Алматылық оқушылар Үндістанда өткен робототехника чемпионатынан жүлделі оралды

990
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

2024 жылдың 25-28 қаңтар аралығында Үндістанның Гоа қаласында робототехникадан өткен «The Goa International Robotics Festival» халықаралық ашық чемпионатында 220 команда бақ сынасты.

Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Екібастұз, Құлсары, Алматы және Астана қалаларының оқушылары қатысқан.

Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласынан барған «Sana team» және «Qazaq style» құрама командалары екі жоғары наградамен марапатталды.

12 жастан 18 жасқа дейінгі FIRST Tech Challenge санаты бойынша:

-1 орын «Motivate award» - Sana Тeam командасы, Алматы қаласының Білім Инновация Лицейі (БИЛ);

-1 орын «Inspire award» - «Qazaq style» құрама командасы, Алматы қаласының №124 ЖББМ, №81 мектеп-гимназия, №178 мамандандырылған лицей, №206 мектеп-гимназия, №200 мектеп-гимназиялары.

«Біздің командаларымыз жарысқа қатысу тәжірибесінің аздығына қарамастан өте жоғары кәсіби деңгейін байқатты. Чемпионатта тамаша ойын өрнегін көрсетіп, төл мәдениетімізді паш етті. Елімізге шетелдік командаларды шақыру үшін үлкен жұмыс атқарылды. Осылайша, ақпан айында Астанадағы Орталық Азия ойындарына Үндістан мен Шри-Ланкадан бірнеше команда қатысатынын растады», — деді «Алматы дарыны» орталығының бөлім басшысы Жанна Алмусаева.

Айта кетсек, Гоа қаласында өткен жас өнертапқыштар бәйгесіне жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Almaty Tech Cup» республикалық турнирінде жеңіп алған болатын.

Пікірлер