СІМ жалтарады, тарихшылар үнсіз. Ресейлік насихатшыға қазақ-өзбек атынан Көшербаев қана жауап берді

6424
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: Adyrna
Коллаж: Adyrna

Ресейлік насихатшылардың шабуылына әзірге Орталық Азия елдерінің тарихшылары мен ресми өкілдері нақты жауап берген жоқ.Осындай кезде үнемі көзге түсетін өзбекстандық шенеунік қана тойтарыс беруге тырысып, соның амалдарын ұсынды.  

Ресейлік насихатшы тарихшы Михаил Смолин “Место встречи” бағдарламасында “Қазақ, өзбек, әзербайжан деген халық 1917 жылғы революцияға дейін болмаған” деген болатын. Бұл сөз түркі мемлекеттерінің азаматтарының шамына тиіп, қызу пікірталас тудырды.

Қазақ пен өзбек азаматтары ашуланатындай Михаил Смолин “Место встречи” бағдарламасында не айтты?

Қазақстан қалай пайда болды? Шын мәнінде РСФСР құрамында Қазақ ССР-і пайда болды. Демек ешқандай қазақ деген ұлт болмаған... Мысалы, өзбек ұлты да революцияға дейін болмаған. Тіпті өзбек деген этникалық атау болған жоқ. Орталық Азиядағы бірнеше ұлттан өзбек құралды. Тура солай, Әзербайжан ұлтын айтуға болады. Әзербайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Ресей империясы өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді, - деді Смолин.

«ҮГІТ-НАСИХАТ АРНАЛАРЫН ТОҚТАТУ КЕРЕК»

Өзбекстанда ресейлік «тарихшының» негізсіз пікірі қызу талқыланып жатыр. Өзбек азаматтары елдің Сыртқы істер министрлігінің бұл мәселеге реакция білдіруін талап етіп жатыр. Михаил Смолинның пікірі қарапайым халықты ғана емес, саяси тұлғалардың да ашуын тудырды. Мәселен бұрынғы депутат, Экология, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев ресейлік «тарихшының» пікірін «барып тұрған сорақылық» деп бағалады.

Орыс шовинисі, насихатшылардың бірі, тарихшы Михаил Смолин 1917 жылға дейін өзбектер мен қазақтар ұлт ретінде болған жоқ дегенді алға тартады. Видео ресейлік НТВ арнасында көрсетілді. Ресей зиялылары Кремльдің бұйрығымен өз қоғамын Орталық Азия елдерін жаулап алуға дайындап жатқан сияқты. Бұл сценарий Украинаға басып кіруге дейін алдын ала жоспарланғаны көпшілікке белгілі. Осындай әрекеттерден кейін ең болмағанда қоғамымызды ақпараттық шабуылдан қорғау үшін алдымен ресейлік үгіт-насихатпен айналысатын барлық арналарды таратуды тоқтату туралы шешімге келу керек. Бұл енді барып тұрған сорақылық, - деді ол.

Қазақ-өзбек халқын өзара қарындас туыс деп сипаттаған Расул Көшербаев мұның алдында да ресейлік насихатшылардың шабуылдарынн өткір айыптағаны белгілі.

«КӨП СӨЗГЕ ҚАРАҒАНДА КАРТА ТҮСІНІКТІ»

Ал Олий мажлистің вице-спикері Одилжон Тожиев өзінің ресми Telegram-каналында Михаил Смолинға қатысты пікір білдірді.

Негізі шала сауатты үгіт-насихатшылардың ұлттық мәселені қоздыратын мәлімдемесіне мән бермеу керек. Бірақ, жастарымыз мұндай арзан қулыққа алданып қалмасын деп бос сөз емес, бірнеше тарихи картаны ұсынамын. Менің ойымша, бұл көп сөзден қарағанда әлдеқайда түсінікті.

P.S. Карталардың біріншісі – 1735 жылы еуропалық картограф А.Маас құрастырған Орталық Азия картасы (Аймақтың атауы «өзбек» деп берілген);

Екіншісі – Осман империясы, Арабия, Өзбек мемлекеті және Парсы империясының егжей-тегжейлі картасы. 1753 жылы Роберт де Вагонди құрастырған және 1757 жылы жарияланған;

Үшіншісі – 1730 жылы неміс картографы И.Хоман құрастырған «Өзбек Бұхара» топонимі бар Азия картасы», - дейді ол.

ТҮСІНІК БЕРУДЕН ҚАШҚАН ШЕНЕУНІК

Ресейлік «тарихшының» көзқарасы Қазақ елінде де қызу талқыланды. Бүгін сенат отырысынан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің даулы мәлімдемесіне пікір білдірді. Вице-министр қарапайым ресейліктердің пікірін елемеуге шақырды.

Қоғамда кейбір жеке тұлғалар өткенге және Қазақстан тарихына қатысты түрлі пікір айтады. Менің ойымша, жеке тұлғалардың пікіріне түсінік берудің қажеті жоқ. Себебі оның заң және практика тұрғысынан да мәні жоқ. Сондықтан басқа сұрақтарыңыз болса, аптаның әр дүйсенбісінде Сыртқы істер министрлігіне өтетін баспасөз мәслихатына шақырамыз. Мұнда осындай сұрақтар қойылады. Мен сұрағыңызға жауап бердім, - деп сырғыта құтылған болатын вице-министр ханым.

Бұдан алдын Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова Смолиннің дегеніне меңзеп «таза субъективті сипаттағы толығымен автордың ар-ожданындағы» мәселе ретінде, яғни авторлық пікір, оның Ресей және Орталық Азия елдері қатынасына қатысы жоқ деген сыңайда түсінік беруге тырысқан еді.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер