«Ұлт тірегі – ұлттық құндылықтарымызды» қалай сақтап жүрміз?

18235
Adyrna.kz Telegram

Бізді, қазақтың баласын өзге халықтан ерекшелейтін қасиеттеріміз қандай? Ел болашағы – жастардың қазіргі бет алысы туралы, ұрпақтар тәлімін, ұлттық тәрбиені қаншалықты үзбей жүргеніміз замандар бойы өз уақыт кеңістігінде толғандыратын өзекті мәселе. Рас, қазіргі қоғамда ұлтынан, дінінен, тілінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан безінгендерді көптеп кездестіруге болады. Ондайлар қазақи бітім-болмысты дарақылыққа балайды. Аздаған жылдар бұрын бұл ахуалды ауылдан қалаға келген жастардың еліктеуінен белең алған құбылыс деп таныдық. Қазір, сол жастардың қатарында кей ата-әжелеріміз, ағаларымыздың қосылғанын көріп қынжыласың. Оның себептерін әр адам әр қилы түсінеді. Бұл – қоғам дерті, онымен бүткіл халық болып күрескен жөн. Ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие, рухани қайнар көздер халықтың бет пердесі, тірегі. Әрбір ұлттың өміршеңдігі ұлттық құндылықтардың сақталуына тікелей байланысты.   

Ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Толыққанды тәлім мен тәрбиені жүргізу үшін алдымен терезесі теңескен, төрт құбыласы түгел ұлт болып қалыптасу қажет. Ұлт ешқашан басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие, өзінің мүддесі бар халықтардың жиынтығы. Ұлтты құрайтын халық. Бірлігі жарасқан, рухы биік, намысы мықты ұлт қана салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, ділін дамыта алады. Біз мұндай екінің біріне бұйыра бермейтін бақтан кенде емеспіз. Замандар бойы ата-бабаларымыздың білек күші, найза ұшы, ақыл-парасатымен жеткен асыл құндылықтарымыз қанша қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, бәз қалпында осы күнге жетті. Көңілге асыл мұра болғаны еліміздің тәуелсіздік алғаны, ал қамықтыратыны осы кезеңде «ұрпақ байланысының үзілісі» елең бере бастағандығы. Жасыратыны жоқ, ғасырлар бойы орыс тілінің үстем болып келуі, әлі де орыс тілінің бодандығында болу біздің ой-санамызға әсерін тигізіп келеді. Бұл қазақ тілінің аясының тарылуына, салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиенің өзгеруіне әкеліп отыр. Қазіргі тәрбие болашақ ұрпақты салт-санаға, дәстүрге бірегей бағыттамауынан, алшақтықтың бар екені сезіліп, ұлт жанашырларын елеңдетеді. 

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай ел. Өз ұрпағын көнеден келе жатқан асыл құндылықтардың мұрагері ретінде өзге ешбір жұртқа ұқсамайтын бөлек бітім-болмысын қалыптастыруға негіз болған салт-дәстүрімізді дамытумен қатар, жаңа мұраларымызды қазіргі заман талабына сай бейімдеп жаңғырту біздің басты мақсатымыз болуы шарт. Бір Қазақстанда тұрсақ та, біздің тілімізден говор бар, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан да аздаған айырмашылықтарды байқаймыз. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, есеюі, тіршілік етуі, қартаюы, туыс, қоғам, қоршаған ортамен қарым-қатынас, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік, арлылық, инабаттылық тағы басқа маңызды нәрселердің барлығы салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыздың өн бойынан табылады. 

Тарихтың сан түрлі тарауларынан аман өтіп, «мың өліп, мың тірілген» қасиетті қазақ жері, бүгінде әлем таныған тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренаға шығып, өз тәуелсіздігін әлемге мойындатуы – тарихи оқиға екені рас. Еркіндікке қол жеткізіп, жетістіктер мен табысты істерімен тілінің, дінінің ерекшеліктерін, рухани дүниесінің құндылықтарын қайта жаңғыртып, халық жауы аталған зиялыларымыз ақталып, тарих беттерін қайта қарап, ақ пен қараны айырған уақытта ұлттық құндылықтардың төмендеуі байқалуда. 

Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан бүгінгі күнде өзінің әлеуметтік, экономикалық реформаларын жүргізіп келе жатқан дамушы ел. Ендігі жерде бізді алаңдатар мәселе де осында, ол осы жеткен жетістіктерімізді ұрпағымызға аманат етіп, өзінің жарасымды жалғасын табуы үшін не істеу керек? Ол үшін, алдымен тәуелсіздігімізді сақтап, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіш сезімді ұялатып, сіңіруіміз, оларға ұлттық тәлім-тәрбиені беруге барынша көңіл бөлуіміз қажет. Соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда ұран, сөз, мәліметтік сипатта болды да, ол осы жоғарғы оқу орындарындағы студенттер болсын, мектептегі оқушылар болсын, олардың міндетті түрде қоғамдық іске араласуын белгілі дәрежеде қарастырмай келіп, патриоттық тәрбиелеу бағытын қиындатты десек те болады. Қазіргі кезде осы олқылықтардың орнын толықтыруда елдің өткендегі ерлік істерін терең сезіммен ұғынуға баулитындай тәрбиенің ерекше тиімді әдістері мен формаларын қарастыруды талап етіп отыр. Әсіресе, қазіргі таңда қайсарлық, табандылық, батылдық, білімнен басқа, өнегелі тәлім-тәрбие керек. 

 Ұлттық құндылықтар көбіне ауылды жерде жақсы сақталған. Қалада құндылықты ойлап бас ауыртып жатқан ешкімді көрмейсің де және оған уақыт та жоқ. Біз осы жолда ұлттық бітім-болмысымыз үшін, бар ар-намысымызды жиып күресуіміз керек. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құрайтын негізгі нақты бағыттарды айқындап, сол жолда жұмыстану қажет. Мәселен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, оны ұлтымыздың айнасына айналдыруда біріншіден,  туған ана тілі – қазақ тілін ұрпақ бойына дарыту; екіншіден, тәлім-тәрбиеден қазақи иіс аңқитындай болу; үшіншіден, сапалы білім нәрімен сусындату; төртіншіден, жат ағымдардан сақтау, дін мәселесін біржақты ету; бесіншіден, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды атадан балаға мирас болып қалатындай ұстанып жеткізу, «қолды болып, патенттеп алған» ұлттық құндылықтарымызды қайтару және т.б. 

Халықтың рухани құндылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі өмір сүруі тиіс. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру қажет. Ол туа біткен биологиялық қасиет емес, ол әлеуметтік, яғни тарихи қалыптаса отыратын қасиет. Ең алдымен біз ана тілі – қазақ тілін өзіміздің қазақтар үйреніп, басқаларға үйреткеніміз жөн. Соңғы жылдары біраз жетістіктерге де жетіп жатырмыз. Десек те тіл білмейтіндердің қатары азаяр емес. Өзге тілді білгенің өте жақсы. Бұл –  тіл білер азаматтың артықшылығы. Оны ешкім сенен тартып ала алмайды. Бірақ өзің суын ішіп, топырағын басып жүрген жеріннің, еліннің тілін білмеуге болмайды, әрі ол – Қазақстан азаматының міндеті. Бүгінде дүниежүзінде жүз алпысқа жуық мемлекет, екі мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар, этникалық топтар бар. Кейбір лингвист ғалымдардың айтуынша, әлемдегі халықтар бір-бірімен 7000-нан астам тілде сөйлесіп, түсініседі екен. Осы жердегі бізді алаңдатып отырған мәселе – ұлт тілінің тағдыры болмақ. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты балаға өз тілінде ұғындырғанда ғана ұғынықты болары анық. 

Міне, сондықтан, оқушыларға тәрбие бере отырып, біздің көздегеніміз жастарға ана тілі құрыса – ұлттың құритынын түсіндіру. Ал, егер ұлт құрыса онда ұлттық мәдениет те, ұлттық дәстүр де, ұлттық сана-сезім де түгелдей құрып, дүниеге тегі, дәстүрі белгісіз бір қасиетсіз дүбара халық келетінін жеткізу. Сол арқылы қазақ ұлтының дәстүрін, мақсат-мүддесін, бүткіл болмысын қалыптастырып, нәр беріп, қоректендіретін, кемеліне келтіретін ұлттық тіл ғана екенін ұрпаққа жеткізу! Мемлекеттік тіл арқылы қазақстандық патриотизмді жүрегімізге ұялата аламыз. Сондықтан ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, тарихқа зер салудан төл мәдениетті игеру туындайды. Тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұрт, халқының да қадір-қасиетін бағалай, байыптай алмайды. Ұлттық тәрбие бере отырып, біз осы сияқты отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға әсер ететін факторларды – ұлттық мақтанышты, ұлттық сезімді, ұлттық дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, дінді, ділді насихаттап, үйретеміз. Осы істі шешуде мынадай мәселелерді қолға алу керек. Қазақ тілді балабақшалардың санын көбейтіп, техника дәуірінің дәуірлеп тұрған кезінде теледидар бағдарламаларының қазақ тілінде көптеп таралуына ықпал ету. Қазақ мектептерінің санын көбейтіп, ғылым, білім тілінің қазақша молаюына жағдай жасау керек. Көшелердің, елі мекендердің аттарын, хабарландыру, жол белгілерін, жарнамаларды  қазақшалап өзгертудеміз, ішінара қателер де аздап кездесіп жатады. Бірақ көш жүре келе жөнделеді демекші, оны түзеудеміз. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілуде, нәтиже беріп жатқандары да бар. Көпшілік қызмет орындарында қызмет көрсетуде, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуде ана тілінің қолданылуына ықпал ете отырып, орыс мектептерінде қазақ тілі сағаттарын көбейту. Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан өз тіліңнің мүддесін қорғау – өзге тілдің мүддесін ұмыту емес екенін ескертіп, оларға да түсіндіріп, қазақ тілін білуді оларға да міндеттеу керек. Тіл білуді қалыптастыра отырып, ұлттық тәрбиеге жол ашамыз. Бұрнағы жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бұрынғы ректоры С.Ж.Пралиев ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөліп, оқу орны жанынан «Ұлттық тәрбие» кафедрасы мен «Ұлттық тәрбие журналын» ашып, студенттерге «Ұлттық тәрбие» пәнін ендіріп, оқытуды қолға алып, жақсы бастама ашқан болатын. Сол сияқты мұндай бастама барлық оқу орындарында болса жақсы нәтиже беретіні анық. 

Біз халық арасында тілді шұбарлап сөйлеуге нүкте қоюымыз керек. Қай-қайсымыз болса да тілді шұбарлап сөйлеу арқылы  қазақ тілінің құтын қашырып, мүшһіл халге түсіруге өз үлесімізді қосып жатқанымызды байқамаймыз. Арнайы тіл мамандары ғана болмаса, былайғы жұрт біздің ауыз әдебиетіміз, жыраулар поэзиясы, яғни әдеби тілімізді түсінбейді. «Қайран тіл, қайран сөз – наданға қадірсіз» деп Абай атамыздың даналығы осындайда еріксіз ойға оралады. 

Тіл мәдениетінің ақсап жатқан тұстары осы мәдениетті сақтайтын құралдардың, ғылыми ізденістердің жоқтығынан емес, бүгінгі үлкен қасіретіміз тілге деген немқұрайлылық, салақтық, жауапсыздық бел алып алып отырғандығынан деп айта аламыз. Мемлекеттік тілдің мәртебесі ірі-ірі халықаралық жиындарда ескеріле бермейтіні таңсық емес. Елдің тізгін ұстар басшылары ырым үшін екі ауыз қазақшасын айтып, артынша ұзын-сонар баяндамасын ресми тілде жасап жүргені қазақтың намысын шимен щұқығандай-ақ. Шын мәнінде мемлекетті тізгінін ұстап отырған басшылардың шетелдік мейман болсын, өзіміздің халықтың алдында болсын өзге тілде емес, өз тілінде, қазақ тілінде еркін көсілсе, еліміздің абыройын асқақтатып, барша қазақстандықтар бет бұрмас па еді?!

Ұлттық тәрбие халықтың өмірін, рухын және тілдерінен тұратын ішкі заңдарын, оның ұлттық мінезін, болмысын көрсетпек. Ұлтты оятудың негізгі тетіктерін анықтап, біліп алған дұрыс. Ол тетіктерге біріншіден – мемлекетшілдік нышандарды дамыту, оны ұлттық тәрбиемен ұштастыру, сөйтіп алдымен отаншылдық рухын ояту керектігін ұсынамыз. Ұлттың мәңгілік болуы оның уақытқа бағынбайтындығында және ұлттың мәңгілік болуы халқын, жерін, елін сүйетін азаматтарды қалыптастырып, тәрбиелеуде болмақ. Сондықтан да жаңа ғасырды жақсы қарқынмен бастап келе жатқан егеменді еліміздің болашағы үшін саналы да, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеудің ұлттық сипатын жандырып, дамытуға бар күш-жігерімізді салудамыз. Өркениетке қадам басқан тұстағы оның алғышарттарының бірі ұлттық тәлім-тәрбие мен сапалы білім беру болып табылады. Себебі, жастарға ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты тәрбие беру – сол өркениетке жету жолындағы мұратымыздың кепілі. Біз жаңадан аяғына тұрып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Терезесі теңескен, төрт құбыласы тең мемлекет ретінде қалыптасу үшін білім-білік пен рухы биік, жастарды отаншыл етіп тәрбиелер өнегелі тәрбие қажет. Бұл жайында еліміздің ертеңі келер ұрпақ саналатын жастарымыздың өмірден өз орнын тауып, қарым-қабілеттерін шыңдап, әлеуетін анықтап, танытуына барынша жағдай жасау керек екенін Елбасы өзінің халыққа жолдауында да ашық айтқан болатын. Мұның өзі жастарды қоғамда белсенділігін арттыруға, олардың бойында ұлттық сана мен отаншылдық қасиеттердің дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуы үшін ашылған ақ жол тәрізді, рухты демеп отыратынына септігін тигізбек. Біз жастарды тәрбиелегенде шынайы отаншылдарды тәрбиелеуді естен шығармауға тырысудамыз, себебі, солар ғана еліне игілікті істер тындыра алады. Жалпы, келешек ұрпақтың қамын бүгін ойлау – аға ұрпақ борышы.

      Біздің тәрбие берудегі мақсатымыз да осы жағдайларға негізделу қажет. Тегінде жас өскіннің болашақ азаматтық бағдары, оның патриотизмі, туған жерге деген жақындығы отбасынан басталып, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында жалғасары бәріне аян. Олардың оттан да ыстық Отанына шын берілген патриот болып қалыптасуына, Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ел дегенде еміреніп қызмет ететін» азамат болып, алдыңғы толқын ағалары мен әпкелерінің өнегелі өмірінен тағылым алып өссе дейміз. 

      Жалпы, тәуелсіз, тұғырлы мемлекет өз ұлттық тәрбиесін ұрпағына еркін дарыта отырып, танытар болса, ол елдің болашағы жарқын деген сөз. Ендеше, бүгінгі егемендігімізді алып отырған заманда мақтан тұтарлық өз ұлттық тәрбиемізді насихаттап, халыққа таныту жолында ұстанып отырған жолымыз дұрыс деп ойлаймыз. «Отан отбасынан басталады» деген де ұлттық тәрбиенің түп төркіні. Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Өйткені бүгінгі күннің жастары ертеңгі халқына қызмет ететін азаматтар болады. Сондықтан да намысы, қажыр-қайраты бар ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Жаңа ұрпақтың көкірегіне білім нәрін еге отырып, елдігімізді қайта жаңғыртып, адамгершіліктің дәнін ексек, ана тілін бойына дарытып, ұлттық рухта тәрбиелесек, нұр үстіне нұр жауып, еліміз көркейіп дамитынына сенім молая түседі. Сол себепті, білім алу қаншалықты маңызды болса, жақсы, өнегелі тәлім-тәрбие алу да соншалықты маңызды. Қыран болып аспанға қалықтап шығуымыз үшін бізге екі қанат қажет, ол қанаттың біріншісі – жақсы білім болса, екіншісі – ұлттық тәлім-тәрбие арқылы берілетін адами құнды қасиеттеріміз. Егер қанатымыздың біреуі майырылып, сынған болса, көкке самғай алмай, құлдилап, басқаларға жем болуымыз мүмкін. Тек білім алып қана қойып, ұлттық құндылықтарымызды бойымызға таратпасақ аталарымыз арқылы ғасырдан ғасырға жалғасып, мұра болып келе жатқан ата-бабаларымыздан қалған тілімізді, дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді, тарихи шежірелерімізді ұмытсақ осынау жаһандану ауызын арандай ашып отырған тұста жұтылып кетеріміз анық. Сондықтан да алдыңғы қатарлы елдерден білім жағынан үлгі ала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді ұмытпаған жөн. Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелерін,маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың насихаттарын өзіміздің талмай, қажымай еткен еңбегіміздің арқасында дарынды да, тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп, қалыптастыруға қолымыздан келгенше атсалысуымыз шарт. 

Қазақстан зайырлы мемлекет. Онысы мемлекеттің біртұтас қалыптасуына, қазақ халқының рухани құлдырауына да өз үлесін қосып жатқандай. Қазір қоғамда не көп, діни ағымдар мен секталардан, жат пиғылды насихаттаушылардан шатасасың. Қазақ мұсылмандығының өзі бірнеше бағытқа бөлініп, салт-дәстүрге шүйлігіп, ел ішін бүлдіруде. Мәселен, кісі жерлеуде, туысқанмен араласуда қатты байқалады. Қазақ мұсылдарына қандай Исламның керектігі мемлекет тарапынан нақты жолға қойылып, шешімін тапса, елдің діни бүлінушіліктен аман қалары сөзсіз. 

Осы бағыттардың жемісті болуына баршамыз өз үлесімізді қоссақ, біздің рухани қамалымыз берік, әрі нық болары анық. Мемлекетіміздің дамыған, баянды өмірі үшін ұлттық тәрбиенің қоғамда алар орны зор. Себебі, дәуір мен қоғамның құбылысына сай көптеген этносқа қамқор ел ретінде дамып келе жатқан Қазақстан халқы үшін өзінің рухани қадір-қасиетін тұрақты ұстап тұруы шарт. Білім беру саласында ұлттық бағытта тәрбиелеу арқылы мәдени процестің биік шыңына шығамыз деп ойлаймыз. 

Қорыта келе, бір сәтке болса да, «мен қазақпын» деген әр азамат «Ұлттың тірегі – ұлттық құндылықтарды қалай сақтап жүрмін, қандай үлес қосудамын?»  деп ойланса, бір нәтиже болары анық. 

 Сеитова Жанат Мұратқызы

 

 

 

Пікірлер