"Жедел жәрдемге жүгінген". Жамбыл облысында мұғаліммен жанжалдасқан оқушының жағдайы нашарлаған

729
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысындағы жетінші сынып оқушысы математика пәнінің мұғалімімен жанжалдасып, артынша жеткіншек жедел жәрдем көмегіне жүгінген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Желіде тараған видеоның сипаттамасында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінде математика пәнінің мұғалімі жасөспірімді психикалық күйзеліске түсіргені айтылады. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Ағымдағы жылдың 14 наурызында Мойынқұм ауданы білім бөліміне қарасты Айдарлы ауылындағы N2 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі мен 7-сынып оқушысы арасында жанжал туындап, нәтижесінде оқушының денсаулығы нашарлап, алдымен мектеп медбикесі мен ауылдық дәрігерлік амбулатория дәрігері көмек көрсетіп, кейіннен жедел жәрдем шақырылды. Ішкі істер қызметкерлері жауапты тұлғалардан түсіндірме хат алды. Бүгінде оқушының жағдайы жақсы», - делінген хабарламада.

Мән-жайды анықтау үшін білім басқармасы комиссия құрып, ішкі тексеру жүргізіліп жатқаны айтылады. Қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданып, жағдай білім басқармасының қатаң бақылауында болады.

Пікірлер