БАУЫРЖАН БАЙБЕК ҚАНДАЙ ӘКІМ БОЛА БІЛДІ?!

2498
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы әкімдігінен Бауыржан Байбектің кетіп, оның орнына Бақытжан Сағынтаевтың келуін әркім әртүрлі қабылдауда. Әлеуметтік желіні қолданушылардың басым бөлігі Бауыржан Байбекті қаралап бағуда. Көлік жүргізушісі ретінде автобустарға арнайы жол беріліп, автокөліктердің кептеліс жағдайына түсуіне өзім де талай ренжіген едім. Бірақ тереңірек ойласам, көліктердің санының артуы экология мәселесін тудырады, ол бүгін ғана емес, болашақ ұрпаққа да залалды кесел. Таразының екі басы бар дегім келеді. Әлеуметтік желідегі сындардың кейбірімен келісе отырып, Бауыржан Байбектің мен білетін оң қырларын, қаламызға сіңірген еңбегін де жазуды жөн көрдім. Бауыржан Байбектің жаңа толқын, жас буыннан екені көрініп тұратын. Тіпті советтік сананың «таңбасындай» жұрнағы «ов»-тан да арылған әзірше Алматы тарихындағы жалғыз әкім болып тұр. Қазіргі келіп жатқан жаңа әкімге де, өзге шенеуніктерге де құлаққағыс. Екіншіден, барлық жер асты өткелдерін жөндеп, ұлттық нақыштағы суреттермен безендіріп, күйлер күмбірлеп тұратын деңгейге жеткізді. Қазақтың кең жазиралы даласының суреттері мен қоңыр күйі көңілімізге сәл де болса шаттық сыйлады. Осы бағыттағы жұмысты жаңа әкім жалғастырса, жаман емес. Үшіншіден, көше бойларында, аулаларда, саябақтарда тегін жаттығу жасайтын тренажерлер орнатып, серуендейтін бақтарды жайнатты. Әсіресе, Алатау ауданында, өзім тұратын Зерделі (бұрынғы «Алғабас 6») ықшам ауданында әлгіндей жұмыс қарқынды түрде жүрді. Сол саябақтарда талай серуендеп жүріп бір ауыз жылы сөз жазуға, жақсыны жақсы деуге жарымадым... Төртіншіден, Алматы қаласының 1000 жылдығын өткізіп, оны тарихи тұрғыдан дәлелдеген конференциялар жасап, қала тарихын Верныйдан бастайтын орысшыл шовинистерге аямай соққы жасады. Соның өзі орыстілді ақпарат құралдарының әкімге тісін қайрап қастасуына жеткілікті еді. Орыстілділер «әкім мың жылды қайдан алды?» деп нешетүрлі сарказмге толы мақалалар жазғаны әлі есімде. Бесіншіден, қос мемлекеттік мекеме цирк және қуыршақ театрын қазақыландырды. Бұған дейін бұл мекемелердің басшылығында өзге ұлт өкілдері отырып, орыс тілі мен мәдениетінің басымдығы дәрежесінде жұмыс жүргізілген еді. Тіпті репертуарларында бірде-бір қазақ қойылымы жоқ еді  ғой. Осы мекемелерге қазақшыл, іскер қазақ азаматтарын отырғызып, ол жерлерге де ұлттық реңк берді. Бұл үлкен идеологиялық, саяси қадам еді. Соған өзім шын қуанған едім. Ойлап көріңізші, Алматы қаласында дәл осы тұрғыда күні бүгінге дейін отырықсыздандыру саясаты жүрмеген екен ғой. Ол Бауыржан Байбектің әкімдікке келуін 30 жылдай күткен екен. Есімовты қойшы, Тасмағамбетов қайда қараған? Балаларымызды театр мен циркте орыс ертегілерімен тәрбиелетіп қойып, ақын-жазушылардың жағдайын жасаумен ғана айналысқан ба? Алтыншыдан, «Алатау» дәстүрлі өнер театрын ашып, бірде-бір өзге қалада жоқ ұлттық өнер орталығын ашты. Қаншама жұмыссыз жүрген ұлттық өнер өкілдерінің аз бөлігіне болса да сая болып келеді. Сол сияқты керемет қолөнер орталығын ашты, Алматы музейін заманауи тұрғыда қайта жаңғыртты. Жетіншіден, ұлттық бағыттағы көптеген жобаларға қолдау көрсетіп отырды.
Жыраулардың халықаралық фестиваліне қолдау жасады, сөйтіп туыстас түрік халықтарының өнер майталмандарын талай жинады. «Қазақ хандығы» сериялына ақша жетпей тұралап қалған бір кезеңде қомақты қаражат бөліп
жұмысты жандандырғанын сол жобаның басы-қасында жүрген сценаристредактор, жазушы-өнертанушы, тарихшы Ерлан Төлеутай ағамыз да жазған еді. Өз басым, Бауыржан Байбектің өз қызметінде қала бергенін қалар едім.
Дегенмен, жаңа әкім Бақытжан Сағынтаевтан да күтер үміт аз емес. Жаңа әкім қайырлы болсын дейміз! Ал Бауыржан Байбекке өзге де жаңа белестерді бағындырып, тек ұлт мүддесіне қызмет ете беруін тілейміз!

Арман Серікұлы,
«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің Президенті

Пікірлер