Президентке хат. Отан қорғайтын мемлекетшілдік сана керек

1280
Adyrna.kz Telegram

Ph.D. доктор, белсенді Дәуренбек Нысанов мемлекет басшысына елдегі түйткілді мәселелерді қозғап хат жолдады, деп хабарлайды "Адырна" порталы.

Өз жазбасында ол қазақ қоғамына "қажетсіз" деп есептейтін саяси келісімдерді, одақтарды қозғап "Жаңа Қазақстан" жасауды қолға алу қажеттігін айтты.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Әр елдің өз идеологиясы бар екенін жақсы білесіз, соны көре тұра өз мемлекетіміздің идеологиясын жасамасаңыз егемендігімізге қауіп төнеді.

Ол үшін:

1) Қазақстанның ақпараттық кеңістігін “ресейдің бұқаралық ақпараттық құралдарының” ақпаратынан тазартуды қолға алу керек! Себебі, елімізде ресейдің идеологиясына қызмет ететін ресейшілдер көбейіп кетті.

2) “Саудада достық жоқ” дегенді ескеріп, Ресеймен құрған одақтардың бәрінен шығу керек!
Себебі, Ресейге салынған санкция біздің экономикамызды құлдыратып жатыр. Ең жаманы Ресей өзімен одақ құрған елдерге өз үстемдігін жүргізгісі келеді, өз идеологиясын тықпалайды. Оны тарих пен соңғы 30 жыл ішіндегі оқиғалар дәлелдеп жатыр.

3) Қазақстанның Тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге жол бермейтін идеология болмаса, Қазақстан азаматтарына Отан қорғайтын мемлекетшілдік сана қалыптастыра алмайсыз.
Себебі, “Қазақстан көп ұлтты мемлекет” дегенді доғармасаңыз “Қазақстан менің Отаным” деген ұғымды әрбір ел азаматының бойына сіңдіре алмайсыз!

Халық Сізді “кәсіби дипломат” деп ойлайды. Бірақ, Сіз кәсіби дипломат ретінде әр түрлі этникалық топтардан тұратын диаспоралары бар моно ұлтты қазақ мемлекетін “көп ұлтты мемлекет” деп атаудың дұрыс емес екенін білесіз бе? Білмеуіңіз мүмкін емес!
Дегенмен, солай атау еліміздің идеологиясына қарсы ұғым екенін ескермегеніңізді қалай түсінеміз?

Соған байланысты, ең бірінші кезекте еліміздің бюджетіне артық шығын келтіретін, қоғамның дұрыс жолға түсуіне ешқандай пайдасы жоқ, елдің ынтымақтығын арттыра алмайтын түкке қажеті жоқ “Қазақстан халқы ассамблеясын” жабуыңызды сұраймын.

Менің айтқандарымды дұрыс емес дейтін болсаңыз, Сізге мысал келтірейін. Алысқа бармай-ақ екі жағымыздағы көршілерімізді, Ресей мен Қытайды мысалға алайық. Ресейдің құрамында 190 ұлт бар. Бірақ олар өздерін “көп ұлтты мемлекетпіз” деп айтпайды. Ресейде орыс тілінен басқа тіл жүрмейді. Бұл дұрыс ұстаным және мықты идеология. Өйткені, бір ғана тілде сөйлейтін мемлекеттің халқында алауыздық болмайды, ынтымағы берік болады. Ол әрбір ел азаматына Мемлекетшілдік сананы қалыптастырады.
Сол сияқты Қытайда да 56 ұлт бар. Бірақ олар өздерін “көп ұлтты мемлекетпіз” деп айтпайды, бір ғана қытай тілінде сөйлейді.

Сондықтан, мемлекет мүддесіне қызмет ететін, Отан қорғайтын ынтымағы мол, біртұтас патриот халықты қалыптастыруда Қазақстан кеңістігінде қазақ тілінен басқа ресми тілдің болмауы және “көп ұлтты мемлекетпіз” деген алауыздық тудыратын ұғымды санамыздан өшіру маңызды.

“Жаңа Қазақстан” құрылысшысы
Дауренбек Мырзашұлы Нысанов" делінген белсендінің хатында.

 

Пікірлер