ЕЛДЕС ОРДА: Түркі руханияты, түркі мұсылманшылығы және түркілік саяси сана

1684
Adyrna.kz Telegram

Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине.

Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су, салық немесе шексіз билік үшін ғана емес еді, әлемдік қара күшке еге болу үшін де жауласатын. Бүгінгі тілмен айтқанда ақпараттық медиа соғысына ұқсап қалады. Бір елдің көріпкел бақсылары екінші елдің "ақпаратын" ұрлайды немесе қорқынышты миф пен ақпарат ойлап тауып үрей жанын алады.

Үшінші, Түркілерді әскери қуат және жауынгерлік қабілет жағынан жеңу мүмкін емес еді. Түркілерді жеңу үшін көріпкел бақсылар мектебін тамырымен құрту керек тұғын. Ол үшін классик діндерді құрал ретінде пайдалану яғни дінді- саясиландыру қажеттілігі туындады. Бір қызығы түркі бақсылары әлемдік классик діндерді түркілік бағзы сенімге бейімдеп сәтті мутациялап берді. Сөйтіп бақсы- молдаға айналды, дегенімен аты молда болғанымен бақсының рөлін атқарды, саяси көріпкелдік жалғаса берді. Соның негізінде кейін Түркі мұсылманшылығы қалыптасты.

Төртінші, Түркі мұсылманшылығы ақида, фикһ және тассауф ілімдерінен бөлек дін мен саяси билікті мутациялауда өз алдына бөлек институт қалыптастырды. Нәтижесінде арап, парсы және басқа да жат елдің мәдени, саяси ықпалына қарсы Түркілік таным мен түйсік пайда болды. Оны сол дәуірдің Түркілік медиа холдингі деуге де болады. Сол ғасырда түркі медиасы арап, парсы еліне ақпараттық "соғыс" жариялады.

Бесінші, кейінгі жауласулар тек қана "түркі медиасын" құртуға арналды. Ол үшін билік құзіретіндегі көріпкел бақсыларды түбірімен жою керек. Ислам дінін адами құндылықтан біртіндеп саяси құралға мутациялай бастаған кейінгі империялардың жалғыз қызметі- түркі бақсыларын жер жиһаннан құртуға жұмыс істеді. Ол үшін жаңа діни доктрина қажет-ті. Онымен закон күші мығым империялар айналысты.

Алтыншы, аталған оқиға Қазақ хандығы кезеңіне дейін жалғасты. Түркі текті рулардың өз алдына қазақ атануының бір себебі де осы еді. Яғни түркілік билік дәстүрі мен діни сенімнің теңгерімі. Түркістан, Сығанақ, Ташкен, Самарқан, Бұқара және Қоқандағы айқастарда салық, су және жер мен билік үшін күресуден бөлек түркілік болмысты сақтап қалу үшін де екенін ұмытпаған жөн.

Жетінші, біз айтып отырған тарихи әңгіме ресей империясы үшін түсінікті еді. Сол себепті қазақ даласын жылдам отарлап Үндіге тез жету үшін діни тактикалар қолданылды. Оның сипаты екі түрлі болды: 1) Түркілік саяси көріпкелдер мектебін жою яғни хандық орданы әлсірету; 2) Түркілік мұсылманшылықты жою.

Сегізінші, Түркі руханиятын бөлшектеу үшін патшалық ресей Орынбордан мүфтият құрып балама сенім ұсынды. Мақсат қазақ мұсылманшылығын дәстүрлі Бұқара, Самарқан мектебінен бөліп әкету еді. Есесіне ресейлік мұсылманшылық концепциясы қазақ даласында қарқынды жүргізілді. Бірақ, бұның соңы бір ғасырға жуық түркі мұсылманшылығы мен ресей мұсылманшылығы арасындағы айқасқа апарып соқты. Қазақтардың Орынбор мүфтилігіне қарсы күресін исламнан бас тарту деп түйсінген ресей билігі жаппай христиан миссионерлік қызыметін (шоқындыру) қолға алды.

Тоғызыншы, сонымен 19 ғасырда қазақ халқы рухани күйзелістің ең шыңырауына түсті. Ұлт интеллигенциясы алдында түркілік мұсылманшылықты сақтау, орынбор мүфтилігі билігін әлсірету және шоқындыру саясатын тоқтату дейтін үш үлкен міндет қатар тұрды.

Оныншы, Орынбор мүфтилігімен, шоқындыру саясатымен соңына дейін күрескен қазақ интеллегенциясы күрес толық аяқтамай жатып коммунистік режимнің құрбанына айналды. Сонымен түркілік мұсылманшылық, түркілік руханият әдебиет пен тілде жалғасын тапты. А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш интеллигенциясы тіл мен әдебиетті барынша түркілестірді, жат сөз тіпті жат қаріпті тілден шығарып түркілік саф дыбысты, мың жылдан бері бұзылмаған түркілік тілді түзіп шықты. Нәтижесінде түркілік санада, түркілік масштабта ойлана алатын бір буын ұрпақ қалыптасты. Бірақ патшалық ресей кезінде үзіліп қалған саяси билікті түркілендіру үдерісі ХХ ғасырда да толық іске аспады. Түркілік саяси сана коммунизм сандырақтарымен тұншықтырыла бастады.

Он бірінші, совет одағы орнаған кезде түркілік мұсылманшылықпен күресті жаңа деңгейге көтерді. Орталық Азияның діни құндылықтарын әлсіретіп импорт діни сенімді орнатты. Екінші Жаһан соғысы кезінде Германияда құрылған Түркістан мүфтилігіне балама ретінде Ташкеннен діни құзірет құрды. Сөйтіп ислам құндылықтарын советтендіре бастады және дәстүрлі түркі мұсылманшылығына жат кейбір діни сенімді қолдан жасап, тықпалады. Түркілік саяси санаға түбірінен шабуыл жасалынды.

Он екінші, КСРО үкіметі тараған соң түркілік мұсылманшылық пен түркілік саяси сананың жаңғыруына мың жылда бір келетін тарихи орай туды. Бірақ, түркілік сана мен руханият мектебі әлсірегені сонша оны ғылыми және кешенді жүзеге асыратын кадрлар қосыны болмады. Осы ваккумның кесірінен нео діни сенімдер мен импортталған діни құндылықтар қарша борады. Импорт дін түркілік құндылықтарды тарихи санадан өшіруге әрекет жасады.

Он үшінші, әлемнің кейбір алпауыт күштері түркілік саяси сананың қайта жаңғыруынан, түркілік сенімнің нығаюынан алаңдады. Сол себепті түркілік болмысқа мүлде кереғар діни сенімнің қазақ даласына етек алуына мүдделі болды. Нәтижесінде отыз жылда түркілік санадан айырылған жаңа ұлт, жаңа көзқарас пайда болды.

Он төртінші, бір қызығы ресми ресейдің бұл жағдайды жіті бақылауы еді. Ресейге конкурент кейбір алпауыт күштер қазақ жерінде нео исламның өркендеуін қолдаса, ресей керісінше Сібірлік шаманизм құндылықтарын кешенді зерттеуді қолға алды. Ресейде бір ғана стратегиялық мақсат бар еді.

Он бесінші, ресейдің мақсаты- нео исламнан әбден шаршаған қазақ қоғамына жаңа діни құндылық ұсыну. Өйткені ресей қазақ зиялыларының нео-исламмен болған күресін исламмен күрес деп бағалайды.

Он алтыншы, сонымен қазақ қоғамы тағы да рухани құлдыраудың шыңырауына кеткелі тұр. Қазақ руханиятының бүйірін қысқан үш үлкен тақырып: 1) нео исламның болымсыз нәтижесі; 2) ресейлік шаманизм; 3) Түркілік сананың құлдырауы.

Енді қайтпек керек?...

Жеке ұсынысым:

Бірінші, Түркісілік саяси сананы кешенді қолға алу; Тарихта негізінде Күлтегін, Білге қағандар мен Шыңғыс қағанның тарих сахнасына шығуы тікелей түркілік саяси сананы қалпына келтіру үшін күрестен туғанын жадымызда сақтауымыз керек; Қарапайым халық тұтынатын Түркілік сенім негізіндегі ислам доктринасын қабылдау; Шаманизм мен ислам құндылықтарын мутациялау.

Екінші, Түркістан, Бұқара немесе Самарқанды орталық еткен түркі мұсылманшылығы дәстүрін кешенді жаңғырту; Түркі мүфтиятын құрып ислам әлеміне рухани көсем алып шығу.

Үшінші, Түркі даласынан бөлек жат елде діни білім алуды тоқтату; Түркі мұсылманшылығы оқу құралдарын түзу; Самарқан, Бұқара мен Түркістандағы тарихи діни оқу орындарын қайта жаңғырту.

Төртінші, Түркілік саяси сананы жаңғырту, әлемнің геосаяси картасының түркілік нұсқасын жасау; Түркілік саяси көріпкелдер мектебін қайта жаңғыртып түркілік стратегиялық Think Tank орталығын құру.

Бесінші, түркі жазуын кешенді оқыту, ресми орындарда кирил қарпімен қатар қолдану; Сонда болашақ президент те, қарапайым діни қызметкер де түрік бітік жазуын, латын әліпбиін, шағатай әдеби тілін және бүгінгі заманауи тетіктерді қатар меңгерген нағыз білікті тұлғаға айналар еді. Қазір ше? Түркі жазуын игерсе арапгаға қарсы, арап жазуын игерсе түркі жазуына қарсы жасанды "сана" қалыптасты. Тарихи жазуларды қатар игерген тұлға әлемге түркілік жаңа көзқараспен қарай білетін еді.

Алтыншы, түркілік буржуазиялық сананы жасау; түркілік байлық ұғымы, капитал түсінігі туралы кешенді зерттеу; Мысалы, түркілер сауда-саттықпен, айырбаспен және нарықпен қалай айналысты? Түркілік санадағы байлық анықтамасы? Түркілердің нарықтағы тарихи танымын бүгінгі экономикалық құндылықтармен сәйкестендіру және кейбір экономикалық мүддені түркілік санаға мутациялау. Сіз қытайға барсаңыз қытайлық нарықты, жапонға барсаңыз жапондық нарықтық құндылықты, арап елдеріне немесе еуропаға барсаңыз араптық және еуропалық капитал құндылықтарын байқайсыз, біз де әлемдік буржуазия мен нарықта түркілік өз құндылықтарымызды ұсынуымыз керек.

Жетінші, Алаш интеллигенциясының тіл мен әдебиеттегі реформасын қайта жаңғырта отырып жаңа доктрина қабылдау; Яғни атап айтқанда түркі тілі комитетін құру; Якутиядан Балқанға дейінгі түркі халықтарының тілдік әлеуетін толық пайдалау және ортақ түркі терминсөзін жасау. Оның үш үлкен принципі: 1) тілдегі балама сөз төл түркі тілінен қарастырылады; 2) Жат сөздің қазақша, өзбекше, татаршада баламасы табылмаған жағдайда якут, алтай, құмық, гагауыз немесе т.б тілдерде сақталынған ескі түркі сөздері болса соларды басшылыққа алу; 3) ешбір баламасы жоқ жат сөзді бейімдеудің түркілік грамматикалық принципін түзу.

 

Eldes Orda

 

 

 

 

 

Пікірлер