Алматыда Денис Тенге ескерткіш тұрғызылды

2447
Adyrna.kz Telegram

Алматыда 2018 жылы шілдеде кісі қолынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған ескерткіш ашылды.

Мүсінде спортшының 2014 жылы Сочидегі олимпиадада өнер көрсету сәті бейнеленген. Бұл олимпиадада Денис Тен қола жүлде ұтып алған еді. Ескерткіш Құрманғазы - Байсейітова көшесі қиылысына орнатылған. Оны Санкт-Петербург мүсіншісі Матвей Макушкин жасаған. Денис Теннің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен қаланған. Биіктігі - 2,4 метр.

«Біз Оксана Алексеевнаға алғыс айтамыз, өйткені әрбір деталь, штрихына дейін соның қадағалауында болды», - дейді Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Ақпарат бойынша, алдағы уақытта Денис Теннің анасының спортшы ұлы жайлы кітабы да басылып шықпақ.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Кейін бұл оқиға бойынша Құдайбергенов, Қиясов және Толыбаева ұсталған.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

 

Дереккөз: www.azattyq.org

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер