Серік Ақсұңқарұлы. Нomo soveticus. (Жаңа поэма)

5142
Adyrna.kz Telegram
facebook/Серік Аксұңқар
facebook/Серік Аксұңқар

 

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса, неге қалған?

(Қазақтың қара өлеңінен).

 

Автордан бір ауыз сөз

 

Қара жерден бауырын көтеріп, саналы адамға (лат. Homo sapiens*) айналған адам баласының дүниеге келгеніне  300 000 жылдай уақыт болып қалған екен.

 

Сол Homo sapiens-тің қалың бір тобы   ХХ ғасырда қаны бұзылып, Homo Soveticusке** (лат) айналды! 1917-ші жылы адамзаттың артта қалған бір бөлігі Ресейде Қазан төңкерісін жасап, Homо sapiens-тен бөлініп шығып,   Homo Soveticus (лат)  дейтін ұлыс құрды, ол ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін жаналғыш ірі державаға (СССР) атанып, өркениетті дүниенің зәре-құтын алып еді! Біз соның тірі қалған соңғы тұяқтары боламыз!

 

Бұл екі адамзат өкілінің ( Homo sapien- Homo Soveticus) арасы—жер мен көктей! Болмыс-бітімі, тіршілік-қаракеті мен дүниге деген көзқарастары да бір бірінен, мүлде, керағар, алшақ! Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезев, Мұхтар Мағауиндер Homo sapiens болса, Бейімбеттің Мырқымбайымен бірге ғұмыр кешкен біздің бәріміз де Homo Soveticus ұлысынан боламыз!!

 

Мына алдарыңызғы «Күнәдан арылу жыры» соның бір зары...

 

Пролог. Қазақстан– Қазығұрттың кемесі

 

Дүние—мұхит, тыншымайды неге осы,

Су патшасы Сүлеймен бе егесі?

Кетіп барам Күн түбіне жортам деп,

Қазақстан—

Қазығұрттың кемесі!

 

Уахап шығып оңынан,

Сайтан шығып солынан;

Түсіп кетті Қорқытымның қобызы,

Бекболаттың қолынан!

 

Тиегіне жел тисе де боздайды ол,

Қай-қайдағы қайғымды да қозғайды ол.

Сайтан көрсе, уахап көрсе, неге осы,

Одан сайын боздайды ол?!

 

Бұ дүние бізден-дағы озбақ бір,

Соңымызда сумаң-сумаң сөз қап тұр.

Қазығұрттың кемесінің үстінде,

Қазақстан Қобыз болып боздап тұр!

 

Жүзіп шықты Қазығұрттың кемесі!

Есін алып ессіз заман елесі,

... нығматуллин-мәсімовтер ойбай сап,

Жақтауына жармасып тұр неге осы?!

 

Жүрегі — тас, шерлі үні:

«Кет! - деп, - Түс!» -деп кіргізбей тұр ел мұны.

... Біреуі оның кіріп кетсе бұ жерге,

Тағы да ылаң болатыны белгілі...

 

  1. Homo Soveticus

 

Мен жұртымды ешбір елден кем көрмен.

Жетпісімде жасырайын немді елден?

Мен бір Мұңлық —

Абайменен Пушкиннің,

Арасында арып-ашып, сенделген...

 

Жаным бірге —

Ельциндейін ерлермен,

Пушкин —

Менің Жүрегімде жерленген!

Ауырғанда  Чехов Дейтін Докторға

Емделгем!

 

Өзге жұртты өзімнен де кем көрмен.

Бөлек менің Ресейім сендерден!

Шөжелерше ермен ертісбаев боп,--

Соңынан сұм империяның—

Жем берген...

 

  1. Сайтанның сайран салуы

 

Қазақстан—

Қазығұрттың кемесі.

Шұрық- тесік денесі.

 

Дүние—мұхит, тыншымайды неге осы,

Су патшасы Сүлеймен бе егесі?

... Жүзіп шықты Күн түбіне жортам деп,

Қазақстан—

Қазығұрттың кемесі!

 

Сақ сақ күліп кісіге,

Өңінен де шықпай, кіріп түсіне;

Адам дейтін бұ Қоғамдық Һайуанның аузыннан,

Сайтан кіріп барады жатыр

Ішіне!

 

Ерсілі-қарсылы жүріп құр,

Көктің бұлтын түріп бір,

Ішек-қарыннан төске өрлеп, миға шауып мерездей,

Әне, сақ-сақ күліп тұр!

 

Адамдықтан алап--тұл;

Қадамдарын санап бір,

Талтаң-талтаң жүрісі.

Тағы біздің...аузымызға қарап тұр...

 

Оңымда да асау толқын, соңымда.

Тағдырым—Тәңірі қолында.

Қазығұрттың кемесінде келем мен,

Гоммора мен Содам қалып соңымда!

 

Сартап қылып сананы,

Төрде отырған тексізі мен жаманы,

Алақ-жұлақ етіп екі көздері,

Кетті ме ұры-қарылардың заманы?!.

 

Мұрын ұшында тұр жаным,

Толқынға еріп, көкке шапшып жүр жалын:

Құлағына жетер ме екен қазақтың,

Кемедегі жырларым?

 

«Мына Сайтан—кім?!.»- деп қажып ел осы,

Абдырап жүр,  алабұртып неге осы?

Сойқан салып келе жатқан бұ-дағы,

Құрандағы Әзәзілдің елесі!

 

Бізбен бірге келе жатыр әріден,

Кегіменен, сойқанымен, кәрімен.

Адамзатты жек көреді ол, Қазақты,

Жек көреді, тіпті, соның бәрінен!

 

Сайтан, тағы «өрінегін»* құрып бір,

Өзіне өзі мәз боп, іштен тынып құр,--

Быт-шыт қылып, төбемізге шығып ап,

Әлі бізге сақ-сақ етіп күліп тұр...

*«Ел бұзылса құрады сайтан өрінек» (Абай).

 

  1. Ұлттық қор

 

Ұлттық қорда—көк қағаз,

Кімге таңсық оңың да?

Тістегеннің аузында,

Ұстағанның қолында.

 

Іштің!—құстың!

Же!

Болды...

Түйені түгімен жұтқандар,

Биені бүгімен жұтқандар—

Не болды?

 

Төрт құбылаң түгел ғой, қолды жайып, тіленбе:

Мағжан мен Абай жоқ бізден басқа бір елде!

Құрманғазы жоқ – бір елде,

Тәттімбет жоқ – бір  елде!

Ұлттық қорың, міне, осы!

Басқа қорлар бір түрлі...

Онсыз мына халықтың құрып кетуі мүмкін-ді...

 

  1. Ордалы жыланның ордасы

 

Қазақстан — Қазығұрттың кемесі.

Жетер жерге жете алмаймыз неге осы?!.

 

Жыланды тауы шілдеде-ақ  мұздай салқын-ды.

(Сескентіп сұсы күллі елді);

Бауырына басқан алтынды,

Ордалы Жыланның Ордасы, -дейді ел бұл жерді.

 

Бір жылан шығып інінен,

Жұтатын кезін санап бір;

Зақһарын шашып тілінен,--

Қадалып маған қарап тұр!

 

Таң қалдым, лағып сандалдым,

Тап болып тауда ылаңға.

Алты жасымда арбалдым,

Мен осы аяр жыланға!

 

... Жетпіске жеттім, жетпіс жұрттың орыны өшкенде,

Шығып бір әбден қордасы.

Соңымнан қалмай қойдың-ау,  қайда көшсем де,

Ордалы Жыланның Ордасы?!.

 

  1. Мынау біздің мырзамыз

 

Мынау біздің мырзамыз,

Қой ішінде құлжамыз!

Жұрт  алдында осы тұр, топ бастайтын көсем боп,

Сөз бастайтын шешен боп.

 

Түп атасы--тып-типыл,

Келтіреді күлкіңді,

Сөз  ұстаған биі жоқ,

Мал ұстаған байы жоқ.

Бір түрлі...

 

Жақсым осы болып тұр, жаннан бөлек реңі,

Бұ қашаннан дүр еді?

Құл мен күңнен жаралмай,

Қасқайып кіл қаракөктен туғандай,

Алшаң да, айхой,  алшаң да басып жүреді!

 

Е, алшаңда, алшаңда, өс балалап, өрле кеп,

Қандай тексіз қап еді,

Отырмаған біздің осы төрге кеп?!

 

"Арғы түбі-- Күлтегін, қойшы, тексіз демеші?!"-

Дейін десем мен осы;

Қаны түгіл бұ сапбаздың миында

О, сұмдық-ай, оның да жоқ елесі...

 

  1. Анкетадағы сотталдың ба деген сауалға жауап

 

Сол сауалдың шыққанына көп болған,
Соған жауап берсем деп сан оқталғам.
Ұры-қары жеті жылға кетсе егер,
Мен бақандай 70 жылға сотталғам!

 

Маңдайдағы соры қалың ұл ем мен,
Кіндік қаны, тағдыры да бір елмен.
АрхпелагГулаг дейтін бір жерге,
70 жылға мені де айдап жіберген!

Ұлы Дала ұланы да емеспін.

Туа сала  етекбасты боп өстім.

Тұтқыны едім Архипелаг Гулагтың,

(Әлі мені ақтап алған жоқ ешкім?!.).

 

  1. Екі боздақ

 

Украинаның аз көргендей көз жасын,

Кобзар Тарас өлі өлгенше боздасын;

Абайдан соң мына опасыз жалғаннан,

Мұндай  Мұңлық көрген жоқпын өз басым?

Қазақстан мен Украинаны, боздатпай,

Тәңірім-ау, сүртсеңші бір көз жасын?

Бір қайғыны бір қайғы кеп қозғаса,

Қайдан енді өрт тигендей қозбасын?!

Елі жүдеп, жері де азып, тозғасын,

Боздаса осы Екі Боздақ  боздасын;

Қос боздақтың көз жасына қосылып,

Теңіз болды - ау, менің-дағы көз жасым...

 

  1. Уа, аруақ!

(Империяның құлауы).

 

Империя құлайды өстіп бір күні,

Көкке жетіп жанұшырған дүркірі.

Қасиетті түгі жоқ қой мынаның?!

Қасіретті...

Күлкілі...

 

Күн тұтылды.

Таяуда әлі ашылмайтын сықылды?

Асқақ мұрат қалды аяқтың астында.

Құл мен құтан құтырды!

 

«Түк қалдырмай тау мен тастан, обадан,-

Тартып алған кім деп, сатып, тонаған?!"-

Аруақтар келе жатыр көшеде,

Атып шығып моладан!

 

Маңдайда соры бес елі.

Мына жұрттың сап боп қаңқу-өсегі

Аруақтар атып шығып моладан,

Кезіп келе жатыр, әне, көшені!

 

Мынау—ұры-қарылардың заманы,

Білмейтұғын ұят, обал, шаманы.

Отыз жылдай жеді Ұлттық Байлығын,

Миды жеді (бәрінен де жаманы...).

 

Сарайлары  Нью-йорк, Лондонда,

(Миллиардтаған құны бар!).

Тоқалының бірі—шекер, бірі—бал.

Еш елде жоқ, бізде ғана тұрады,

Ұлы мәртебелі ұрылар!

 

Олар ішіп, жегеніне шала мас,

Артына енді  қарамас?

... Алдында кеп абдырап тұр Алланың,

Қазақстан

Аш һәм тырдай жалаңаш...

 

  1. Алтынмен апталған сарайлар

 

Жаз айында суықтан отырғанда қалтырап,

Ішіп кеткің келеді баяғыдай... жартыны ап?

Нұрсұлтанда сарай  тұр көзімді арбап алыстан,

Пах!

Сүлеймен сұлтанның сарайындай жарқырап!

 

Мына шенеуігіңнің неткен жүйрік қиялы,

Ақын керек емес пе  бірге кезер қияны?!

Мен түгілі бұ жерге, он сан түмендерімен,

Фетиһ Меһмет Сұлтанның** өзі кірсе--сияды!

**Түрктің «Құдайдың қылышы» атанған жауынгер сұлтаны.

 

Шіркін, мына қарғамның басындағы ой қандай?

Феодализмнен келіп бір бізді қырып-жойғандай!

Ақылды бір атасы Алты Алашқа білдірмей,

Ақмоланың түбіне алтын тығып қойғандай!

 

Ата-баба-Атамекеннен жеріп құр,

Вокзалдағы бомждарға еріп бір,

Тоқсан тоғыз түмені, тоғыз қатыны бар,

Өтеген баһадұрдан туғанымды қайтейін?

...Ішіп кеткім келіп тұр...

 

  1. Мағжандардан кейін...

 

Мағжандардардан кейін тағы Күннің көзі қабарып,

Жатса ақындар жазықсыздан түрмелерге қамалып;

 

Шығып жатса арып-ашып,

Аруақ құр сүлдесі,***

Сөгілгелі тұрса елдің баяғыдай іргесі;

 

Көңіл тағы алай-түлей, көздің алды тағы—елес,

Мынау елдің ақыл-есі, меніңше, әлі сау емес?!.

***Арон Атабек*—диссидент ақын.

 

  1. Мына бір шәйір...

(Муин Бсисудың әуенімен)

 

О, Аруақ!

Өзің кеп мені жебеші!

Бүлінген қалай ел осы?

Былықтан мынау, шылықтан мынау алып шық,

Уа,  Қазығұртымның кемесі?

 

Мына бір шәйірдің не деген жаман сүреңі?

Мемлекеттік Намысты таптап біреуі;

Біреуі өлді елемей елдің нала-зарын,

Басымен ұрып Мемлекеттің Барабанын?!.

 

Күресінге тастап Мемлекеттің Күрегі,

Мемлекеттік Етікті жалап біреуі,

Өліп барады із-түзсіз анау төбеде,

Тағы да біреу осылай ит боп өле ме?!.

 

  1. Алматы мен Анкараның арасы

 

Қазақстан — Қазығұрттың кемесі!

О, Тәңірі!

Бізді өзің жебеші!

 

Арасында нүкте менен үтірдің,

Тұман менен түтіннің,--

Мен Пушкиннің Ресейін бетке алып,

Қашып барам ордасынан Путиннің!

 

Алматы мен Анкараның арасы—

Жер мен көктей, қарашы:

Біреуінде – асқақ Түрік баласы,

Біреуінде – азалы Алаш баласы.

 

Кеудесінде Бөрі ұлып,

Көздеріне Тәңірі ғана көрініп:

Бір кездері Тұран болған мына жұрт,

Жатыр қалай бүйректейін бөлініп?!

 

Мен жүргенде өр заманым өтті деп,

Аузын ашса шығатұғын отты леп;

Мына Түрік құл болмаған бір елге,

Кеудесімен келеді әлі көк тіреп!

 

Салт атты мен жаяудайын мысалы,

Бұ дүние көзден бұл-бұл ұшады.

Соны көрген Мағжанменен, жалғанда,

Мына мендей Түрік бар ма Құсалы?

 

Қазақстан —

Қазығұрттың кемесі!

Саған келдім,  қайда болдың демеші?

Аласапран заманадан құтылып,

Ат шалдырар бекет қайсы келесі?

 

  1. Қара тізім

 

Мағжандар болған «Қара тізімде».

Шәкәрім де жүрді «Қара тізімде».

Бродский...

Бізден басқа ақынның,

Бәрі—«Қара тізімде».

 

Көздеріне толып қан,

Олар іштен азап шегіп, торыққан

Қолында атом бомбасы бар ел де одан,

Зәресі ұшып,-- қорыққан...

 

Нені айта алдық Мағжанмен теңесе,

Қайда қапты елің соны елесе?

Жүрген жоқ қой бізді ешкім де ақын деп,

Өлеңіміз, мүлде, нашар—немесе?

 

Том-том өлең не тілде,

Астанада, ауылда, елдің шетінде;

Тойларында байлардың,

Фейсбуктің бетінде,--

 

Елім дейміз — өтірік,

Жерім дейміз — өтірік.

Өтірікке бауыр басқан ақынның,

Өмірі де , өлеңі де өтірік!

 

Біз жүрген жол, күңгірт,  сағым, тұман-ды,

О, Тәңірі, өзің кешір күнәмді?

Бір өлеңі «Қара тізімге» кірмеген,

Менің-дағы ақындығым күмәнді...

 

  1. Қазақ

 

Шайқалды әбден  тұнығым.

Социализмде өтті жарты ғұмырым.

Капитализмде өтті жарты ғұмырым...

 

Еселаңдау елге барған елшідей,

Біреуіне көңілім көншімей;

 

Жан – алқымда, тән мұздап, қан ысынып,

Кетіп барам түс қашып һәм іш ұлып;

Қазақ болып тууменен өлудің,

Қасиетін түсініп!

Қасіретін түсініп...

 

  1. Әр ақынның заманында бір сұлтан

 

Ұлы Мәртебелі Поэзия!

Тұрсың паң!

Әр ақынның заманында—бір сұлтан.

Абылайханда–Бұхар жырау,

Мандельштамда—Сталин,

Вознесенскиде— Путин,

Менде—Нұрсұлтан...

 

Ойлары да бөлек оның, тойлары,

Біреуі де бізді іш тарта  қоймады.

Пір тұтпадық біз өбектеп, олар да

Бізді өзіндей пенде ғой деп ойлады.

 

Бастан ұшса боқ қой—бақ.

Қожаңдамай елге нөкер, топ құрап;

Жүрсек-тағы біз де патша ек, тәжі жоқ,

(Бізді ешкім де елең қылған жоқ, бірақ?!).

 

Қанатымыз ұша-ұша талған көп,

Мына жалған күннен күнге-- жалған боп!

Мынау елге өзегіміз өртеніп,

Біз айтпаған бір ауыз сөз қалған жоқ!

 

Жердің құрты, ойы бөлек, тойлары,

Қашан елдің тереңіне бойлады?

Тек өлімге бола туған өлермен,

Бізді өзіндей пенде ғой деп ойлады!

 

Социализм өтті де итше ырылдап,

Капитализм кеп тұр енді қырына ап.

Қай заманда жүрсек-тағы, құлаққа,

Құдай ғана тұрды бізге сыбырлап.

 

Адамзат пен Алашымды тел емген,

Абайымнан қалған шерлі төл ем мен.

Құдай ғана тұрды маған сыбырлап,

Соны ғана жазып кеттім — өлеңмен.

 

  1. Кері айналу процесі

 

Қазақстан —

Қазығұрттың кемесі!

О, Тәңірі!

Бізді өзің жебеші!

Дүние — мұхит, жанталасып мен келем,

Қөз алдымда — керзаманның елесі...

 

Күн де Жерді жылдам-жылдам айналып,

Уақыт бізді бара жатыр қайда алып?,

Көңіл күпті, көзіміз де байланып,

Сайтан біткен бес қаруын сайланып,--

Періштені кеткен сынды Айға алып?

 

Адалдардың ақ жүрегін қайғы алып,

Құлагер жоқ –

Құламәстек бәйгі алып!

Редакторы провинциялық газеттің,

Шіреніп тұр Шерхан Мұртазаға айналып?!.

 

Коррупция тендерменен тайланып,

Арамдардың аузы майға майланып;

Атеизм айналды да – уахапқа,

Коммунизм

Капитализмге айналып...

 

  1. Жаһандану заманы

 

Ғажап екен оңашада ой кешкен.

Әлеуметтік желімен де сөйлеспен!

Телефонсыз, теледидарсыз ғұмыр кешкім келеді,

Фейсбуктегі фейктерді көрместен!

 

Мұңға оранып, бұлтқа батып бара ма Ай?

Эротика жынға тиіп қарадай, –

Ғалияны аялаған жақсы екен,

Тыр-жалаңаш қатындарға қарамай?!

 

Кім долларға теңгемізді сүйгізді,

Алтын басты кімге төмен игізді?

Цивилизация сифилистен шықты да,

Енді, міне, вируске тәж* кигізді!

 

Біттім іштен тынып бір,

Мақсат алыс,

Күдік қаптап,

Үміт – тұл!

Сайтан**** шығып, алтын тәжі басында,

Бізге қарап, сақ-сақ етіп күліп тұр...

*Коронавирус.

 

  1. Капитализм

 

Бұ қазақ деген – құс, тегі.

Ішпегені – артта , алдында еді – ішкені.

Социализмнен капитализмге келді ұшып, –

Жұмақ екен деп?

...Ол келіп білгенін істеді...

 

Ақырзаман деген осы ма келген аптығып?

Бөрідей ішім жатты ұлып:

Әке отырғанда ұл сөйлеп жатыр өзеуреп,

Шеше отырғанда қызы шықты ма шаптығып?!

 

Капитализм керек пе ед біздей һас ұлтқа, –

Еркіндікке ессіз асыққа, көзсіз ғашыққа?

Көктен сұраған... құдайы берді жерден кеп,

Түк көрмей өскен сасық пен өңкей пасыққа.

 

Айырар адам қалмады ақ пен қараны,

Қасқырдай жалап қалдық па улы жараны?

Осымен енді қазақтың мына ғасыры,

Менің де қысқа ғұмырым бітіп барады?!.

 

Меніңше, бұ да өтпелі.

Өтпейтін нәрсе болмауы керек, өйткені.

О Дүние деген бар ғой, бар! Егер болмаса,–

Бұ Дүниеңнің де мағына, мәні  жоқ тегі...

 

  1. Руһ

 

Сезе ме екен туған жердің  белесі,

Біле ме екен соғып тұрған жел осы?

Хан Кене – Еділдің,

Абай – Фарабидің,

Мұқағали – Мағжанның  елесі!

 

Рух деген – жыр-тұма.

Атып шығып тереңінен бұлқына,

Қарлығаштай, қанатымен су сеуіп,

Қайтып келіп тұрады ылғи жұртына.

 

Отқа салып, нөсерге малып қанатын,

Жер- жаһанда сол ғой сайран салатын.

Ұлтыменен бір жасайды Ұлы Руһ,

(Біз ғой-- өліп қалатын!).

 

  1. Жалғыздың жыры

 

Жалмауыз, жебір  жеріңе кеп,

Алдыңа орын қазғалы,

Арғы Ғун құрған мемлекет!

Шаңырағың шалқайып кете жаздады!

 

Адамзаттың асылы,

Сыналар күнің келді-дүр;

Аруақ қонған  Еділ патшаның нәсілі,

Есіңді жина енді бір?!

 

Дүние тұр, поп-музыка, би – іші,

Шығарда жаны шырқырап!

Украинадан махаббаттың иісі,

Россиядан соғыстың иісі бұрқырап?!.

 

Ұры мен қары жер етті,

Түбі қосылмас бекзат боп туған түменге.

Қаракөктің тұқымы керек-ті,

Қарадан шығып, хан бола алмайтұғын бұл елге!

 

Жебірлер қаптап  жеріме кеп,

Ылаңға салды сан бізді.

Менде де – Жалғыз , сенде де Жалғыз Мемлекет!

Жарылқа, Тәңірі, Жалғызды?

 

Бұхар жыраулар еміренер осы еліне кеп,

Талапай болмаса хан басы?!

Ұлттың Жүрегі — Мемлекет!

Қара өлең – Кардиограммасы!

 

Кенеліп жұрты ғажапқа,

Мағұмұрланып күнде мың жасап қалатын, –

Киплинг***** керек қазаққа,–

Алаш деп массаттанатын!

 

Ес пен тек керек патшаға,

Жақсыңның сөзін саралайтұғын сүйініп;

Алдында алтын жатса да,

Қарамайтұғын – иіліп...

 

Құлағына ғасырлар сарыны,

Құйылып тұрса селдеп кеп:

«Алладан асқан Тәңірі,

Алаштан басқа етене саған ел жоқ!»- деп...

*****Джо́зеф Ре́дьярд Ки́плинг (Rudyard Kipling-- 30 декабря 1865, Бомбей — 18 января 1936, Лондон) — империя ақыны.

 

  1. Бір әулет пен бір ұлт

 

Бәрін де сезіп, біліп бір,

Мынау ел іштен тынып тұр.

Үйінде отырса,– өксиді,

Көшеге шықса бүлік – бұл!

 

Айтсаңшы Ай, Күн, бол енді,

Алла оқып тұр бұл өлеңді!

Мына бір әулет Бір Ұлттың Ұлттық Байлығын,

Қай жаққа ала жөнелді?!

 

  1. Қазақ әдебиеті

 

Қазақстан –

Қазығұрттың кемесі!

О, Тәңірі,

Бізді өзің жебеші?

Жүзіп келем асау мұхит төсінде,

Су Патшасы Сүлеймен ғой егесі.

 

Жан-тәнімен берілетін берілсе,

Егілетін ғашық болып  егілсе, –

Қазақ Халқы қалды Эпоста қалжырап,

Басқа жерде жоқ қой енді ол, меніңше?

 

Көке, менде арман көп қой, арман көп,

Хикметше әлі лаулап жанғам жоқ?

Бұ дүниені қазақ қалай дөп айтқан:

"Бір бес күндік жалған"-деп.

 

Қу фәниге қайта келмес жандай ғып,

Көке, өзіңді енді күтсең – хандай күт?

Елден бұрын, біздің қазақ, құдай-ау,

Екі Дүние барын білген...

Қандай жұрт?!

 

Қазақ деген – зар заманның боздағы.

Боздағанда одан ешкім озбады.

Жетпіс жылдай Едіге боп, жалғанның

Жарығына шыға алмай,

Не ішінен тына алмай,

Боздады...

 

Туа тәнті Құдірет пен құс-үнге,

Қазақ өзін көреді ылғи түсінде.

Көрінгеннің түрткі болмай көзіне,

Қалып қойды Эпосының ішінде.

 

Ақ жүрегі бір Аллаға аян боп,

Ғарышыңа қанатымды жаям деп,

Күнге қарап,

Күлтегін боп күңіренді,

Тебіренді –

Қозы Көрпеш-Баян боп!

 

Көрінгенде коммунизм елесі,

Дір-дір етіп кетеді әлі денесі.

Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде!

Қазақстан –

Соның бұлдыр елесі...

 

Кілемменен көкке де ұшып көлеңдеп, –

Дүниенің ойын санға бөлем деп;

Ұлттық Банкте Қазақ Әдебиеті дейтұғын,

Қазынасы қалды-ау, Эпос-Өлең  боп!

 

Асан Қайғы болып қанша боздады,

Абай болып қайдағыны қозғады...

Қа-зақ Әде-бие-тін-де қалды оның,

Ақыл-Ойы,

Абыройы,

Ожданы.

 

Халқым қалып, алтын қалып жырақта,

Көзім менің көлбеңдеген шырақта.

Қара Өлеңмен қазақты қоса жұтардай

Ғаламзаттың түсі суық бірақ та?!.

 

Ол сөйледі толықсып бір толғанда,

Аруақ кеп арқасына қонғанда.

Жер бетінен сенің  ұлтың жоғалса,

Менің ұлтым жоғалса,

Қандай ұлыс қалар екен сонда онда?!.

 

  1. Болды ел ырғап, жырғап та...

 

Болды ел ырғап, жырғап та,

Қазақ халқы—бір жақта.

Қазақстан—бір жақта...

 

Мұнда  жұмбақ сыр жоқ па:

Қазақ халқы—бір жақта,

Қазақ әдебиеті --бір жақта?!.

 

  1. Екі құрдас,–екі дүние

(ХХ-ХХІ ғ.ғ.)

 

Қазақстан—

Қазығұрттың кемесі.

Бізде ылғи өлара бұл неге осы?!

Кең айдында, аласапран мұхитқа,

Жүзіп шықты Қазығұрттың кемесі!

 

Бұл ғасырда бізді өзіне шақырды от,

Ақырзаман күннен күнге жақын боп.

Екі Бала  туды біздің қазақтан,

Біреуі – Әкім, біреуі оның Ақын боп.

 

Қазақ ылғи қарсы жүзген ағысқа,

Екі құрдас жүрді Алты Алаш Арыста, –

Жерден жеміт теріп кетті біреуі,

Екіншісі ұшып кетті ғарышқа!

 

Сүйреді елін біреуі өрге түйе боп,

Біреуінің беті күйе-күйе боп;

Тізгінінен ұстап еді мына елдің,

Біреуі—

Ұлттың Рухына Ие боп!

 

Жақсым жасып, жаман басып төрімді,

Бізге осы не көрінді?

Қырт пенен құрт тіл табысып лезде,

Ұлт пен Рух екі жаққа бөлінді!

Неге бөлінді?!

Содан бастап бізге бірдеңе көрінді...

 

Тарих – тұлпар, көнбейтұғын тақымға,

Жақында,

Шертеді енді не бір гәпті біздің жұрт,

Осы құрдас екі бала  қахында...

 

  1. Бүгінгі күннің сауалы

 

Қазақстан, дем алсаңшы, жабырқамай, алда бәрі?!.

Бәрін алып... жатыр ма енді жеріңді де жалмағалы?

Кедейліктен қалжырадың, қаңқу сөзден қажыдың сен,

Жанға батқан жаманы жері – аярлардың алдағаны...

 

Қаңқылдаған қаздарымен келе жатыр қаз алыстан,

Көлбеңдейді жаз – алыстан, біздерде әлі —

Базарстан;

Міне, Оңтүстік Кореяңыз, анау – Соның Солтүстігі!

Қайсысына барар едің, сабырлым-ау, Қазақстан?

(Қайсысымен қалар едің, қадірлім-ау,  Қазақстан?!.).

          

  1. КГБ-ның сейфтерінде

 

КГБ-ның сейфтерінде

Сенің де көз жасың,

Менің де көз жасым бар:

Ашыңдар!

 

Офшордағы сейфтерде

Сенің де қахың,

Менің де қахым бар!

Тұрмайсыңдар ма орындарыңнан, пақырлар?

Жарылқаса Тәңірі жатқанды,

Жатыңдар?!.

 

  1. Ұлт

 

Мына дүниеде

Жаманына күйінетін,

Жақсысына сүйінетін,

Жұрт қана —

Ұлт!

 

Бір жерден сөз,

Бір жеңнен қол шығаратын,

Жұрт қана —

Ұлт!

Қалғаны—қырт!

 

  1. Коммунизм елесі

 

Коммунизм дейтін қиял бойды алып,

Сталинмен бірге ойын ойнадық,

Брежневпен бірге ойын ойнадық.

Егемендік – ат шаптырып, қиқулап,

Тойлау екен!

Пах, армансыз тойладық!

 

Ұлт садаға – ұлың менен қызыңнан,

Айналайын, тұрысыңнан сызылған?..

Бұзылған ғой Күлтегіннен қалған қан,

Аллаңыздан алған жан да – бұзылған!

 

Тегі де жоқ, ары да жоқ – аш-арық,

Мырқымбайды пір ғып, көзге жас алып;

Руларды тізіп қойып көзінен,

Қолдан батыр жасадық,

Айхой, ақын жасадық;

Сағынайдың өзін қолдан жасадық,

Абылайдың өзін қолдан жасадық!

 

Әкім көрсек айтар сөзден тосылып,

Батыр көрсек, қалың итпен қоса үріп;

Ақын көрсек «Өй, соныңды қойшы!» – деп...

...Енді отырмыз ойынымыз осылып;

 

Көзсіздердің еріп жүріп к...нен.

Қыртқан сөзде дәм қалмады көкіген.

...Мағжандарға енді ескерткіш ашылса,

Маңайына бармаңдаршы–

Өтінем!

.... Мазаларын алмаңдаршы...

.Өтінем...

 

  1. Біреуді күту

 

Бір ұл келсе желбіретіп тұлымын,

Елден ерек болады сол құлыным.

Шашты аппақ қырау жауып, біреуді

Күтуменен өтті күллі ғұмырым?!

 

Тұлпардайын — бітімі,

Сұңқардайын құс үні;

Өзі — бекзат, өмірі — үлгі, ісі – ірі

Еріне —пір, жеріне ие, егіліп,

Еліне ие болатұғын кісіні?!.--

 

Күнде күтсем, қалай жүрем аһ ұрмай?

Туған жұртым--жатымдай;

Сен керек ең бұ қазаққа дәл бүгін,

Бұрын-соңды тумаған бір ақындай;

Абайдайын--адамзатқа ұмтылған,

Қайта қара танытатын-- Латындай?!.*

*Латын әліпбиі.

 

 

Эпилог. Қазығұрттың кемесінде

 

Баяғыда Қазығұрттың басында бір кеме қалған,

Басқа жұртта қалмай сонда, Қазығұртта неге қалған?

 

Сондағы бір күнәға кеп батқан күллі халықтардан,

Осы кеме бұ қазақты аман-есен алып қалған!

 

Сұммен — сұмы, еркегімен  еркектері некеленіп,

Осы кеме болмаса егер су түбіне кетер едік!

 

Көзі-тұман, көңілі — алаң, көкірегін аза қысқан,

Қазір тағы сол кеменің үстінде жүр Қазақстан!

 

Тағдыры да қыл үстінде, тарихы да бұрмаланған,

Қазынасын қайдағы бір ұры-қары ұрлап алған?!

 

Өлгеннен соң пір тұтады, тірісінде сабап алып...

Әлеуметтік желілерде жақсысына жала жауып!--

 

Быт-шыт болып жан-жүрегі замандардың белесінде,

Келе жатыр әлі боздап Қазығұрттың кемесінде!

 

Бай-бағландар шықты бізден!

Жер бар ма екен құтты бізден?!

Мына жарық дүниеде  ел бар ма екен мықты бізден?!

 

Деп ойлап ек,  Аруаққа ас беріп ек: «Арысым!» - деп,

Өзің жебе, елге – пана, енді осылар байысын!»- деп!

 

Айхой, міне, сағат санап,  байып, шылқып  барады олар,

Қазынаға суық қолын қалай әлі  салады олар?!

 

Қараормандай жұртын неге ел емес деп ойлайды олар?!

Қалай әлі тоймайды олар?!.

Неге енді қоймайды олар?!!

 

Көріп не бір көргенсіз бен ессіз елдің егесін де,

Бар ғұмырым өтер болды-ау, Қазығұрттың кемесінде...

 

 

 

18.04. 2022. ж-16.08. 2023 ж.

Қарағанды. Көгілдір тоғандар. Астана. Алматы. Кереку. Қарағанды. Күнгей.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер