Тбилисидегі наразылықтың үшінші күні: Жаңа талаптар, ерте сайлау

2927
Adyrna.kz Telegram
Маусымның 22-сі Грузия астанасы Тбилисиде мыңдаған адам Ресейге қарсы шеруге шығып, шенеуніктердің отставкасы мен кезектен тыс сайлау өткізуді талап етті.

Маусымның 22-сі күні өткен наразылық шарасы алдыңғы екі күнге қарағанда бейбір әрі тыныш өтті. Маусымның 23-іне қараған түні мыңдаған азамат парламент ғимараты алдынан "Грузин арманы" билік партиясының кеңсесі орналасқан жаққа қарай қозғалды.

Наразылар билік партиясының кеңсесіне қарай жылжып барады. 23 маусым 2019 жыл.
Наразылар билік партиясының кеңсесіне қарай жылжып барады. 23 маусым 2019 жыл.

Ғимаратты қоршаған полициямен наразылар бетпе-бет келді. Бір күн бұрын елдің парламент спикері Ираклий Кобахидзе отставкаға кететінін мәлімдесе де, оппозициялық партия өкілдері наразылық шарасын жалғастыра беретінін айтқан. Наразы азаматтар ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті. Олар сонымен бірге наразылықтың алғашқы күні ұсталған азаматтарды босатуды, халыққа күш қолданған полиция қызметкерлерін жазалауды сонымен қатар елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді талап етті.

Наразылар билік партиясының кеңсесіне қарай жылжып барады.
Наразылар билік партиясының кеңсесіне қарай жылжып барады.

Маусымның 20-ы күні Тбилисиде болған жаппай наразылыққа ресейлік депутат Сергей Гавриловтың Грузия парламенті төрағасының орындығына отырып алуы түрткі болған еді. Тбилисиге сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін Парламентаралық православие ассамблеясының жиынына төрағалық еткен.

Парламент ғимараты алдында противогаз киіп отырған жас.
Парламент ғимараты алдында противогаз киіп отырған жас.

​Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары - Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп санайды.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили Гавриловтың іс-әрекеті - "айтарлықтай қылмыс", бірақ қоғамның көтерілуін онымен ақтауға болмайды деп, наразылықтың артында басқа бір күштер тұруы мүмкін дегенді меңзеген.

Маусымның 22-сі күні мыңдаған шеруші парламент ғимараты алдында телефондарының жарығын қосып, Грузияның ұлттық әнұранын айтты. Полицейлер парламент ғимаратының маңын болат қоршаумен бекітті. Митингке келгендер арасында бас сүйегінде резеңке оқ тұрғаны көрінетін рентген суреті таратылды. Бұл маусымның 20-сы күні наразылық кезінде басына резеңке оқ тиген азаматтың рентген анықтамасы екені айтылды.

Оппозициялық партия өкілдері елді алаңдатқан саяси-экономикалық мәселелерге қатысы жоқ жайттарды да қозғап, наразылар талабының ауқымын кеңейтуге тырысты.

"Үкімет қоғаммен байланысы жоқ, ешкімге есеп беруі міндет емес деп санайтын кеудемсымақ орган сияқты әсер қалдырады. Ал оппозиция қолда бар Ресей картасын пайдаланып, "Грузин арманын" Ресейге жұмсақтық танытты деп айыптауға тырысып жатыр" дейді Карнеги институтының саяси сарапшысы Томас де Валль.

Тбилисидің Грузиядан бөлінетінін мәлімдеген екі аймақ - Оңтүстік Осетия мен Абхазияны қайтадан өз бақылауына алуға және батыс ұйымдарына қосылып, НАТО ұйымына енуге деген талпынысы 2008 жылы Ресеймен арадағы бес күндік соғысқа себеп болған. Содан бері екі ел арасында жағдай салқындаған.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили Ресейді "басқыншы әрі мемлекет жауы" деп атап, Мәскеу наразылыққа себепші болды деп айыптады.

Ресейдің ішкі істер министрінің орынбасары Григорий Карасин маусымның 21-і күні наразылықты "Грузиядағы радикалды саяси күштердің қарсылығы" деп атады.

Грузия парламенті ғимаратының маңында тұрған болат қоршау.
Грузия парламенті ғимаратының маңында тұрған болат қоршау.

Карасиннің айтуынша, Тбилисидегі шерушілер "өте маңызды халықаралық форумды" пайдаланып, елде Ресейге қарсы көңіл-күйді арттырып отыр.

Маусымның 21-і күні Ресей президенті Владимир Путин шілденің 8-інен бастап Ресейден Грузияға жолаушылар тасымалдауға тыйым салды.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Грузиядағы жағдай қалпына келмейінше тыйым күшінде болатынын айтқан.

"Грузиядағы жағдай қалпына келуі тиіс және азаматтарымыздың өміріне қауіп төнбеуі қажет" деді ол.

Парламенттің бұрынғы спикерінің суреті ілінген футболка киген адам.
Парламенттің бұрынғы спикерінің суреті ілінген футболка киген адам.

Грузияның ақпарат құралдары наразылықтың бірінші күні ондаған адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың көбі кейін босатылған.

Маусымның 22-сі күні парламент ғимараты маңындағы жолға отырып алған жастар полицияда қамалған достары бостандыққа шықпайынша ол жерден кетпейтінін айтты. Олардың кейбірінің қолында "Соғыс жалғасып жатыр. Ресей басқыншылығына төзбейміз" деген жазуы бар плакат болған.

​Грузияның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, наразылар мен полиция қақтығысы кезінде 240 адам зардап шеккен. Елдің ІІМ 305 адамның ұсталғанын хабарлады. Соңғы ақпарат бойынша ауруханада наразылық кезінде зардап шеккен 56 адам ем қабылдап жатыр.

Ведомство 20 маусымда полициямен қақтығыс кезінде жараланған шерушілердің бірі қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін грузин тілінде ақпарат тарататын Agenda.ge сайты, Euronews-тің орыс редакциясы және бірқатар ақпарат құралдары қақтығыс кезінде көзінен жарақат алған шеруге шыққан азаматтардың бірі ауруханада көз жұмды деп хабарлаған еді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер