«Қазақтелеком» корпоративті есебіне арналған супер-презентация үшін 25 млн теңге жұмсамақшы

1125
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

«Қазақтелеком» АҚ 25 млн теңгеге жарнамалық объектілердің идеясы мен дизайнын әзірлеу бойынша қызметтерге ашық тендер жариялады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Байқауды «Телеком Комплект» Дирекциясы АҚ филиалы ұйымдастырып отыр. Шарт бойынша қызмет көрсету мерзімі, қол қойылған күннен бастап 2024 жылғы мамырға дейін. Төлем жоба аяқталғаннан кейін жүргізілетіні атап өтілген.

Техникалық ерекшелікке сәйкес, жоспарланған қызметтердің мақсаты «Қазақтелеком» АҚ-ның 2023 жылға арналған интеграциялық жылдық есебін, оның ішінде қаржылық емес ақпараттар бөлігін тұрақты даму саласындағы үздік халықаралық практикаларға сәйкес етіп дайындау.  

Құжатта әзірленген жылдық есеп жетекші салалық компаниялардың есептерін дайындау жөніндегі практикаларға сәйкес келуі және Акционерлік Қоғамның қызметінің ашықтығына бағытталуы керек. Және сол арқылы ішкі және сыртқы мүдделі тараптар, оның ішінде әлеуетті инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға бағытталуы тиіс делінген.  

Анықтама үшін: Қаржылық емес есептілік – бұл компанияның әлеуметтік, экологиялық, экономикалық және басқа да даму саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі көрсеткіштерін кешенді түрде көрсететін корпоративті есептілік бағыты.

Әлеуетті өнім берушіге қойылатын талаптарға келетін болсақ, жылдық есепті әзірлеу «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік басқару кодексінің барлық талаптарына, «Самұрық-Қазына» АҚ талаптарына және БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарына, сондай-ақ жетекші халықаралық компаниялардың қаржылық емес есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Есеп қаржы жылы ішінде АҚ қызметінің дамуы мен тиімділігін талдауды көрсету керек және тиімділіктің негізгі қаржылық (және басқа) көрсеткіштерін талқылауды қамтуы қажет. Сондай-ақ, есепте: ұйымның негізгі маңызды оқиғалары, оның дамуы, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жаңалықтары, өз акцияларын сатып алу туралы ақпарат және басқа да еңбектері көрсетілуі керек.

Есептің дизайн-тұжырымдамасы фирмалық стиль элементтерін және корпоративтік брендбук талаптарын ескере отырып, фотосуреттер, иллюстрациялар, инфографика және басқа визуалды элементтерді пайдалана отырып, үш тілде (орыс, қазақ, ағылшын) яғни, презентация үш нұсқада дайындалуы шарт делінген.

Қарапайым тілмен айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ өз ұйымының сапалы жаңа үлгідегі презентациясына 25 млн. теңге жұмсамақ. Супер - презентацияны әзірлеу процесіне міндетті түрде деректерді жинау және талдау, мәтінді дайындау және аудару, MS PowerPoint және Adobe Photoshop/INDD форматындағы үш тілдегі электрондық макет және соңғы интерактивті нұсқа кіреді.

Бұдан басқа, бастапқы кезеңде қаржылық емес есептілік стандарттарының (GRI Standards, SASB, IIRC) негізгі қағидаттары бойынша корпоративтік тренинг өткізілетін болады. Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ қарқынды сілтеме жасап отырған барлық халықаралық стандарттар туралы ашық қолжетімді дерек көздерінен тегін білуге болады. Дәл осы жерде нендей қызмет 25 млн. теңге тұратыны бізге түсініксіз.

Бәлкім, «Қазақтелеком» АҚ шынымен жаңа супер-презентацияға аса мұқтаж шығар?! Ал халық болса «Қазақтелеком» АҚ-ның сапалы қызметіне мұқтаж екенін күнде естіп, көріп жүрміз.

Асхат Ахмедияр

Пікірлер