АРМАН ӘУБӘКІР: Ежелгі ғұндар жаңа жылды қалай қарсы алған?

739
Adyrna.kz Telegram

Кезінде марқұм этнограф Жағда Бабалықұлынан бірнеше мәрте сұхбат алу бақыты бұйырды. Ол кісінің үйінде де болған едік.

Сол кісі маған ғұндардың қалай жаңа жылды қарсы алғаны туралы қызықты мәлімет айтып берген еді. Әлгі әңгімені сол кезде мен жұмыс істеген “Дала мен қала” газетіне бірнеше мәрте мақала етіп шығарғандықтан, санама сіңіп-ақ қалған.

Сонымен, ғұндар жаңа жылды қалай қарсы алған?

Тәңірқұты (ғұндардың қағаны солай аталған) күн мен түн теңелген күні өте биік тау басына шығады. Таудың ең биік тұсынан қаған күннің шығуын күтеді. Күннің алғашқы шапағы көрінгенде ол қолын күнге қарай айқара созып бүкіл ел-жұртына арнап алғыс-батасын айтады.
Одан кейін бақсылар әртүрлі аспаптарда 365 күй орындаған екен. Бақсылық би рәсімдерін жасаған. Бір жылдағы күн санымен сәйкес 365 күйді орындап шығу бірнеше күнге созылған деседі. Ұланасыр той-думан да сонша уақыт жалғасқан.
Бізге жеткен бұл аңыздың жаны бар. Моңғолдар өздерінің “Цаган сар” деп аталатын жаңа жыл мерекесінде күнді қарсы алу рәсімін атқарады. Алтай тауының айналасындағы туыстас елдерде жаңа жылда таңды қарсы алу дәстүрлері әлі күнге сақталған.

Не себепті таңды қарсы алу рәсімі бабаларымыз үшін маңызды болды?

Жаңа күннің ғана емес, жаңа жылдың бастауы таңмен таласып жетеді. Ал тау басында күнді алғашқы болып көруге мүмкіндік бар. Бір сәт жыл басы болуға таласқан жан-жануарлар туралы әйгілі ертегіні еске алсақ, тышқан үшін түйенің басы күнді көруге ең биік нүкте ретінде сипатталады.
Жаңа күнді қарсы алуда жан-дүниемен жаңару, рухани тазару, ақ тілекпен жаңа жылға сенім арту, кемшіліктерді кешіру сияқты үлкен мән-мағына жатыр. Одан бөлек, жаңа қарқынмен, ақ парақтан бәрін басынан бастауға ниеттенген ерекше мотивация да бар.

Ұлыстың ұлы күні парсылардан келген бе?

Көшпелілердің ерекше болмысын көрсететін бұл мейрам бізге ешқандай да парсылардан келмеген. Өзіміздің даламызда бұрыннан болған.
Біздің ұлы бабаларымыз ғана емес, бүкіл әлем жаңа жылды көктемде қарсы алған. Өйткені логикаға салсақ та қыс көрпесін жамылған қақаған суық кез жаңа жыл аталуға еш келмейді. Христиан діні келгенге дейін еуропалықтардың жаңа жылды көктемде тойлағанын тарихи деректерден талай оқыдық. Ол туралы тоқталсақ ұзақ әңгіме.
Төменде 2014 жылы - жылқы жылы “Дүлдүл ән мен пырақ күй” атты жылқыға арналған әндер мен күйлер кешін ұйымдастырған едім. Сонда ғұндардың жаңа жылды қарсы алу рәсімінен шағын көрініс жасадық. Деңгейі керемет болмаса да алғашқы қадам. Ақ таңдағы құстардың сайраған дыбыстарымен басталып, Тәңірқұтының ақ батасымен жалғасып, бақсылардың күйімен, биімен аяқталған еді. Құстардың сайрағаны видеоға түспей қалыпты. Сол тамаша концертті еш қаражатсыз жүріп шағын демеушілермен өткізген едік.

Тамыры тереңге тартқан Ұлыс күні құтты болсын, ағайын! Ұлт ынтымағы арта берсін!!!

 

Arman Aubakir

 

 

 

Пікірлер