Ажырасу көрсеткішімен көш бастаған Қазақстан. Оның ықтимал себептері қандай?

995
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан World Population Review сайтының дерегі бойынша әлемде ажырасу рейтингінде екінші тұр. Аталмыш статистика қоғамды дүр сілкіндірді. Көп белсенділер аталмыш көрсеткіш әлеуметтік мәселе ретінде дабыл қағатын жайт десе, енді бірі өзіндік зерттеулерін ұсынуда. Маман пікірі қандай?

Күнделікті түрлі отбасылық тағдырмен кесе көлденең жолығып, ажырасудың алдында тұрған ерлі-зайыптыларды райынан қайтарып, көп жанұяға көмегін тигізіп жүрген отбасылық психологтар, мамандар баршылық. «Адырна» тілшісіне One-Stop-Service “Бір қадам”орталығының координаторы, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті, отбасылық заңгер Ләззат Рақышева өзіне күнделікті түрлі тағдыр көріністерін баяндайтын хаттар толассыз келіп түсетінін айтты. Жоғарыда аталған статистика маманды бей-жай қалдырмады.

ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ КӨРСЕТКІШ

2024 жылдың 4 наурызында жаңартылған Petrelli Previtera мәліметі бойынша, Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша дүние жүзінде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр. Елдегі көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 4,6 коэфициентті көрсетті. Мамандар еліміздегі ажырасудың негізгі себебі туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің жоқтығы (41%), ажырасу процесінің жеңіл болуы (25%) екенін атап өтті.

Қазіргі қазақ ерлері мен әйелдеріне сәйкес келмейтін қатал гендерлік рөлдердің сақталуы және тұрмыстық зорлық-зомбылық қазақ жанұяларының шаңырағының шайқалуына әкеп соғып отыр. Бұл ерекше назар аудартады.

Бір қызығы, ажырасу көрсеткіші жоғары болғанымен, қазақстандықтар неке институтын құру бойынша да жоғары орында. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстан жастарының 82,5%-ы (18-29 жас) балаларын заңды некедегі отбасында тәрбиелеп отыр.

«Ажырасқан» елдердің алғашқы ондығына Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан кірді.

2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда 120,9 мың жұп неке қиған. Бұл –бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6%-ға аз.

ТМД елдерінің ішінде ажырасу көрсеткіші Қазақстаннан кейін былай тізбектеледі. Молдовада (6-орын, 1000 адамға 3) және Украинада (7-орын, 1000 адамға 2,9) тіркелген. Рейтингтің ортасында Қырғызстан (55-орын), Әзербайжан (67-орын), Тәжікстан (68-орын) орналасқан. Бірақ Өзбекстанда ажырасу көрсеткіші 1000 адамға 1,1-ді ғана құраған, бұл 80-орын. Ал ажырасулардың ең төменгі көрсеткіші Үндістан, Мозамбик және Кения сияқты елдерде тіркелген.

«КЕРІ КЕТІП БАРАМЫЗ»

 - Өкінішке қарай, ажырасу біздің елде өте үлкен дертке айналып отыр. Бұның себептерін жан жақты қараған дұрыс. Ең бірінші мәселе отбасылық зорлық-зомбылық  жатады. Бұл мәселеде отбасында болып жатқан түрлі жайттар кіреді. Мәселен, соның бірі – қарызға той жасау. Бұның арты отбасын құрып үлгермеген екі жасқа қарыздан шығу үлкен проблема туғызады, соған шыдамай ажырасады. Бір-бірін түсініп үлгермеген екі жастың ортасына туыстары араласады осыдан да көп жастар ажырасады. Қоғамда болып жатқан тұрақсыздықтың салдарынан да жұмыс таппай үйі жоқ, күйі жоқ, әлеуметтік қиындыққа шыдамай ажырасып жатады. «Қолжетімді» дейді, бірақ қол жетімсіз пайызы жоғары мемлекет тарапынан болып жатқан бағдарламалардың да жастарға еш пайдасы жоқ. Материалдық тұрғыдан қиналып ажырасып жатқан жас отбасылардың көп болатыны сондықтан. Отбасында да зорлық-зомбылықтың кесірінен ажырасып жатқандар да жетерлік. Араққа салынудың кесірінен ажырасып жатқан отбасылар бар. Бұған ойын құмарлық келіп үлкен дерт боп қосылды. Қазіргі кезде ажырасып жатқан көп отбасының көбі осы ойынқұмарлыққа салынғанның кесірінен болып тұр. Мәдениет тұрғысынан алып қарасақ та  жастарымыздың көбісінің мәдениеті өте төмен. Осындай жан-жақты келеңсіз жағдайлардың кесірінен ажырасу өте көп. Әйелінің үстінен заңсыз тағы бір тоқал (көңілдес) алып өз нәпсісін тыя алмай жүрген ер азаматтар да бар,соның салдарынан талай отбасының шырқы кетіп жатыр. Бұл біздің қоғамға кері әсері көп. Алдыға жылжудың орнына кері кетіп барамыз. Жетімі мен жесірі көп мемлекет қалай алдыға дамиды? Сондықтан мемлекетімізге нақта шаралар қолданып, қоғамға пайдалы заңдар қабылдауымыз қажет, - дейді Ләззат Рақышева.

«ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ – ҮЙ БОЛУ ҚИЫН»

Ләззат Рақышева отбасылық заңгер ретінде түрлі отбасылардың мәселелерімен таныс екенін айтты. Оған күнделікті ажырасуға бекінген тағдыр жолы баяндалған хаттар келеді. Хат иелерінің кезіккен мәселесі алуан түрлі. «Бірі күйеуім ұрды-соқты десе, енді бірі 30 жыл отасқан жарымен айырылысуға бекінгенін жеткізеді» дейді ол. Ал келген соңғы хаттарының бірі тіптен жаншошырлық жайт. 12 жыл отау құрып, екі балалы болып, үшіншісіне аяғы ауыр келіншек күйеуінің «гей» екенін білген. Мұндай жайттарда «ажырас» дегеннен басқа амалым болмайды дейді Ләззат ханым.

- Қазақта «үйлену оңай – үй болу қиын» деген сөз бар. Маған «ажырасамын» деп жазған көп азаматтарға әуелі психологиялық көмек алуды ұсынамын. Оларды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы және “Самұрық қазына Трасст- қорының қолдауымен ашылған One Stop  service -“Бір қадам”  орталығына жіберемін. Ерлі-зайыптылардың көбі психолгиялық көмектен кейін екіге кетеміз деген ойларынан айнып, отбасын сақтап қалып жатқан жайттар да кезікті. Ал зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге бірден дағдарыс орталығына хабарласу керектігін айтамыз. Ал жаға ұстатарлық жағдайларда, мәселен күйеуінің жыныстық ориентациясы басқа болған әйелге «ажырас» дегеннен басқа айтарым болмайды. Ондай адаммен қалай өмір сүруге болады? - дейді Ләззат Рақышева.

СОҚҚЫДАН КЕЙІН – ТАҒЫ СОҚҚЫ...

Ләззат Рақышева өзіне хат, хабарлама жазатын әйелдердің көпшілігі түн кезінде мұңын шағатын көрінеді. Айтуынша, олардың кейбірі өз-өзіне қол жұмсау жайында жазатындары да бар.

- Оларды барынша өмірін сақтап қалып, мәселені шешуге шақырамын. Бірақ біздің елде жемқорлық та, миға қонбайтын санасыз азаматтар да жетеді. Күйеуінің тепкісіне зорға төзіп, арыз жазып, ажырасуға шыққанда, тиран күйеуі полицейлерді ақшамен сатып алады. Сосын артынан «неге арыз жазасың» деп тағы ұрып-соғады. Сонда әділдік қайда? Мысалы өткенде алты баласымен қаншама жыл күйеуінің қорлығына төзіп келіп, зар еңіреген әйелді эфирге шығарған миға қонбайтын бағдарлама шықты. Ол әйел суицидтің алдында тұрған адам. Оны әкеліп бала үшін қосқызбақ болды. Бұл таза сұмдық жайт,- дейді Ләззат ханым осыдан бірер уақыт бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелді күйеуімен қоспақ болған Хабар арнасындағы «Бірақ» бағдарламасын тілге тиек етіп.

«Бірақ» бағдарламасы қоғамдық ірі резонанс тудырып, министр Аида Балаеваның шешімімен сол күні жабылып қалған болатын.

«ТИРАНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК»

Ақпан айында Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге және педофилдерге қатысты жаңа қатаң заң жобасын мақұлдаған болатын. Онда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық қатаң заңмен қадағаланып, 5 бағыт бойынша ереженің жүйеленетіні айтылды. Ал Ләззат Рақышева әйелін ұрып-соғатын адамдарды тек заңмен жазалап қана қоймай, тәрбиелеу қажеттігін де айтады.

-  Ондай адамдарды тәрбиелеу керек. Себебі, олар жазасын өтеп шыққаннан кейін қайтадан әйел алып, оны да ұрып-соғатыны анық. Олармен жұмыс жасау, дерттің алдын алуымыз керек. Өйткені, отбасы – үлкен өмір, үлкен өзгеріс. Қыз бен жігіт кезінде байқамаған мінез отбасылық өмірде пайда болуы мүмкін. Бір-бірінің қыңыр мінезін көтере алмаған жастар болмашы дүниелерге бола кейде шаңырағын шайқалтып жатады. Бұл, әрине, өкінішті, - деп қосты ол.

 

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер