Қазақстан мұнайының неше пайызы Қытайға тиесілі?

2070
Adyrna.kz Telegram

Қытай компаниялары көбінесе шағын кен орындарында жұмыс істейді

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев отандық мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялардың үлесі туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Шетелдік компаниялардың үлесі өте зор. Өйткені олар Қазақстанға келіп, инвестицияларды тартып, алып келеді. Осы салаға біздің өз қаржымыз ешқашан жетпейді. Себебі қыруар қаражат қажет. Мәселен, Теңіз жобасын кеңейту бойынша "Шеврон", "ЭксонМобил" сияқты шетелдік компаниялардың арқасында тек бір кен орнында үш жылда 37 миллиард долларды игерейін деп жатырмыз", - деді Бозымбаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Министр әрбір шетелдік компанияның нақты үлесін атай алмайды. Бірақ Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақ сияқты ірі жобаларда шетел инвесторларының үлесі 60 проценттен асатынын жеткізді. Негізгі акционерлер – Ұлыбритания, АҚШ, Италия мен Ресей.

"Қашағанда бір қытайлық компанияның үлесі бар. Ол шамамен 16 процент сияқты. Сондықтан сондай бір артып кетті деген сөздің ешқандай негізі жоқ. Бірақ кішігірім кен орындарында он шақты қытай компаниясы осы кен орындары компанияларының иелері болып отыр. Ол рас. Ондай бар. Әсіресе, Қызылорда мен Ақтөбе облысында", - деп атап көрсетті Бозымбаев.

 

Пікірлер