БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Назарбаевтар бұл балалардың шыққан тегін іздеп келетінін бес саусағындай анық білген

3793
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Бұрынғы кездерде ойлаушы едім, дамыған өркениетті елдерде қазақтың элиталы топтары шықса екен, қайткенде де үлкен ықпалды күштерге айналса екен деп. Өркениетті елдерде бой түзеген сол күштер Қазақстанның дамуына, қандай да бір демократиялық құндылықтарға бағыт алуына ықпал жасаса екен деп ойлайшы едім. Дәл қазіргі Қазақстанның жүйесі де, қоғамы да, қырықбуын, қырық пілтелі идеологиясы да қазақты ешқашан да ұшпаққа шығармайды. Бұл қазіргі күні мүмкін емес. Мен оған сенбеймін.

Ал енді шетелге көздері мөлдіреп сатылып кеткен балаларды айтайық...

Осыдан 19-20 жыл бұрын шетелге сатылып кеткен балалар басын бастап әке-шешелерін іздеп келе бастады. Менің ойымша, бұл ең басы ғана. Әлі масқара мен сұмдықтың атасын алдағы уақытта көретін сияқтымыз. Себебі, мыңдаған бүлдіршіндер шетел асып кетті. Олардың әрқайсысы 50 мың долларға саудаланып, құлқынына құм құйырғырлардың өңешіне түсті.

Осы балаларды сатқандардың ең басында Назарбаев пен оның әулетінің болғаны тайға таңба басқандай етіп көрініп отыр. Бір кездері бала сатып, жер сатып, қазақтың байлығының жер асты мен үстіндегісінің бәрін сатып құлқыны тоймаған Назарбаев (жалғыз Назарбаев қана емес, сыбайластары сан мың адам. Олар әлі қазақты басқарып отыр) осы бүлдіршіндерді сатқанда балалардың орынын ауыстырып жіберген, өлдіге санап, тіпті айғақ қалдырмайтын талай сұмдықтарды іске асырған. Сөзсіз солай болған. Оның дәлелі – қазіргі Бельгиядан ата-анасын іздеп келген Жәнібектің тағдыры.

Құлқыны тоймағыр Назарбаевтар кланы мәселені өте тым арыдан ойлағанына менің енді көзім жетіп отыр. Назарбаевтар бүлдіршіндерді саудалағанда о баста айғақ қалдырмаудың барлық тәсілдерін жасаған. Балалардың орнын ауыстырып жіберу, жалған құжаттармен басқа адамдардың аты-жөнін қолхат ретінде қалдыру сияқты талай сұмдықтар іске асқан болуы да мүмкін. Дәл осы жағдайлар алдағы уақытта бірінен соң бірі ашылады деп ойлаймын. Себебі, олар сатқан балалар легі әлі мыңдап шетелден ата-аналарын іздеп, Қазақстанға ағылады.

Назарбаевтар осы бүлдіршіндердің есейіп, жан-жағына қарағанда елге келетінін білген. Сондықтан да қорғаныс шараларының бәрін о баста айғақ қалдырмай жасаған. Біздегі бүлдіршіндерді ауру, денсаулықтары нашар деп сатқан. Бірақ, шын мәнінде олай емес, дені сау балаларды шетінен сата берген. Мен бұлар жайында біраз мәліметтерді қарап көрдім.

Бұл бүлдіршіндердің көпшілігі дамыған өркениетті АҚШ, Еуропа елдеріне сатылған. Бұл елдер өркениеттің, демократияның, технология мен дамудың локомотивтері. Сондықтан да бұл елдерде өскен балалар еркін, сергек, өз ұстанымдарына мықты болып өседі. Мысалы ретінде Жәнібекті қараңыз, төрткүл дүниенің төрт бұрышының бәрін аралап үлгерген бала. Алғыр, зерек, жан-жақты.

Назарбаевтар бұл балалардың болашақта елге өздерінің шыққан тектерін іздеп келетінін бес саусағындай анық білген. Бұл балалар біз сияқты орыстанған, әбден былыққан қоғамға бойы ешқашан да үйренбейді. Әділетсіздкке төзбейді. Болашақта осы балалар шетелдерде бас қосып, үлкен коалицияға бірігіп, Қазақстан билігіне қарсы күштер болып қалыптасуы да мүмкін. Бұлар өздеріне Қазақстан билігінің қандай қастандық жасағанын ешқашан да ұмыптайды. Одан кейін, дамыған өркениетті елдерде бұл балаларға азамат болып қалыптасқан соң, миссияларын атқаруға үлкен мүмкіндіктер бар.

Шетелге сатылған балалар өрімдей жап-жас болса да, өркениетті елдерде жүріп, дәл біздің орыстанған албасты, тоғышар қоғамға қарағанда әлдеқайда ой-санасы мен еркіндік, бостандық жағынан алға шығып кеткен. Назарбаевтар о баста осы жағын да ескеріп, барлық қауіпсіздік шараларын қолға алған. Дәл осы балалардың ортасынан өте мықты генийлер мен вундеркиндтер де шығады. Себебі, о баста тегінен адастырып жіберген балалар талай-талай жан азаптары мен ішкі әлемінде қорлықтарды басынан өткереді. Талай-талай әлемдерге сапар шегеді, әйтеуір бір арнаға түсіп, біреуі технолгия саласының, біреуі ғылым саласының, біреуі саясат пен басқа да саланың ұстынына айналады. Мысалы ретінде, Стив Джобсты алайық. Тағдыры дәл осы балалардікіндей. Жетпеген жетістігі, шықпаған биігі қалмаған.

Болашақта көресіздер, дәл осы балалардың легі елге қарай ағылады. Тағы айтам, бұл басы ғана. Бұлардан талай-талай ғылым мен өнертабыс иелері шығып, елге келіп жатса, біздің тоғышары мен наданы көп түнек қоғам бұл балаларды шетке теуіп, талай масқараларды істейді әлі. Бұл балалар өркениетті қоғамның өнімдері. Бұлардың бойындағы көптеген қылықтары біздің тоғышарлары көп қоғамға ұнай бермейді. Елге келіп, бір өзгерістер жасаймын деген бұл балалардың легі шықса, оларға біздің тоғышарлар: «Тексіз неме, кеше ғана саудаланып сатылып кетіп, қайта келіп, шығарып отырғанын қара мынаның» деген сөздер айтылатынына 100 пайыз кепілдік беремін.

Біздің мынау тоғышар қоғам өзгерісті ешқашан да қаламайды. Қатып, сіресіп, тұрған орнынан босамайтын орыс қоғамы бұл. Сондықтан  30 емес, 100 жыл өтсе де Назарбаев өйтті, бүйтті деп уақытын өткізіп жүре береді. Назарбаевқа бәрібір. Тіпті, оның орынына кім келсе де бәрібір. Қазақ өзгермей, олар ешқашан өзгермейді.

Кешегі Мұхтар Мағауиннің «Мен елге бармаймын, ол ел орыс қоғамы» дегенін тіпті біздің интеллигенциясымақтардың өзі түсінуге өресі жетпеді. Біздің қоғам таза ресейшілденген тоғышар орыс қоғамы. Жүйесі де орыс, ұстанымы да орыс, әділетсіздігі мен қылығының бәрі орыстікі. Ешқашан да өзгеріс дегенді қаламайды. Ресей әлемі, Ресей қоғамы деген – дүниедегі ең жексұрын, ең жиіркенішті қоғам. Бүкіл жамандықтың бәрі солардан шығады. Күншілдік, өсек, ғайбат, балағат, бақталастық, бірін бірі өлтірудің бәрі осы орыс қоғамының еншісінде. Қазақ орысша сөйлегеніне, орыстан үйренгеніне, орысша мәңгіргеніне мәз.

Ой, тоба! Біз тоғышары мен надандары көп, мынау қоғам осы бала болсын, толсын, іс-әрекеті бар екен ғой, белін бекем буып, додаға салып қолдайық, Ел мен жұртына пайдасы тиер деп бір қолдау бермейтін сұмпайы, албасты қоғам құрып алдық. Өз обалымыз өзімізге. Міне, орыстанған надан, тоғышар қоғам, орыс қоғамы деп осы қоғамды айтады.

Егер де біз тоғышары мен наданы көп қоғам болмасақ, мынау бүлдіршіндер шетел аспас еді. Жетім де болмас еді. Жайшылықта тектіміз, қанымыз таза, жетімін жылатпаған елміз дегеніміздің бәрі далбаса. Шетелдіктер біздің балаларды қаны таза болғаннан соң сатып алды дегеннің бәрі қырттардың сөзі. Шетелдіктер біздің елде жетімдер тым көп болғандықтан сатып алып кетті.

 

Бекболат Қаржан

 

 

 

Пікірлер