Құжатсыз қандастар мәселесі тағы талқыланды

3003
Adyrna.kz Telegram

Жиында Көші-қон жүйелері бөлімінің бас маманы Күлпаран Ғалиева, Алматы қаласы Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Біржан Тоқтабаев, Алматы қалалық Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бөлім басшысы Айбөпе Мақұлбекқызы, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкіров сынды мамандар сөз сөйлесе, Ауғанстан, Қытай, Өзбекстан қатарлы елдерден келген қандастарымыз өз уәждерін ортаға салып, көші-қон жүйелерін дамытудың түрлі жолдарын ұсынды. Жиынға БАҚ журналистері мен қатар “Жебеу” қоғамдық ұйымы өкілдері де қатысты. Өз кезегінде «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі қандастарға бейне-роликтер арқылы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керектігін атап өтті.
Осы орайда айта кететін жай – бұрын «Оралман мәртебесі» бір жылға ғана жарамды болып келді. Егер аталған құжаттың жарамдылық мерзімін өткізіп алған жағдайда 6 ай ішінде ғана ұзарту мүмкіндігі болған. Ал ол мерзімді де өткізіп алған жағдайда екінші мәрте мүлдем «Оралман мәртебесі» қандастарға берілмейтін еді. Ал қандастар түрлі себептермен «Оралман мәртебесінің» бір жылдық мерзімін өткізіп алады. Бір емес, жүз емес мыңдаған қандасымыз. Егер оралман мәртебеснің уақыты өтіп кетсе, ҚР азаматтығын ала алмайды. Сол себепті, өткен жылы бейресми ақпараттарға сүйенсек ел ішіндегі Қытайдан келген 50 мыңға жуық қандасымыз еліміз азаматтығын ала алмай сабылды. Дәл осы мәселені түрлі ұйымдар, жекелеген белсенді тұлғалармен қатар біз де құзырлы органдардың барлығына хат жазып, мәселені қайта-қайта көтере бердік. Нәтижесінде, Елбасымыз 2019 жылы 16 наурызда (№ 20-137қ-8) тікелей шешім қабылдап, қандастарға бір жылдық құжаттық жеңілдік жасауға мүмкіндік туғызды. Мінеки, аталған жиын дәл осы ақпаратты кеңінен нәсихаттап, ел назарына іліктіру. Құжаттық жеңілдік кезеңнің аяқталуына аз қалғанына қарамастан әлі қамсыз жүрген қандастарымыздың қатары көп.

Мысалы, Елбасы жарлығы шыққалы бері оралман мәртебесінің уақытын өткізіп алған Алматыдағы қандастарымыздың 80-і ғана келіп құжаттарын ұзартуға өтініш тапсырған. Бүгінге дейін сол 80 адамның не бары 34-і ғана ықтияр хат алуға өтініш білдіріпті. Демек, қалған 50-ге жуық қандасымыз құжаттың әлі маңызды екенін сезіне алмай отыр. Егер дәл осы 50 адам биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін құжаттарын рәсімдеп үлгермесе, тағы да ҚР азаматығын ала алмай қалады. Бұл бір ғана Алматы қаласының статистикасы. Яғни, 60 пайыздан астам қандас әлі құжаттың реттеп алудың маңыздылығын сезіне алмай отыр. Сол себепті, жиын барысында Алматы қаласы Полиция Департаменті Көші-қон қызметі басқармасына қала бойынша тексеріс жүргізіп, жедел түсіндіру жұмыстарына алып баруға ұсыныс берілді. Өйткені, салғырттыққа салынып тағы қандастарымыз қалып қойса, ертең мұндай мүмкіндік болмайды. Сондықтан хабарсыз кеткен (құжаттарын рәсімдеуге әлі бармаған) 50 адамның толық аты-жөндерімен қатар, байланыс телефондарын қалалық көші-қон полициясына табысталды. Және іздеу, қузау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесі де тапсырылды. Ал, өз тарапынан олар да мұндай қызметке дайын екендіктерін білдірді.
Бұдан бөлек, еліміздегі кейбір көшіп келген қандастардың бала-шағасы туралы да үлкен проблема туындап отыр. Мысалы, 2018 жылы Тұрсын Майра есімді азаматша ҚР азаматтығына құжат тапсырған. Бүгінде азаматтық алып алған. Алайда, Айжанат және Айбота есімді екі қызын ҚР азаматтығын алуға құжаттарын тапсырмаған. Салдарынан 15 және 10 жасар екі қыз құжатсыз қалып отыр.
Жоғарыдағы мысал етіп, атап отырған екі қыздың мәселесі тек оралман мәртебесін алып, артынан азаматтыққа құжат тапсырмай қалғандары. Ал қазір қандастарымыздың арасында мүлдем бала-шағасының құжатын «Оралман мәртебесіне» де тапсырмағандары бар екен.
Дәл осындай қалып келткен ұрпақтарды “басқа бір оралман мәртебесін алып жатқан отбасыға қосып, «солардың жиендері еді» – деп жіберуге болмай ма екен?” – деген де ой айтылды.

“Енді ондай балаларды далаға тастаймыз ба, әлде мүлдем құжатсыз қалдырамыз ба? Сондықтан осы сауалыма да оңды шешім, көзқарас танытуларыңызды сұраймын! Әсіресе БАҚ өкілдері арқылы бәлкім тағы да заңға толықтырулар енгізуге болатын шығар” – деді Күлпаран Ғалиева.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы, “Отан оттан да ыстық” жобасы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер