Астанада Болат Атабаев туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

1032
Adyrna.kz Telegram
Болат Атабаевтың Facebook парақшасынан
Болат Атабаевтың Facebook парақшасынан

Астанада Болат Атабаев туралы “Мың жылдық ойын” деректі фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Фильмнің тұсаукесеріне театр жастары, өнер саласында білім алып жатқан студенттер, марқұмның туыстары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері де келді.

Фильмнің авторы – жазушы, журналист, документалист Қанат Тілеухан. Фильмнің аты – «Мың жылдық ойын».

“2021 жылы Болат Атабаевтың 70 жылдығы еді. Соған орай түсірсе деген әуелде ой болған. Бірақ оның реті биыл келді. Театрдың мың жылдық ойыны әлі жалғасып жатыр. Авторитарлық жүйенің, диктаторлық биліктің сонау Рим империясынан бергі императорлардың халықпен ойнауына да мың жыл. Осы мыңжылдық ойындардың арасында басын тасқа да, тауға да соққан режиссердің бейнесін жасауға мүмкіндігімізше тырыстық. Әрине, жаңа Ермек Тұрсынов айтқандай Болат аға ең бірінші кезекте суреткер. Бұл театрдың қарсылығы, театрдың күресі. Өнер арқылы ол кісі өзінің сөзін айтқысы келді.  Еркіндік, демократиялық құндылықтарды дәріптегісі келді”, – дейді фильм авторы Қанат Тілеухан.

Еске сала кетейік, Болат Манашұлы Атабаев – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. "Ақсарай" театрының көркемдік жетекшісі.

Режиссер Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында Б.Римованың "Қос мұнлық", М.Мақатаевтың "Қош, махаббат" (1991), И.Оразбаевтың "Шыңғыс хан" (1994), Қ.Ысқақтың "Жан қимақ" (1995), Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" (1996), Ә.Кекілбаевтың "Абылай хан" (1998), А.Чеховтың "Шағала" (1998), М.Метерлинктің "Соқырлар" (1993), Б.Брехттің "Тоғышардьң тойы" (1999); сонымен қатар Р.Мұқанованың "Қаралы сұлу" (М.Әуезовтің шығармасы бойынша) спектакльдерін көрермен назарына ұсынған.

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер