Астананың жаңа әкімі жұмысын жиһаздар мен креслоларды жаңартудан бастады

2501
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанға жаңа әкім Алтай КӨЛГІНОВТІҢ келуімен әкімдіктегі мебельдер мен креслолар да жаңарып жатыр. Көлгінов келе салып креслолар мен мебельдерге миллиондар жұмсауды жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулары веб-порталындағы мәліметке қарағанда, Астана қаласы әкімдігі әзірге 4 дана «бастық креслосын», 2 дана «басшы бөлмесінің жиһазын» сатып алмақ. Осының өзіне кететін шығын – 4 миллион теңгеге жуық.

Атап айтсақ, бастық креслосының әр данасына 210 мың 151 теңге (210 151.78 теңге); ал басшы кабинеті үшін жиһаздың әр данасына 1 540 285 теңге (1 540 285,71 теңге) жұмсалмақ. Нәтижесінде мебель ауыстыру үшін ғана әкімдік 3 921 178,54 теңге жұмсамақ болып отыр.

Эргономикалық пішіндегі, биіктігі 75 см болатын үстел мен үстелге қоятын тіреуіш, мобильді қондырғының бөлшектері; шкафтар, т.б. – бұлар «басшы кабинетіне арналған мебельдерге» жатады. Бұл мебельдерге қойылатын талаптар арнайы құжатта бекітілген.

Одан бөлек кресло. Креслоға қойылатын талаптың негізгісі -- 120 кг дейін салмақ көтере алуы. Бұл креслолардың нақты қай басшыға арналғаны белгісіз, десе де осы талап негізінде бұған отыратын төрт шенеуніктің де салмағы 120-дан аспайтыны түсінікті. Мүмкін, бұл төртеудің бірі Көлгіновтің өзі болуы да мүмкін. Мынадай талапқа сай креслоның қала әкімін еркін көтеретіні анық.

Құжаттағы креслоға қойылатын талаптар мынадай:

«Ботицеллидің ДБ-13 басшысына арналған кресло – тіреуіш механизмі жоқ, салмақ шектеулері: 120 кг, негізі: ағаш, жақтау: монолитті емес, өндіруші: Ресей қолғаптары: биіктігі бойынша реттеу. Тауарлардың көлемі 130 х 63 х 71, қорап мөлшері 94 x 80 x 65. Өндіруші елі Ресей. Макс 120 кг жүктеу. Түсі тапсырыс берушімен келісіледі».

Конкурстық құжаттамаға сатып алынатын тауарлардың техникалық ерекшелігі қысқаша айтқанда шамамен осы. № 3484117-1 және № 3484304-1 сатып алу бойынша жарияланған конкурсты қала әкімдігі қашан аяқтайтыны белгісіз. Өйткені, шартта сатып алу мен оны орнату мерзімі – «келісімге сәйкес" екені көрсетілген.

 

Мақала "Жас Алаш" газетінен алынды

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер