарауға шақырды.

"Біз наразылық акциясын бейбіт және демократиялық жолмен ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ біз тракторлармен қозғалғанда, бұл сөзсіз жол қозғалысының бұзылуына әкеледі", - деді Руквид Stern журналына берген сұхбатында.

Неміс фермерлері желтоқсан айынан бері жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр. 2024 жылы бюджетті үнемдеу аясында фермерлер дизельдік отынға жеңілдіктер мен салық жеңілдіктерінен айырылады. Германия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша, бұл шара бюджеттен жыл сайын 480 миллион еуро үнемдеуге мүмкіндік береді.

Кейін Германия Министрлер кабинеті өз жоспарларын түзетуге шешім қабылдады. Дегенмен, неміс шаруалар одағы ауылшаруашылық саласы үшін жоспарланған салықты көтеруді қабылдамайтындарын баса айтып, наразылықтарын тастамады.

"Бұл жоспарларды күн тәртібінен алып тастау керек. Біз өз ойымызды өзгертпейміз", - деді Руквид

Бірнеше күн бұрын фермерлер паромда вице-канцлер Роберт Хабекке тосқауыл қойған. Саясаткер демалыстан қайтып келе жатқанда, оны пирстанға ашулы наразылық білдірушілер күтіп алды. Хабек өз өкілдерімен сөйлесуді ұсынды, бірақ фермерлер оның ұсынысын қабылдамады. Полицейлер паромды ашу үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.

Германия үкіметі бұл оқиғаны қатаң айыптады. Өз кезегінде Германияның Ішкі істер министрлігі оңшыл экстремистік күштердің фермерлердің наразылығын өз мақсаттары үшін пайдалану әрекеттерінен сақтанды.

Пікірлер