Президент Тоқаев Нұрқаділовке туған ауылында ескерткіш тұрғызуға ұйғарды

2296
Adyrna.kz Telegram
Фото: бейнеден алынған
Фото: бейнеден алынған

Алматыда Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай еске алу асы өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматыда ас берілді. Жиын барысында саясаткердің өмір сүрген жылдарындағы естеліктері айтылып, туған ауылына ескерткіш қойылатыны да айтылды.

Еске алу жиынына Президенттің кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазған хатын оқып берді.

"Құрметті қауым! Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. "Тарих – таразы" деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", – делінген хатта.

Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов өмірінің соңына қарай оппозициялық саясаткер ретінде көпшілік есінде қалды. Ол сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынайтын.  2005 жылы өз үйінде белгісіз жағдайда қаза тапқан оның өлімінің сыры әлі ашылған жоқ. Ресми хабарларда "өз-өзін қарумен бірнеше мәрте атты" делінді.  15 қаңтар - саясаткердің туған күні.

Пікірлер