ТАЛҒАТ ЖОЛДАСҰЛЫ: Бес беттік мақаланы бір автор жазады, сосын үш-төрт автор мінгеседі

1516
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда ғылым деген ғылым үшін жасалмайды, ғылым әдетте отчёт үшін, мақаланың санын көбейту үшін және университеттің немесе белгілі бір институттың көрсеткіші, рейтингі үшін жасалады. Сондықтан бірінші сапаға емес, мақаланың санына мән беріледі. Сосын сөйтіп "вестниктердегі" бес беттік мақаланы бір автор жазады, сосын оған үш-төрт автор мінгеседі. Өйткені ғалымға есеп керек, есеп беру үшін мақала керек, ал университетке рейтинг керек, рейтинг үшін мақаланың саны керек, нәтижесінде екеуі де разы...

Сосын Scopus пен Wos-қа мақала жариялау міндетті болғаны үшін қазекең ақша беріп кез келген тақырыптағы мақалаға да соавтор болып мінгесіп кете береді. Мысалы, бір тарихшы өз ғылыми саласын немесе өз зерттеу кезеңін былай қойғанда, тіпті тарих саласына қатысы жоқ экология саласының бір мақаласына да ақша беріп мінгесіп алады. Ең қызығы, сол экология саласындағы мақаласы үшін ол тарихшының хиршасы да өседі. Ал, хиршаң болса, қазақ ғылымында авторитетсің, хирша болмаса, адам емессің, сенің қай салада мақала жариялағаның маңызды емес...

Осылайша, рейтинг қуған һәм үнемі асығып жүретін біздің қағазбасты қазекең және біздің ғылыми жүйе бұл мәселенің де баяғыда шешімін тауып қойды. Айтпақшы, мен бәріне топырақ шашып отқам жоқ. Мен "әдетте" дедім, бәрі деген жоқпын және ешқашан Scopus, WoS керек емес деген сөзді айтқан емеспін (сөздің төркінін түсінбей лағып кететін қазақтарға ескерту ). Негізі күлетін нәрсе емес.

 

Talgat Zholdassuly

 

 

 

Пікірлер