Мәскеудегі шабуылға орай АҚШ көңіл айтты. Куәгерлер көргенін айтты

1833
Adyrna.kz Telegram
Reuters суреті
Reuters суреті

Ресейлік БАҚ пен кейбір шенеуніктер Crocus City Hall концерт залындағы концертке келушілерге жасалған қарулы шабуылды теракт деп атай бастады. АҚШ шабуылды айыптап, Ресейге көңіл айтты. ВВС арнасы оқиға куәгерлерінің пікірін жариялап жатыр.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова концерт залындағы атыстарды «қанды террорлық шабуыл» деп атады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалькова өзінің Telegram-арнасында теракт құрбандарына көңіл айтатынын жариялады.

Бұл ретте Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев cақтықпен сөйлеп, жалпы жағдайды сырғақтата сипаттаған. «Адамдарды құтқару үшін барлығы дер кезінде жасалып жатыр. SOBR жұмыс істеп жатыр. Крокустың жанында 70-тен астам жедел жәрдем бригадасы бар, дәрігерлер зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетуде», - делінген оның Telegram-каналында.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин де өз арнасында Crocus City Hall орталығындағы жан түршігерлік трагедия туралы жазды және демалыс күндері елордада ойын-сауық шараларының тоқтатылатынын хабарлады.

Фотограф Дэйв Примов – шабуыл кезінде Crocus City Hall орталығында болған адамдардың бірі.

Ол Instagram желісінде көргені туралы: «Біз «Пикник» тобының концертін күтіп отырғанбыз, қоңыр киім киген адамдар залға баса-көктеп кіріп, автоматпен адамдарға оқ жаудырды. Біз жүгіре бастадық, қатты соққы болды. Сәлден соң бәрі де үрейленіп, жерде жатты»,-деп жазды.

Фотограф эвакуацияның бейнежазбасын жариялады. Онда адамдардың сыртқа шығудың жолды іздеп, қараңғы дәліздермен жүргені байқалады. Примов адамдарды ешкім құтқармағанын, олар өздері қашуға мәжбүр болғанын атап өтті.

«Атыс болып жатыр, адамдарға көмектесетін ешкім жоқ. Барлығы мүмкіндігінше бас сауғалауға тырысып жатыр. Crocus жанып жатыр. Егер біз бас сауғалағанда басқа бағытпен кеткенде, есікті бұза алмай, дәл қазір отқа оранған болар ма едік», - деді ол жанып жатқан концерт залының алдында тұрып.

Залдағы куәгерлердің арасында Виталий есімді адам да болған. Ол былай деді: «Біз атысты естідік, басында не болып жатқанын білмедік. Сосын лаңкестердің адамдарға оқ атқанын көрдім. Олар бірнеше молотов коктейльін лақтырып, бәрі өртеніп кетті. Бізді шығатын есікке барғанда оның құлыптаулы тұрғанын көріп, содан кейін біз жертөлеге кіріп, сол жерде көмек күттік»,- дейді Виталий.

Аты-жөнін атамаған тағы бір куәгер ғимаратта балаларымен бірге би байқауына келген ата-аналар бар екенін айтты. «Жарысқа балалар мен жасөспірімдер қатысып жатқан. Адамдар жүгіріп келіп, атыс болып жатқанын айтты. Сол жерде көңіл-күй болды, балалар би киімдерімен жүрген еді», - дейді.

АҚШ әкімшілігі Crocus City Hall-да болған оқиғаға байланысты көңіл айтты. «Біз бәріміз Мәскеуден келген хабарламалар мен бейнелерді көрдік... Біз қосымша ақпарат алуға тырысамыз», - деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік бойынща өкілі Джон Кирби брифингте.

«Біз жанымызбен шабуыл құрбандарымен біргеміз», - деп қосты Кирби.

22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall концерт залында белгісіз адамдардың араласуымен атыс болған. Бейресми мәліметтерге қарағанда атыстан кем дегенде 40 адам қаза тауып, жүздеген адам жаралануы мүмкін.

 

 

Пікірлер