"Шығыс ақпараттың" газеттері неге шықпай қалды?

1003
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zhasalash.kz
Сурет: zhasalash.kz

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, «Шығыс ақпараттан» тағы да шу шықты. Шығыстың журналистері әйтеуір шырылдайды да жатады. Оның басы-қасында облыстық «Дидар» газетінің тілшісі қызметін атқарған өзім де бармын. Десе де, бұл жолғы шу ерекше ащы, ерекше ауыр. Бәрі де сол «Шығыс ақпарат» холдингіне қарасты қос газеттің «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерінің жаңа жылдан бері шықпай қалуынан басталды... 

Рас, қаңтар айының ортасы болса да, оқырманның қолы қос газетке жетпей отыр. Газет қайда? Тұрақты оқырмандардың тағаты таусылды. Былтыр шыққан соңғы нөмірінде «газеттің келесі саны 2024 жылдың 11 қаңтарында шығады» деп жазылған. Есімі өңірге, қала берді республикаға кеңінен танымал журналист, ақын, Шығыстағы руханияттың мықты жанашыры Мұратхан Кенжеханұлы мән-жайды сұрап дереу газеттің бас редакторы Серік Әбілханға қоңырау шалады. Секеңнен «ештеңе айта алмаймын, осы жылдың басынан бастап мен бас редактор емеспін» деген жауап алады. Мәссаған! Амалы таусылған Мұратхан фейсбуктегі парақшасына «Дидар» неге шықпай қалды?» деген пост жазады. Сол-ақ екен «Шығыс ақпараттағы» біраз былықтың беті ашылады.

Газеттің шықпай қалғаны қалай? Не болды? Бұл не деген жауапсыздық? «Шығыс ақпараттың» басшысы қайда қарап отыр? Кәсіби журналист ретінде мен мұндай әрекетті әсте түсіне алмаймын. Мұратханның жазбасының астына пікірімді ашық жаздым. Арсений Дүйсеновті «Шығыс ақпараттың» директоры етіп әкелгені облыс әкімінің үлкен қателігі болғанын айттым. Шынында да, «Шығыс ақпараттағы» шу, газеттердің шықпай қалуы жәй ғана шу емес қой. Мұның артында ұлттық идеология, мемлекеттік тіл мәселесі, шекаралық өңірдегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі тұр. Мұндай жағдай газеттің тарихында болып көрмеген. Газет шығару ісіне бұлайша жеңілтек қарауға бола ма? Әрине, шындық қашан да ащы. Жазба астындағы жазылған пікірлер Арсений мырзаның шымбайына қатты батты. Кәсіпорынның 264 миллион қарызға батқанын, табыстың, кірер кірістің жоғын айтты. «Ешкім бұл компанияға «келе қойыпсың, мә ақша» деп қаржы бермейді деді. Талан-таражға түскен компанияны «сауықтыру» керегін жеткізді. Қойшы, Арсений мырзаның сезіне сенсең, компания әбден «дертке шалдыққан», ішінен іріп шіріген... Енді сол шала жансар кәсіпорынды аман алып қалу үшін, баспахананы таратып, газетті аптасына бір-ақ рет шығарған тиімді көрінеді. Естідіңіз бе, аптасына бір рет! Аптасына бір рет шығатын ол газеттің өзі, ай ортасынан ауса да, әлі жарық көрген жоқ. Тек әлеуметтік желідегі осынау шудан кейін ғана холдинг басшылығы «Шығыс ақпарат» ЖШС кәсіпорнында кешенді ребрендинг өткізілуіне және қайта құрылуына байланысты облыстық «Didar» және «Рудный Алтай» газеттерінің 2024 жылдың 25-қаңтарында жарыққа шығатыны туралы хабарландыру жариялады.

