ҚАЙНАР ОЛЖАЙ: Заң қудалайтын есірткіні жеңе алмай келеміз...

758
Adyrna.kz Telegram

Үшінші құрылтайдан қоғамға екі тақырып туды. Герб пен насыбай. Бір-бірінен тым алшақ екенін айтпағанда, қазақ қоғамын алаңдататын мәселелерден де алыс жатыр.

Герб, талай жыл оны Елтаңба деп те жазып жүрдік, жайындағы пікірімізді келер жолға қалдырып, дәл қазір насыбай туралы ой қозғайық.

Атамыз Олжай насыбай атты. Ол кісіні бұл үшін ешкім, әсіресе коммунистер қуғындамады. Отанын қорғап Екінші жаһандық соғыста Курск иінінде Гудерианның танкілерінің сауытын зеңбірекпен талқандап қайтты. Сол соғыста қолын қалдырды. Жалғыз қолмен мемлекеттің малын бақты. Ол кісі бес уақыт оқитын намазы мен күнделікті бір шақша насыбайын ерлігі және еңбегі арқылы өтеп алғаны анық.

Әлгі насыбайды біз - немерелері дайындап беретінбіз. Қиындығы жоқ. Арнайы ағаш саптыаяқ пен ағаш шоқпар бар. Алдымен таудан қылша деген бұтаның бұтақтарын бәкімен қиып көлеңкеге кептіріп қоямыз. Атамыз ешқашан тамырымен жұлғызбайтын. Кепкен қылшаны жағып, күліне қатталып тұрған темекі жапырағы мен қалампырдың бүрінің жартысын қосамыз. Осыны саптыаяққа салып, ағаш шоқпармен асықпай үгітеміз. Бір қасық бұлақ суын қосып тағы араластырамыз. Насыбай дайын, атамыздың мүйіз шақшасына салып береміз.

Осы насыбайды атқан біздің ауылдың шалдары 80 жастан аса өмір сүргенде біреуінің ауызы, еріні рак деген пәлені білген жоқ. Өкпелері де таза болды. Темекі - өкпе рагына себепкер болса, экологиялық таза насыбайдан ауырған қарт болмайтын.

Демек, қазір насыбайға тыйым салғаннан еш пайда жоқ. Заң қудалайтын есірткіні жеңе алмай келеміз, ендеше бұл да солай өзінің қара базары арқылы саудалана бермек.

Насыбайға неғұрлым тыйым салынған сайын оның күмәнді жолмен жасалып, сатылуы өсе бермек. Бұдан халықтың денсаулығына да, мемлекеттің бюджетіне де пайда жоқ.

Одан да химиялық қоспасыз экологиялық таза шөптерді қосып жасайтын насыбайдың стандарты бекітілуі керек. Сол стандартпен өнім шығаруға рұқсат ету керек. Оны кәмелетке толғандарға сата беру керек.

Енді гигиенаға келейік. Кезінде Қарағандыда бір ағамыз насыбай ату үшін фильтрлі қымбат сигаретті қоса алып жүретін. Насыбайды темекінің фильтр, яғни сүзгісіне орап алып, ерніне салатын.

Демек, әлгі сатылатын насыбайға соншама фильтр бірге берілетін болсын. Және бұларға аузы желімделе қалатын шағын пакет қосылсын. Ол тұтынылған насыбайды салып қоюға арналады. Болды. Ешкім насыбайды көрінген жерге түкіре салмайды. Шағын пакеті толғанда қоқыс салғышқа салады.

Бұл қазір шетелдіктер қолындағы темекі өндірісіне балама болады. Саладағы монополия жойылады. Қолдан жасалған, денсаулыққа өте қауіпті насыбай өз-өзінен сұраусыз қалады.

Осыны ойлау мен іске асырудың не қиындығы бар дейік. Тоқаевқа бізден бір сәлем болсын.

Өзіміз насыбай атпадық. Бірақ насыбай атқан шалға немере, насыбай атқан Ақселеу ағаға іні, насыбай атқан бір қауым азаматтарға қатарлас болдық.

 

Қайнар Олжай

 

 

 

 

Пікірлер