Ерлан Қарин мәжілістегі фракция жетекшілерімен бірқатар қоғамдық мәселелерді талқылады

627
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың алты фракциясының жетекшілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Іс-шараға «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» ХДП фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Республика» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров, «Ақ жол» ҚДП фракциясынан Азат Перуашев, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Махаррамов, ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Президенттің Парламенттегі өкілдігінің жетекшісі Әмірбек Оспанбеков те қатысты.

«Кездесу барысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысында президенттің сөйлеген сөзінде айтылған бастамалары мен тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың шаралары мен тетіктері туралы пікір алмасу болды», - делінген Ақорда сайтында 2024 жылдың 19 наурызында жарияланған хабарламада.

Мемлекеттік кеңесші Президенттің көптеген бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыру заңнамалық қолдауды және тұтастай алғанда депутаттық корпустың белсенді көмегін қажет ететінін атап өтті.

Әңгіме, ең алдымен, есірткі өндіру, құмар ойынға тәуелділік, бұзақылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан күшейту, сондай-ақ мемлекеттік наградалар, ономастика, археологиялық қызмет және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу туралы болды.

Ономастика, нашақорлық, бұзақылыққа қарсы күрес туралы заң жобалары Мәжілісте қаралып жатқаны, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң Мәжілісте қабылданып, Сенатқа ұсынылғаны айтылды.

Сонымен бірге, бұзақылық тек ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорлау ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарда мүлікті бүлдіру екені ерекше атап өтілді. Депутаттар бұзақылық және басқа да тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын күшейтуді жақтады.

Пікірлер