А.Дүйсеновтың типография өзін өзі ақтамайды деген сөзіне менің күмәнім бар. 2010 жылы Индиядан миллион долларға сатып алынған баспа машинасы онда еңбек еткен жұмысшылардың айтуынша әлі жап-жаңа. Өскемендегі «Рекламный Дайджест» баспаханасының қондырғыларының өзі оның шаңына ілесе алмайды. 2013 жылы лизингті толық өтеп болған соң, кәсіпорын кіріске де шыға бастағанын айтады білетіндер. Бірақ Арсений мырза бұл баспа машинасын сатқаннан басқа, тығырықтан шығар жолды көрмей тұр. Айтуынша, баспахана жылына 170 млн. шығынға батырады екен. Ал табатын табысын бірде 60, бірде 58 миллион деп жазады. Яғни, бұл - Арсений мырза баспахана жұмысымен айналысқысы келмейді деген сөз. Кәсіптің көзін тапқан медиа менеджер ешқашан мұндай қадамға бармаса керек. «Бұл Арсений мырзаның өзі - нашар менеджер деген сөз. Маркетинг дұрыс жолға қойылмағандықтың белгісі» дейді бұл туралы «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева. «Егер «оңтайландырудың» дақпыртымен баспахана сатылып кетсе, ол - үлкен қылмыс. Ертең жағдай түзеліп, газеттердің шығу саны артып жатса, баспахана неге керек болмасын? Сондықтан, асығыстықпен осы өңірге қызмет жасайтын баспахана сатылып кетсе –ол сол сатушының ар-ожданына түскен қара таңба деп білемін» деп жазады ұзақ жылдар облыстық «Дидар» газетін басқарған редактор, жазушы ағамыз Айтмұхамет Қасымов.

Қалай десек те, Арсений Дүйсенов мырзаның бұл қадамы қате шешім болды деп санаймын мен де. Арсений мырза республикадағы, тіпті өзге елдердегі пайда әкеліп отырған баспаханалардың жұмысын неге зерттемейді? Неге ізденбейді? Баспа ісін өте жақсы білетін мықты менеджер жалдасын. Қосымша қаржы көзін қарастыратын мықты маманнан жоғары айлықты да аямасын. Республикалық деңгейдегі тапсырыстарды қабылдаса да оған ешкім қой демейді ғой. Барлық талапқа сай заманауи типография қалайша өзін-өзі ақтамайды? Сату, қирату талантсыз, ештеңеге бас қатырғысы келмейтін медиа менеджердің шешімі деп айтар едім. Ол осыдан басқа мәселенің шешімін көріп тұрған жоқ. Көзі, көкірегі «соқыр» басшы ғана осындай қадамға барады. Мұның соңы үлкен дағдарысқа әкеледі. Шығыстағы қазақ руханиятының құлдырауына апарып соғады. Кеңес одағы тараған соң, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республика бойынша 16 мыңнан астам кітапхананы қиратып тастадық қой. Соңы не болды? Қазір сауатсыздықтың белең алып бара жатқаны өтірік емес қой. Қазақ «кітап оқымайтын» елге айналды. Желіге байланып отырған жұрттың әңгімесі өсек пен төсектің айналасынан аспайды. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, еститінің кісі өлімі, зорлау, қорлау. «Шығыс ақпараттың» басшысы Арсений Дүйсенов мырза да маған Шығыс жұртын «түнекке» бастап алып бара жатқандай көрінеді.

Ал енді өзімнің «Дидар» газетінен неге кеткенімді жазайын. Нақтысын айтқанда, кетірді десем жөн болар. Өйткені шығармашылық адамын артынан аңдып, қарауыл қою, газет басшысынан менің әрбір қадамым туралы қызметтік хат талап ету, әр жазған мақаламды «дүрбімен» тексеріп, тырнақ астынан кір іздеу, бұл енді кетірудің амалы емей, немене. Газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған Ержан Әбіштің өзі де менің жүрген-тұрғаным туралы бастыққа есеп жазамын деп, қатты қиналып кетті, білем. Мен Арсений мырзаның осы әрекетінен-ақ «Шығыс ақпаратта» қалудың мәні жоқ екенін түсіндім. Ендігі жерде шығармашылықпен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Әрине, іштей қиналдым. Бірақ шешіміме өкінген жоқпын. Осы жерде «Дидар» газетіне қайта оралу туралы да ниетім жоқ екенін айта кетейін.

Жалпы, бұл кісі үшін адамды түкке алғысыз етіп құнсыздандыра салу түкке тұрмайды. Мысалы фейсбуктегі Мұратханның постының астына қалдырған жазбасының бірінде «Журналист аты бар қызметкер өзімен өзі ойына келгенін жазып жүрген, оның нарықтық құны бар ма, жоқ па – ешкімнің шаруасы болмаған» деп жазады. Оның ойынша, жұмыстан қысқарған журналистер, ішінде мен де бармын, құр бос, «ойнап» жүрген секілді. Бұл дегеніңіз журналистің кәсіби шеберлігіне шәк келтіру, абырой-беделіне нұқсан келтіру ғой. Сауатты, білікті медиа менеджер бұлай ешқашан да айтпайды. Жалпы, оның бұлай сөйлеуге қандай қақысы бар? Осы сөзі үшін де Арсений мырзаны сотқа беруге болады. А.Дүйсенов мырзаға дейін де бұл кәсіпорында мемлекеттік тапсырыс деген болған, ешкім де лағып жүрген жоқ, журналистер басшылықтың тапсырмасын орындады.

Жарайды, А.Дүйсенов мырзаның сөзімен айтқанда, «журналист ойына келгенін жазып», лағып жүрді дейік, ал фотограф, корректор, газетті беттеуші дизаинер жұмыстан неге қысқарды? Олар да сонда «ойнап» отырған ба? Отыз жылдық еңбек өтілі бар «Дидар» газетінің корректоры Гүлнар Мұсанованың еңбегін бағаламаны қалай? Газетке барын, нәрін берді. Газеттің қатесін жөндеуге саналы ғұмырын арнаған корректорды далаға лақтырды да тастады. Қазір елуден асқан адамға жұмыс табу да қиын. Ал беттеуші дизаинердің кінәсі не? Саят бауырымыз жұмысын жанындай сүйіп, беріліп істейтін. «Ол жігіт маған ұнамайды» деп, оны да «қысқартып» тастады. Облыстық, республикалық, халықаралық суретшілер байқауларының лауреаты, талантты фотограф Тілеубек Шаяхмет бауырымның да көңілінде реніш, өкпе қалғаны рас. Ал «Рудный Алтай» газетінің бас редакторы Наталья Ершова неге жұмыстан кетті? Осы газеттің мықты журналисі Ерік Абитовтың жұмыстан кетуіне не себеп? Қалған «Алтайньюс» сайтында қызмет істеген тағы біраз әріптестердің жұмыстан кеткенін айтпай-ақ та қояйық. Өйткені, Арсений Дүйсенов мырза кадрдың қадірін білмейді. Себебі, оның өзі журналист емес. Мықты медиа менеджер болса, шығармашылық ұжымды шашау шығармай ұстап отырар еді. Әр маманды бағалар еді. Ал енді «Шығыс ақпараттың» басшысы «жұмыстан кетемін» деген «Дидар» газетінің бас редакторы Серік Әбілханның «шылбырына» неге жармасты? Өйткені, ол Серік Әбілхан орнынан кетсе, үлкен шу шығарын, басы бәлеге қаларын білді. Серік кетсе, өзі де «ұшып» кетерін жақсы түсінді. Әйтеуір, бір орнынан алып, қайта тағайындап, шығыс жұрты шулап жатқан соң, жалынып-жалпайып алып қалды. Өзінің парақшасында жариялаған жазбасында: «Серік Әбілхан інімізді алып тастамақ түгілі қосымша лауазым беріп өсірдік. Атауы «продюсер-бас редактор» деп жазады А.Дүйсенов. Осылайша, қазақ газетінің тарихында «продюсер-редактор» деген жаңа мамандық пайда болды, халайық. Бұл да заманның талабы шығар, бәлкім. Қарсылығым жоқ. Ертең «редактор-педиатр» деген жаңа мамандық шықса да, таңқалмаймын. Өйткені «Шығыс ақпарат» холдингінің басшысы Арсений Дүйсенов мырзаның негізгі мамандығы педиатр-дәрігер ғой...

Жалпы, барған жерінде шығармашылық ұжыммен алысу Арсений мырзаның мықты «қаруы» көрінеді. Бұл да желідегі «айтыс» кезінде белгілі болды. Бұл туралы Алтынай Мағзұмова былай деп жазды: «Шығыс ақпарат» медиа холдингіне Арсен Дюсенов бастық болып келгенін естігенде-ақ ұйып отырған ұжымды ұшпаққа шығармасын сезім едім. Көп ұзамай күдігім расқа айналып келеді. Кәрі жүрек алдамапты... Олай дейтін себебім, осы Дүйсенов Қазақстан-Өскемен телеарнасына директор болып келе сап, сол кезде дәл қазіргі «Дидар» газетіндегідей жаппай қысқарту, жұмыстан шығару бізде болған... Мәселен, осы телеарнада 30 жылға жуық еңбек етсем де мені 2013 жылы ебін тауып жұмыстан қысқартып тастады. «Аққа құдай жақ» деген шындықтың туын көтеріп тура бір жыл соттасып жүріп, нәтижесінде жұмыстан заңсыз шығарылғанымды дәлелдеп қызметіме қайта оралдым».

Кезінде Арсений мырзаның «қуғын-сүргініне» ұшырағандар телевидениеде көп екен ғой. Телефонмен «менің де соңыма түсті» деп хабарласып жатқандар әлі бар.

Құдай-ау, құрметті Арсений Дүйсенұлы, сіз бір айлыққа қарап, күнін әзер көріп жүрген журналистермен алыспай, анау Шығыстағы ақшасы бар, қалтасы қалың, мықты алпауыт кәсіпорын иелерімен неге алыспайсыз? «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қайда?», «Руханиятқа, газетке неге қаржы құймайсыңдар? деп, апшысын қуырсаңыз болмай ма? Әлде оған білігіңіз, біліміңіз жетпей ме? Өзіңізге осы міндетті сеніп тапсырған облыс әкімі Ермек Көшербаевтан неге «дипломатияның» қыр-сырын, әлемдік тәжірибені сұрап, үйренбейсіз? Кәсіпорынның талан-таражға түскеніне журналистердің қатысы қанша? Мен соны ұқпаймын. Өзім кәсіпорыннан бір тиын артық ақша алып көрген жоқпын. «Бақытты болып үйреніп жүрмін» деген кітабымды да өзімнің тірнектеп жинаған ақшама шығардым. Шығысқа марқұм Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрған кезінде газеттің 80 жылдық мерейтойының құрметіне маған бір пәтер беремін деп уәде беріп еді. Ол да бұйырмады маған. Сол кезде Бердібек ағамыздың қасында жүрген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мұны жақсы біледі. Бұл пәтер туралы Оңдасын ағамыз ел газеті «Егемен Қазақстанға» сүйіншілеп хабар берді. Тәуелсіздік Қазақстанның жетістігін отыз жыл бойы жырлап келе жатқан тәжірибелі, кәсіби маман болсам да, еңбегім еш бағаланған емес. Жыл сайын Журналистер мерекесі қарсаңында «Ақпарат саласының үздігі» белгісіне ұсынады. Бірақ мені ұсынғанымен, ол атаққа кәсіпорындағы басқа адам ие болады. Неткен екіжүзділік? Таңқаламын.

«Шығыс ақпарат» кәсіпорны басшысы Арсений Дүйсенов мырза өзінің жазбаларында «сайт, әлеуметтік желі алдыңғы қатарға шығу керек» деп жазады. Оған таласым жоқ. Бірақ газетті сонша сүмірейтуге де болмайды ғой. Ауыл-аймақ әлі толық цифрланып кеткен жоқ. Интернеті жоқ ауылдар әлі жетерлік. Газет оқитын оқырман әлі бар. Мысалы, бір ғана Ұлан ауданы Тарғын ауылындағы мектептің 33 мұғалімі облыстық «Дидар» газетіне жазылыпты. Бірақ әлі газет қолдарына тиген жоқ. Бұл дегеніңіз оқырманды сыйламау ғой.

Содан кейін, «Шығыс ақпарат» кәсіпрорнының басшысы қараша айынан бастап «Рудный Алтай» газеті журналистерінің жалақысын өсіріп, неге «Дидар» газетінің журналистерінің жалақысын көтермеген? Неге қазақ журналистерін «шөміштен» қаға береді? Айқай-шу шыққан соң ғана, әріптестерім бұл «қулықты» біліп қалды. Оның өзінде де Арсений мырза өз жазбасында «Кеше ғана кейбір азаматтар өткен айдың 350 мың жалақысының үстіне 120 мың гонорар алып отыр деп» кездейсақ құпиясын айтып қалды. Неге бұлай? Неге «кей азаматтар» жоғары айлық алады да, кей азаматтар алмайды? Бұл жерде «кей азаматтар» деген сөзіне ерекше мән беріңізші. Осыдан кейін ғана қазақ журналистерінің айлығын қаңтар айынан бастап «қысқарған қызметкерлердің есебінен» өсіруге уәде берген.

Жалпы, «қысқарған қызметкерлердің есебінен қалғандарының жалақысын көтергенін» мықты медиа менеджер өңірдің «ақсақалдарына» сүйіншілеп айтып жатыр. Мұны да жетістігім деп санайтын секілді. Бірақ әріптестерімнің айтуынша, жұмыс ауқымы екі, үш еселенген. Оларды газет шыққан соң, газетке де, сайтқа да жазуға міндеттеп отыр. Одан қалса, әрқайсысы ролик те түсіруі керек. Жалпы Арсений Дүйсенов мырза газет пен телевидение жұмысын шатастырып алған секілді ме, қалай? Дәстүрлі газет журналистерін ролик түсіруге міндеттеу педиатр маманға пациенттің тісін жұл деумен бірдей емес пе? Рас, журналист әмбебап болуы керек. Оған келісемін. Бірақ қазақта «екі қайықтың құйрығын ұстаған» суға кетеді деген тағы бір дана сөз бар. Осыдан барып газеттің сапасы нашарлайды, «газетте оқитын тұщымды дүние жоқ» деп, оқырман өкпелейді. Журналистің бір мақаласының артында қаншама ізденіс, қаншама еңбек бар. Ой қорытып, оны қазазға түсіру оңай емес. Оның үстінде Өскеменде әкімдік жиналыстарының барлығы дерлік ресми тілде өтетінін ұмытпаған абзал. Орыс журналистеріне оңай, ал мемлекеттік тілде жазатын журналистке әкімдік жиналыстарын аудару үшін уақыт керек. Сонда қазақ тілді журналист аудармашының да міндетін атқарып отыр деген сөз. Қазақ тілді журналистердің мұндай еңбегі ерекше бағалауға лайық. Арсений мырза газет журналисі болмаған соң, мұндай нюанстарды білмейтін шығар, бәлкім.

Жалпы, мен Арсений Дүйсеновтың кім екенін білмеймін. Бұл кім? Педиатр дәрігер баспасөз саласына қалай келген? Ғаламтордан ол кісінің жазғандарын, түсірген хабарларын іздеп едім, таппадым. Әлде «Мәке, Секе, Бике, Ереке, Реке» деп, тамыр-таныстықпен осындай мансапқа жеткен адам ба? Кім ол? Қандай еңбегі бар? Айтыңыздаршы...

Мейрамтай Иманғали,
Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы тілшісі

Пікірлер