"Ешқандай шара қолданылмады". ШҚО-да шенеуніктің туысы кісі өлтірді деген күдікке ілінді

956
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеуніктің туысы адам өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық портал агенттік тілшісі.

«Құрметті Президент Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы, Бас прокурор Берік Асылов, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, сіздерден көмек сұраймыз. Мен Сұлтанова Сая Жарасқызы, марқұм Көшеров Жарас Сұлтанұлының қызымын. Көмекке жүгіну себебіміз құқық қорғау органдары күні бүгінге дейін әрекетсіздік танытуда», - деді марқұмның қызы видео хабарламасында.

2 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Қалжыр ауылында жергілікті тұрғын Жарас Көшеров кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары оның өліміне бұрын кісі өлтіргені үшін сотты болған  Бауыржан Нұрмұхановтан күдіктеніп отыр.

«Күдікті бұған дейін де 2 адамды өлтіріп, бір жолында условно алса, келесі қылмысы үшін 3,5 жыл ғана отырған. Себебі, оның туыстары өте ауқатты және ықпалды адамдар болғандықтан деп ойлаймын. Нұрмұхановтың ағасы Нұрмұханов Бақыт Маратұлы Конституциялық сот төрағасының орынбасары болып жұмыс істейді, тағы бір ағасы Мұрат Нұрмұханов прокуратура қызметкері. Күршім бөлімінің меңгерушісі Нұрмұхановтар отбасымен жақсы қарым-қатынаста. Аудандық прокуратураның орынбасары күдіктінің танысы, ол да мәйітханада және куәгерлерден жауап алу кезінде болған», - дейді туыстары.

Олар бұл қылмыстық істің адам өлтіру емес, «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша тіркелгенін айтып, жылы жабыла сала ма деп қорқады.

«Кісі өлтіру 2 наурызда болды, бірақ осы күнге дейін Нұрмұханов Бауыржан әлі ұсталған жоқ немесе күдікті ретінде танылған да жоқ, бірақ куәгерлер бар. Ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ», – дейді марқұмның қызы.

 

Пікірлер