Әуеден тасталған жәрдем жәшіктері Газада көмек күткен палестиналықтардың үстіне құлады

960
Adyrna.kz Telegram

Газа секторына әуеден тасталған гуманитарлық жүк тиелген бірнеше парашют ашылмай, жерде көмек күткен палестиналықтардың үстіне құлады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Anadolu басылымына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, жәшіктер Шати босқындар лагерінде және Газаның солтүстігіндегі Джала көшесінде гуманитарлық көмек күтіп тұрған бейбіт тұрғындарға құлаған. Оқиға салдарынан, алдын ала мәлімет бойынша, бес адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланған.

Египет, БАӘ, Иордания, Қатар, Оман және Бахрейн соңғы аптада Газа секторына әуе көмегін жеткізу үшін бірлескен операциялар жүргізді.

Бұған дейін гуманитарлық көмекке қол жеткізгісі келген палестиналықтар түрлы қиыншылықтармен бетпе-бет келген. Мәселен, Газаға түскен көмектің бір бөлігі теңізге құлаған болатын. Кейбіреулері шағын балық аулау қайықтарымен теңізге шықса, ал кейбіреулері жүк жәшіктеріне жету үшін жүзіп барған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар аштық, шөл және гигиеналық материалдардың жетіспеушілігінен туындаған аурулар белең алған Газада атысты тоқтатуға және гуманитарлық көмек ағынын арттыруға шақыруда.

Еске сала кетейік, 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан 30 800 палестиналық мерт болып, оның ішінде кемінде 13 430 бала қаза тауып, 72 298-і жараланған.

Пікірлер