"Бұзылған бөгет". Ворошилов су қоймасында жағдай тұрақты - ТЖД

768
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында су деңгейі төмендеп келеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Кеше Іле ауданы Байкент ауылдық округіндегі Ворошилов су қоймасының бөгеті топан судан бұзылған еді. ТЖД мәліметінше, 31 наурыз сағат 13:00-де жағдай тұрақталып, су деңгейі төмендеген.

«Түнде қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы Байкент ауылынан 28 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мектепте оларға ыстық тамақ, жатын орын және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілді. 31 наурыз түскі сағат 12.00-де эвакуацияланған адамдар туыстарына кетті. Әкімдік тарапынан оқиға орнында жұмыс істеп жатқан әскерилер мен басқа да қызметкерлерге ыстық тамақтар таратылды. Бөгеттің бұзылу себебі толық жойылғанша, учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Су тасқынынан қаза тапқан құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай департаменті апат туындаған жағдайда адамдар Қараой ауылындағы № 49 және № 18 орта мектептеріне эвакуацияланатынын айтады.

«Тартылған күштер және құралдармен 250 тонна инертті материал, 3 000 қапшықпен жағаны нығайту және төсеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік техникамен бөгет саңылауын бетон конструкциялары, топырақпен жабу жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайды жоюға Алматы облысы ТЖД, ЖАО, ПД, 28237, 2466 әскери бөлімдері, РЖҚЖ, РЭҚ және Газ қызметінен барлығы 300-ге жуық қызметкер мен 70-ке жуық техника жұмылдырылды», - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД-ның баспасөз қызметі.

 

Пікірлер