«Абайды» қайта шығарған Марфуға Шапиян: Басты мақсат – түпнұсқаны сақтап, көпке тарату

4106
Adyrna.kz Telegram

«Абай жолы» роман эпопеясының алғаш жарық көріп, кейін цензураға ұшыраған нұсқасы қайтара жарық көрді. Кітаптың шығарушысы идеяның қалай жүзеге асқанын әңгімелейді. Ғылыми институт өкілі мұндай нұсқа 26 жыл бұрын бір рет жарық көргенін айтады.  

Қазақтың бір туар дана ақыны Абай туралы жазылған еңбек – Мұхтар Әуезоовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. 82 жыл бұрын жарық көрген советтік талаптарға сай өзгеріске де ұшырағаны белгілі. Алғаш 1942 жылы, сосын 1947 жылы романның бірінші және екінші кітабы жарық көрген. Романның алғашқы екі кітабы сол алғашқы жарық көрген нұсқада таяуда Marfu Press баспасынан жарыққа шықты. 

Кітаптың шығарушысы Марфуға Шапиян бұл дүниені «Абай жолының» түпнұсқасы» деп атапты. 

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Альмира Қалиева кезінде жазушы шығармаларының 50 томдық жинағына романның алғашқы екі кітабының өзгеріске ұшыраған нұсқасы жарық көргенін айтады. Айтуынша, өзгертілмеген түпнұсқа 1997 жылы бір рет жарық көрген. Сонда 336 беттен тұратын “Абай жолы” “Жеті жарғы” баспасынан басылып шыққан екен. Альмира Қалиева «Мұхтар Әуезовтің дүниеден өткеніне 75 жыл әлі толған жоқ. Бұл дегеніміз – 75  жыл толғаннан кейін ғана жазушының мұрасы жалпы ұлттық мұраға айналады да, оны кез келген адам басуға мүмкіндік ала алады. Әзірге Әуезовтің ұрпағы авторлық құқыққа ие,» - дейді. 

Ал Марфуға Шапиян «Абай жолы» романы эпопеясының алғашқы нұсқасын ұлы жазушы мұрасына ие Алматыдағы Мұхтар Әуезов музей үйінің директоры Диар Қонаевтың рұқсатымен жарыққа шыққанын айтады.

Жаңадан шыққан кітаптың аңдатпасында «Бұл кітапта М. Әуезовтің қазақ ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының өмірін жаза отырып, сол кездегі ел тарихын тұтастай қамтыған «Абай жолы» романының 1942 жылы шыққан алғашқы, цензураға ұшырамаған нұсқасы берілген. Мұнда ақын-жазушылардың есімдері, өлеңдері өзгертілмеген» делінген. 

Осы жетекпен Марфуға Шапиянды сөзге тартып көрдік.  

- «Абай жолының түп нұсқасы жарық көрді» деп жазыпсыз. Оны басып шығаруға қанша күш кетті? Қанша уақытыңызды арнадыңыз? Оның өзгертілмеген мәтінін қайдан таптыңыз, құпия болмаса?

- «Абай жолының» түпнұсқасын шығаруға екі жылымызды арнадық. 1942 және 1947 жылдары жарық көрген екі кітапты  Мұхтар Әуезовтің алғашқы Абайы деп айтуға болады. Алғашқы томдары «Абай» деген атаумен жарық көреді. Біз сол атаумен қалдырдық. Алғашында ішкі жұмыстарына, оны компьютерге енгізуге біраз уақыт кетті. Біз редакторлық жұмыс жасаған жоқпыз. Әуезов қалай жазды, солай қалдырдық. Бұл кітапты өз қаржымызға шығарып отырмыз. Алғашқы том – 400 бет, екінші том – 416 бет, өте қалың кітап. 

Кітапты басып шығару үшін шығын толық өзімізден шығатын болғандықтан, алдымен қаржымыздың басын құрап алуды күттік. Сондай жұмыстармен айналысып жүргендіктен бұл кітаптың жарық көруі екі жылға созылды. Ал негізгі мәтіндік нұсқаны “Ұлттық кітапхана” қорынан алдық.

- «Абай жолына» деген ерекше қызығушылық қашан басталды?

- Мектепте оқып жүргенімде әжеме үнемі кітап оқып беріп, кітап оқу әдетін қалыптастырдым. Мен алғаш рет «Абай жолын» алтыншы сыныбында әжеммен бірге қыстың ұзақ кешінде оқып бастағанмын. 

Шынын айтсам, «Абай жолын» оқу туралы ой қайдан келгенін білмеймін. Бірақ сол жылдары кешкі тамақтан кейін пештің жанына жайғасып, «Абай жолының» төрт томын оқығанбыз. Соңғы томда Абай қайтыс болған сәтте әжеммен бірге көпке дейін оны ұмыта алмай, қайғырып жүрдік. Одан бөлек мектепте де ыңғайлы сәтте Абай, Құнанбай туралы талдап, ойымды айтатынмын. Құнанбайдың әрекеттерін кітаптан оқыған соң оны жек көріп те кеткен кездер болды.

- «Абай жолының» өзгермеген түпнұсқасы туралы алғаш қалай білдіңіз?

- Әдебиет порталында жұмыс істеп жүріп «Абай жолы» қалай жазылды деген тақырыпта мақала жаздым. «Абай жолының» түпнұсқасын іздеу туралы ой кейіннен пайда болды. Өзім тұлғаларды іздеп зерттегенді, тарихты оқығанды жақсы көремін Кейіннен түпнұсқаның барын білдім. Сол сәтте маған «Абай жолының» өзгертілмеген, толық нұсқасын оқу арман болды. Мендегі Құнанбай туралы ой-пікір, оның образы туралы қызығушылық болды. Жоғарыда айтқанымдай «Абай жолына» қатысты қызықты деректерге тап болдым. 

1942 жылғы нұсқасының өзі өте үлкен қиындықпен шыққаны туралы білдім. Құнанбайдың кейінгі нұсқадағыдай «қатал, жауыз» емес екенін білгенде тақырып ашыла түсті. 

Осы кітапты дайындау барысында менің байқағаным «Абай жолы» менің есімнен шықпапты. Бүкіл кейіпкерді, сюжетті есімде сақтаппын. «Абай жолы» тайға таңба басқандай менің санамда сақталыпты. Екі кітаптың өзгешелігі бар. 

Абай туралы Тұрсын Жұртбай ағамен сұхбаттастым, Абай елінің ақсақалы Бекен Исабаевпен әңгімелестім. Сол секілді Абай туралы әңгімелер менің санамда Құнанбай образын жаңа бейнеде қалыптастырды. Кейіннен бұл тақырыпты зерттей келе Әуезовтің бұл кітапты 1940 жылы бітіргенін білдім. Кейіннен автор латын қарпімен жазылған нұсқаны  баспаға алып келеді. Сөйтіп оған кириллицада жазылу керегін айтып, сылтау тауып, қайтарып жібереді. Өйткені сол кездері біздің әліпбиіміздің кириллицаға енді көшіп жатқан сәті. Ол кириллицаға аударылған нұсқасын тез жаздырып әкелген екен. Алып келгенімен ол кітап баспадан шығарылмай біраз тұрып қалады. Неге? Себебі жоғары жақтан «Абай жолын» басуға ешкім мүдделі болмайды. 

Бейсембай Кенжебаев деген мықты ғалым ағамыз бар. Ол кісі басын қатерге тігіп, жауапкершілікті өзіне алып, ешкімге айтпай баспаға тапсырып жібереді. Автор Мұхтар Әуезовтің өзі кітаптың басылып шыққанын қолына тигенде барып біледі. Себебі екі жыл бойы баспа қабылдамаған туындыдан үміт те үзілген болса керек-ті. 

Содан кейін Бейсембай Кенжебаев  сөгіс алып, тіпті жұмысынан қуылады. Бірақ осы кітаптың халыққа жетуіне солай қызмет етіп кетеді. Міне, солай 1942 жылы кітаптың алғашқы томы жарық көреді. Халық өте жылы қабылдайды. Бауыржан Момышұлы да соғыста жүріп, кітапты оқиды. Авторға кітаптан алған әсерін жазып хат та жолдаған екен. 

- Бала күніңізде оқыған «Абай жолы» мен сіз жарыққа шығарған «Абай жолының» түпнұсқасында қандай өзгешелік бар?

- 1947 жылы кітаптың екінші томы жарық көреді. Бірақ 1950 жылы Сталин репрессиясын қайта бастайды. Біздің Абайға дейінгі ақын-жазушыларымыз, тарихи тұлғаларымыз жоққа шығарылады. Әуезовтің бірінші томында бала Абайға Барлас пен Байкөкше деген ақындар келіп, бата береді ғой. Алғашқы түпнұсқада оған бата берген Дулат Бабатайұлы екені жазылған. Тіпті ол кісінің өлеңдері де қолданылады. 

Сол жылдары Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөнкеұлын «хандық-феодалдық дәуірді аңсады» деп олардың туындыларын оқуға тыйым салады. Содан Мұхтар Әуезов амалы таусылғаннан өзі ойынан Барлас деген кейіпкерді шығарып, Дулат Бабатайұлының есімін алып тастайды. Одан бөлек Сабырбай ақын, Жанақ ақын, жалпы көптеген халық ақындарының атын өзгертуге мәжбүр болады. 

Мұхтар Әуезов «Менің қателіктерім» деген өзінің жазбасында «Мен Дулаттан өзімнің кейіпкерімді арашалап алдым. Оны жазуым қателік болыпты» деген секілді пікірін айтады. Одан бөлек «Көкбай мен Шұбар екеуін әшкерелей түсіп, Абайға жау ретінде көрсетуім керек» деген өзгерістер бар. Ал Шұбар деген Шәкәрімнің лақап аты (прототип) екенін білесіздер.

Менің жүрегіме қатты тиген өзгеріс бар. Ол біз шығарған нұсқада Абайдың баласы Тұрағұлдың есімі бар. Тұрағұл – Абайдың баласы. Ал бізге жеткен нұсқада оның есімін алып тастаған. Оның орнына Абайдың баласы тағы бір баласы Мағауия аталады. Неге? Себебі Тұрағұл Абайұлы Алаш зиялыларының қатарында болды, қоян-қолтық араласты. Әуезовтің кейінгі «Абай жолында» түгелдей Тұрағұл аталған тұстары алып тастаған.

- Кеңестік дәуірде қазақ халқының өмірін, дәстүрін, әдет-ғұрпын ашып жазуға, баяндауға болмайтын. Өзгертілмеген «Абай жолында» да сынға ұшыраған «қазақбайшылық» тұстары кездеседі ме?

- Тағы бір өзгертілген тұсы – қатын айырбастау, келіншектерін айырбастау оқиғасы. Бұл оқиғаны автор өз шығармасынан алып тастаған. Жазушы Ғабит Мүсірепов бұл оқиғаға қатысты өзінің сынын айтқан. Бірі – Қодар мен Қамқа оқиғасы болса, бірі – келіншек айырбастау. Бұл қоғамға жат қылық. Ғабит Мүсіреповтің «Бұл қазаққа жат қылық!» деген пікірінен соң автор Мұхтар Әуезов «Абай жолының» жаңа нұсқасында сол тұсты алып тастаған.  Одан бөлек көптеген өзгерістер бар. Оны оқырманның өзі оқып, білсін дегім келеді. 

- Үлкен жауапкершілікті мойынға алмай тұрып жүрексіну, немесе қорқыныш болды ма?

- Менде басында күдік басым болды. Себебі «жұрттың бәріне бірдей қызық бола ма? Олар түпнұсқаны оқығысы келе ме? Әлде өзгертілген нұсқаны оқи бере ме?» деген сұрақтар мен уайым көп болды. Бұл кітапқа көп күш пен қаражат кетті. Біз үшін оқырманның іліп алып кеткені маңызды. Ең басында Мұхтар Әуезов «Абай жолын» түп нұсқада «Абай» деп жазған екен. Сол себепті бірінші және екінші томды жарыққа шығарғанда біз де атауын өзгертпей «Абай» деп қалдыруды жөн санадық.

- Бұл кітап оқырманға қаншалықты өтімді болды? Оқырманның пікірі қандай?

- Кітаптың түпнұсқасы шыққанын естіген оқырманның барлығы жаппай қуанып, ризашылығын білдіріп жатыр. Тіпті «Бұл еңбекті шығару біздің ғылыми мекемелердің жұмысы еді. Сондай еңбекті өздерің шығарып жатырсыңдар» деп ерлікке балап, батасын беріп жатқандар бар. Біз өте қуаныштымыз. Бұл идея үшін бізді қолдап жатқандар бар. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе!

- «Абай жолының» бірінші және екінші томдарын шығарып отырсыздар. Үшінші және төртінші томды күтуге бола ма?

 - Біз шығарып отырған кітап «Абай жолының» бірінші және екінші томы. Үшінші және төртінші томды шығармаймыз. Өйткені олар 1950 жылдары жазылған. Кеңестік саясатқа ыңғайланып жазылған. Сол себепті біз ол томдарды шығармаймыз деп шештік. Себебі өзгеріске ұшыраған дәл осы бірінші, екінші том. Біздің басты мақсат – Абай туралы айтылған түпнұсқаны сақтау, соны көпке тарату.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер