Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Қайнар Олжай. Алпысыншы дуана – Арқарбай

4718
Adyrna.kz Telegram

Ұшатын кісі

Негізі қазақ жырлары мен ертегілерінде, көптеген қолжазбаларда "диуана" деген. "Алпамыс батыр" жырына бастап солай "диуана" деп айтылады. Ал Семей өңірінде неге екенін "дуана" дейді. Біздің кейіпкеріміздің атын жергілікті халық "дуана" деген анықтауышты қосып атайды.

Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылкесік пен Ақсуат ауылының арасында Дуананың сайы аталатын жер бар. Тарбағатайдың шетіндегі шоқылардан Зайсанға дейін созылатын жазыққа шығар ирелеңдеген жол ежелгі заманнан бері осы сай ішімен шығатын. Бұл жермен қай дуанныңа қашан жүргені енді ешкімге беймәлім. Беріде Қызылкесік пен Ақсуат арасындағы күре жол Қарағанды – Боғас республикалық маңызы бар тас жолының бөлігіне айналып, бұл сайға жетпей Қубас асуын тура кесіп шықты. Содан Дуана саймен жүретін тастақ қара жолды шөп басып, мүлде елеусіз қалды.

Шығыс Қазақстан өңіріндегі соңғы дуана жайындағы деректерді қырық жылдан бері жинастырып келеміз. Бұл жолғы қалам алғызған жағдай – Арқарбайдың суретін көріп қалғанымыз. Иә, фотосы әлдебір сайтта Жарма өңірінен шыққан тарихи және айтулы тұлғалар қатарында жарияланыпты. Негізі Арқарбайдың суреті он жыл бұрын қолымызға түсуі керек еді. Сол баяғы енжарлықтан кеш қалыппыз. Ол туралы кейінірек сөз етеміз.

Арқарбай дуана

Арқарбай дуана / Сурет интернеттегі көздерден алынды

Әзірге дуананың өзі туралы мәлімет берелік. Туған-өлген жылдары белгілі. Жарма ауданының Алжан тауының баурайында 1862 жылы дүниеге келген. 1948 жылы өмірден өткен. Коммунистік һәм отарлық билік тұсында елеусіз қалып қойған моласына туыстары мен дуананың шапағатын көргендердің үрім-бұтағы кесене салыпты. Алматы – Өскемен тас жолының Үшбиік ауылы мен Жаңғызтөбе стансасы арасындағы бөлігінде Арқарбай дуана кесенесіне апаратын тау жолын көрсетіп тұрған қаңылтыр белгі бар.

Дуана туралы алғашқы мақаланы студент кезімізде облыстық газеттен оқығанбыз. Ол заманда Алматыдағы бас пошта мен қала аттас қонақ үйі арасындағы аллеяда қырық-елу әйнектелген тақта тұрды. Соның ішіне орталық, республикалық және облыстық газеттердің сыртқы мен ішкі екі беттерін айқара ілетін. Облыстық газеттерді оқу үшін тақтаны жағалайтынбыз. Сонда тақтадан "Қанатты адам" атты мақаланы құныға оқығанбыз. Авторы – Төлеш Сүлейменов.

Фантаст жазушының мақаласында Арқарбайдың ұшатын қасиеті жазылған. Желкесіне таман біткен "құжырасы" бар, соны пайдаланып ұшып кетеді дегенді оқып қатты таңырқадық. "Құжыра" дегені – томпайып тұрған дене мүшесі. Басқа ешкімде кездеспейді. Арқарбай оны "қанатым" дейді екен.

Содан бастап Арқарбай туралы деректерді тірнектеп жинадық. Ұзақ жыл Аягөзде тұрған аталас ағамыз Аманғазы Баймамыровтың өзінен көп әңгіме естідік. Арқарбай жарықтық осы өлкеге өзгеріс әкелген пойызды мойындамаған. Тіпті, менсінбеген. Бірде Айғыржал стансасында Арқарбайды көріп қалған машинистер:

– Қайда барасыз? – деп сұрайды.

– Әзірет, Аягөзге, – дейді дуана. Жалпы, бүкіл сөзін "әзірет" деп бастайды екен.

– Бізге отырыңыз, далада аяз ғой. Ала кетейік, – деп жанашырлық танытады қарияны білетін машинистер.

– Әзірет, өзім де жетемін ғой, – деп дуана қастарынан өтіп кетеді.

Содан бұлар пойызды арқыратып Аягөз стансасына тоқтаса, алдарында дорбасын арқалаған Арқарбайдың кетіп бара жатқанын көреді. Айғыржал мен Аягөздің арасындағы 45 шақырымды пойыздан бұрын қалай жүріп өткені жұмбақ.

Бір бұл емес, бірнеше рет осындай жағдай кездескен. Аягөзден 90 шақырымдағы Қарақойтас разъезіне пойызбен қатар келгенін көргендер бар. Енді бірде колхоздың таудағы фермасына автомашинадан бұрын жетіп алыпты.

Бұл қасиеті Төлеш Сүлейменов "құжыра"– Арқарбайдың өзі "қанатым" деген әлгі томпақ мүшеде болса керек. Әрине, ол құстың қанатындай желпілдеп тұрмайды. Бірақ, ғарыштан көпке беймәлім қуатты қабылдап, сол қуат пойызбен де, автомашинамен жарыстырып жүргені даусыз.

Сезетін кісі

Үшінші рет Арқарбай туралы өзіміздің Олжай әулетінің жиені Жұмағазы ақсақалдан естідік. Ол кісінің екі ұлы ертоқым мен торсық жасап, қамшы өретін шеберлер еді. Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі болғанда Алмаарасан жақта әлдеқашан жабылған мекемеге қарасты қаусап тұрған үйлерді осындай шеберлерге бергізді. Сөйтіп Көкжота аталатын ауыл пайда болды. Жұмағазының екі ұлына сол жерден баспана мен шеберхана тиіп, туысымыз Аягөзден көшіп келді.

Сол ақсақал жас кезінде Арқарбайды өз көзімен көргенін айтты.

Жай көрген не, бір рет шашын алып, сақал-мұртын басып берген. Сонда дуана қиылған шашы мен сақалын домалақтап беріп, "бала-шаға ауырып қалса, осымен емдеңдер" депті. Бұл оны шешесі Сөдияға (шын аты Нұрбәти, ешкімнің бет-жүзіне қарамай шындықты айтатындықтан Судия-Сөдия атанған, біздің атамыз Олжайдың қарындасы) береді. Күндердің күнінде Үржарда Совет деген кісінің баласы талма ауруына ұшырайды. Аурухана дәрігерлері емдей алмайды. Совет баласының жағдайын Сөдия апамызға айтады. Апамыз балаға Арқарбайдың сақал-шашын иіскеткенде ауруынан құлан-таза жазылған. Оны Жұмағазы ақсақал өз көзімен көрген.

Тағы бірде Жұмағазы ақсақал Арқарбай туралы келесі естелігін айтты:

– Аягөзге келіп-кетіп жүргенде Шайханғали атты сыйлы қартқа сәлем беретінмін,– деген Жұмағазы. – Бірде қаурыт шаруамен жүріп, сәлем беруді ұмытыппын. Келесі жолы барсам, жарықтық теріс қарап жатыр екен. Сәлем бердім. Бұрылмаған күйі жата берді. Сол кезде үйге кішкене немересі кірді. Мен "Айналайын, мені кешірші" дедім әлгі балаға. Бұл сөзіме жас бала аң-таң қалды. Сол кезде Шайханғали қария басын жастықтан жұлып алып, "Бәйбіше, қазан ас!" деді. Қадірменді қарияның көңілін демдеп ауылға барғаным сол, шешем Сөдия "Балам, сен Шайханғалиды алдымен ренжітіп, соңынан батасын алыпсың ғой" деді. Әлгінде болған оқиғаны ешкімге айтып үлгермегенмін. Аягөз бен ауылдың арасы бірталай жер. "Қайдан естідіңіз?" деп таңдандым. "Жаңа ғана намазымды оқып болған кезде Арқарбай дуана айтып кетті" деді шешем. Ал менің Арқарбайды көрмегеніме бірнеше күн болған.

Ең ғажап әулиелігі – мынау. 1941 жылдың күзі. 18 разъезде радио сарнап тұрады. Кеңес әскері бір қаладан соң бір қаланы тастап шегініп келе жатыр. Жұрттың қабағы сынық. Сонда Арқарбай дуана радиодан да зор дауыспен:

– Әзірет! Кеңестің бағы түйенің көтенінен де зор. Әлі жауды жеңеді. Қатындар, сендер жібектен көйлек киіп, "сейлоннан" шай ішесіңдер! – депті.

Айтпақшы, өзінің соғысқа кеткен баласы Құрмаштың соңынан "қара қағаз" келеді. Ауыл-аймақ жиналып естірткенде Арқарбай жылап көзге жас алудың орнына, "Әзірет, бұл– өтірік қағаз! Құрмашым тірі" деп шаруасын істей беріпті. Баласы соғыстан соң аман-сау оралыпты. Құрмаштан туған немересі әлі Арқарбайдың ата мекенінде тұрып жатыр.

Өзі кішкене ғана адам болған. Қаңғырлаған радиодан зор дауыс қай жерінен шыққаны жұмбақ. Ең басты жұмбақ – 1941 жылдың күзінде 1945 жылғы көктемдегі Жеңісті қалай білген? Соғыс жылдарында әскерге кеткендерден кімнің қаза тауып, кімнің аман келетінін алдын ала сезіп жүрген. Соғыстағы кісісі аман келіп, қуанышқа кенелетін үйлерге соғады екен. Ол үйдегі қара суды қанағат қылатын. Ал алдағы күндері қара жамылатын үй алдына малдың басын қоятын болса да жоламаған.

Тіпті, кімнің істі болып, кімнің күнәдан таза екенін біліп жүрген. Соғыстан кейін жылдары Аягөздің бір топ мықтысы колхозды тексеру үшін тау жаққа аттанады. Автомашина қара қостың қасынан өте бергенде іштен үкілі таяғын ұстаған Арқарбай шығыпты. Машина шаңына көмілген қария қала береді. Содан қырық-елу шақырым жердегі колхозға келген комиссия көліктен түсіп жатса, мана қара қоста қалған Арқарбай жандарынан өтіп барады дейді. Жай өтпейді, "Әзірет, мына колхоздың басшылары тегіс сотталады" депті.

Бұл айтқаны да кешікпей шындыққа айналады. Қыста колхозда мал қырылып, бастығы мен басқа мамандары сотталып кетіпті.

Киелі кісі

Арқарбай жас кезінде Шәкіжан атты әулиеге шәкірт болыпты деседі. Өз қолынан келмеген істе сол Шәкіжанның әруағына жүгінетін.

Ауыл арасында біреу бала тілеп алдына келсе, оны жетектеп Шәкіжанның басына апарады. Қабірді құшақтап жатып:

– Әй, Әулие, әй Бай, естимісің! Пәленшекең келіп тұр. Оған ұл бересің бе, жоқ, қыз бересің бе? – деп айқайлайды.

Маңайда тұрғандардың ешбірінің жауапты естімейтіні түсінікті. Жер астынан дыбыс шықпайтыны анық. Сәлден орнына тұрған Арқарбай:

– Ал, әулие саған ұл берді. Атына пәленше деп қойсын деді, – дейді екен.

Жұрттың Арқарбайдан, Арқарбайдың Шәкіжаннан сұрап алған балаларының өзі шал болып, бұл күнде аз қалған шығар. Бірақ олардан тараған ұрпақ көп. Арқарбай дуананың басына қойылған күмбезге олар да үлес қосқан шығар.

Бала берумен бірге толғақ қысып, қиналған әйелді босандырып жіберетін қасиеті болған. Үшбиік ауылында Рәбиға атты әйел босана алмай қатты қиналады. Дәрігерлер ештеңе істей алмай амалдары құриды. Сол кезде Арқарбай есік сыртынан "Әзірет, мен келдім" деп айқайлайды. Ешкім оны шақырмаған. Басқа дәрмен таппаған дәрігерлер дуананы толғақ қысқан әйелге кіргізеді. Сонда Арқарбай үкілі таяғымен Рәбиғаны салып қалғанда дүниеге іңләлап нәресте келеді. Атын Амангелді деп қояды.

Арқарбай өзі "Маған дейін елу тоғыз дуана болған. Елу тоғызыншысы Шәкіжан" депті. Ал, Шәкіжанның пірі – Шаяхмет әулие екен. Оның ар жағындағыларды енді санап бере алмаймыз. Бір тұсында Қазыбек бидің мүрдесін таяқпен ұратын Бекмысық әулие тұрғаны анық. Ол өлі денені таяқпен бес рет салып қалғанда Қазыбектің ұлы Бекболат би "Өліп жатқан әкем саған не істеді?" деп ара түседі. Сонда Шаяхмет дуана кілт кідіріп, "Қап, жеті рет ұрғанымда биге қонған әруақ жеті ұрпағына жетер еді, енді бес ұрпағымен тоқтайтын болды-ау!" деп өкініпті

Арқарбайдың алдындағы елу тоғыз дуананың бірі Әбжәлаб болған шығар. Ол қайтыс болғанда жерлеу үшін зират басына апарады. Қабірге түсіру үшін кебінге оралған денесін салып келген киізді ашқанда ішіндегі мүрде шағала болып ұшып кетіпті деседі. Сонда Әбжәлаб әулиені өзі арулап жуған Мәшһүр Жүсіп әулие: "Әбжәлабтың денесі көрде жатпайды, менің мүрдем бүлінбейді" депті деген сөз бар Баянауыл тұрғындарының арасында.

Алпысыншы дуананың өзінің өлімі де ерекше болыпты. Оны кезінде Жұмағазы туысымыздан естігенбіз. Арқарбай өлер сәтін алдын ала дәл сипаттаған. Құрдас, тұстас шалдарға: "Мен өлерде қатты жаңбыр жауады. Шатырлап найзағай ойнайды. Малдан бірер бас шығын болады" депті.

Содан не керек, бір серкені жетектеп "Шәкіжанның басына жетіп алайын" деп жолға шығады. Өзінде қанат болғанмен, серкеде қанат жоғы түсінікті. Жете алмапты. Жұма күні қатты нөсер жауады. Аягөз – Үшбиік – Жаңғызтөбе арасына жарқылдап көкте жай ойнайды. Аспанды қақыратып жасын түседі. Ол жайылып жүрген өгізге тиген екен. Жарықтықтың "Бірер бас мал шығыны болады" дегені солай расқа шығыпты.

Серкені қарағанға байлаған көрінеді. Өзінің денесі бірер күн далада қалады. Ақыры ел іздеп шығып, тауып алады. Мүрдені оң жаққа қойып, мейрамсуын берген кезде әлдеқайдан "мен Арқарбаймын, мен Арқарбаймын" деген дауыс естіледі. "Бұл рас болған жағдай" деген біздің Жұмағазы ақсақал.

Қазаға жиналған, жаназаға тұрмақ жұрт жан-жаққа қашып кетіпті. Содан дәрігерлер Арқарбайдың мүрдесін тағы қарап, "Мынау бірнеше күн бұрын қайтыс болған адамның денесі" дейді.

Сол Арқарбайдың суретін міне, көріп отырмыз. Әттең, басқа бір суреті бұдан кемінде он жыл бұрын қолымызға түсер ме еді?!

Жаңғызтөбе мен Үшбиік арасында қырық жамау, мың шұңқыр Алматы – Өскемен тас жолында автокөлікпен шоқақтап келе жатқанда Аманғазы ағамыз:

– Арқарбай жайында өзіміздің Өкен де жақсы біледі. Онда фотосы болуы керек, – деген.

"Өзіміздің Өкен" дегені – тағы бір туысқан ағамыз. Ол кісі де балаларын сағалап Аягөзден көшіп келген. Талғардың түбіндегі жаңа жұртта құрметке бөленіп, "Найман шал" атанғанын естігенбіз. Алматыға бара сала Өкен ақсақалға сәлем беріп, Арқарбай жайында сұрамақ едік. Фотосын алмақ едік. Оған күнделікті тіршіліктен қол тиген бе!

Сөйтіп жүргенде қызметіміз Астанаға ауысты. Алыста жүріп бірде Жұмағазы, бірде Өкен қария қайтыс болғанын естідік. Аманғазы ағамызға өз қолымызбен топырақ салдық. Арқарбайдың бізге бұйырмаған, сондықтан көпшілікке жария болмаған фотосын енді таба алар ма екенбіз...

informБЮРО

Пікірлер