Депутат кетті, іс бітті ме? Келерінен не қайыр?

2135
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы тең төрағаларының бірі Динара Шүкіжанова өз еркімен мандатын тапсырып, өңірдегі өндіріспен айналысатынын айтты.

«БӘЛКІМ, ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БЕЛГІСІ ШЫҒАР»

Жалпы депутаттардың мандатын өз еркімен тапсырып кетуі сирек, тосын жағдай. Сондықтан да Динара Аманжелқызына депутаттық мандатты тапсырып беруге біреу итермелеген жоқ па деп сұрақ қойдық. Бұл сұраққа экс-депутат «Жоқ» деп жауап берді.

– Бұл нұсқаның негізсіз екенін бірден ашып алайық. Иә, депутат мандатын өз еркімен тапсыру  тосын әрекет болуы мүмкін. Бірақ менің шешімді құптағаны үшін әріптестеріме алғысымды білдіремін. Депутаттар бүгін мені өз жұмысыммен айналысуға жіберуді қолдап, дауыс берді. Бұл үшін Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлына алғысымды білдеремін. Бәлкім, бұл «Жаңа Қазақстанның», демократиялық ел болудың белгісі шығар. Мысалы, біз партия ішінде орнымызды ротация арқылы жаңартып, бір орынға жабысып отырмаймыз деп келіскен болатынбыз. Мұны біз іс жүзіне асырып жатырмыз, – деді ол.

Динара Шүкіжанова жас әрі жігерлі депутат болғанымен, мемлекеттік тілді білмейтінімен есте қалды. Қазақ тіліндегі сұраққа орыс тілінде жауап бергеннен кейін «Америкалық дипломат 9 айда қазақ тілін үйреніп алды. Парламентте депутат болған 10 айдың ішінде қазақ тілін үйренбегеніңіз ұят емес пе?» деп сұрақ қойдық. Кейбір орыс тілді журналистер «Негізсіз сұрақ» деп жауап бермеуді сұрағанда экс-депутат «Дұрыс сұрақ» деп қазақ тілінде жауап беруге тырысты.

– Мен сізге қазақша айта беремін. Мен қазақ тілін де үйрендім. Қазір қазақша да, орысша да, ағылшынша да сөйлеймін. Сіз дұрыс айтасыз, Парламентке келгенде қазақша өте қиналып сөйледім. Қазір де менің ойымша, менің қазақ тілім жақсы емес. Мойындаймын. Бірақ біздің комитеттің отырыстары қазақ тілінде болады. Сонда менде қазақша сөйледім. Сонымен сіздің сұрағыңыз «Неге қазақ тілінде сөйлемейсің?» дұрыс емес. Яғни, мен қазақша сөйлеймін, – деп жауап берді келгенінен кетері тез болған депутат.

«ӘЛІ ШЕШІЛГЕН ЖОҚ»

Respublica партиясының төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Динара Шүкіжанованың депутаттық мандатына байланысты партия ішінде қайшылық жоқ екенін айтты.

– Динара Шүкіжановамен партия құрылмай тұрған кезеңнен жақын доспыз  және бұдан кейінде жақын араласамыз. Бұл – арамызда ешқандай қайшылық болмағанының белгісі. Ол біздің партиямыздың тең төрағасы және Орталық кеңестің мүшесі болып қалады. Біріншіден, Динара Шүкіжанова өзіне қойылған мақсаттарына жетті. Таяуда «Енді мен жаңа жоба алмай, депутаттық мандатты өткізіп, басқа кандидаттарды енгізбейміз бе?» деген ұсыныспен шықты. Әріптестерімізбен бірге ақылдасып, шынымен де біздің артымыздан келе жатқан кандидаттарды алдымызға неге шығармаймыз деген ой болды. Сондай-ақ біздің сайлаушыларымызға және бізге дауыс бермеген адамдарға да, біздің тізімде лайықты кандидаттар бар екенін көрсету саясатымыз болды. Ендігі сайлауда көбірек орын берсе, мұндай айналым болмай басынан бастап аяғына дейін жұмыс істейтін едік, – деді ол.

Партия жетекшісі Динара Шүкіжанованың орнына кім депутат болатынын ашық айтпады.

– Қазір мен сізге ондай ақпаратты бере алмаймын. Себебі ол басқа кандидаттар үшін әділетсіз болады. Бір аптаның ішінде біз шешім қабылдаймыз. Кімнің депутат болатыны әлі шешілген жоқ, – деді ол.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер