Бишімбаевтың мойындамауы митингіге себеп болды

667
Adyrna.kz Telegram
Фото: DW news
Фото: DW news

Германия астанасы Берлинде Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті. Бұл туралы Euronews жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Шеру әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатқанда болды. Бишімбаев сотта "Нүкенованың өліміне қатысы барын" айтады, бірақ "аса қатыгездікпен өлтірмедім" дейді.

Euronews телеарнасының хабарлауынша, шараға қазақ, ағылшын және орыс тілінде плакат алып келген ондаған адам келгенін, олар "қол көтерсе сотталуы керек", "Бишімбаевқа өмір бойына түрме жазасы кесілсін" деп ұрандатқан.

Акция қатысушылар Euronews телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі қылмыс деп танылмағанын айтып, экс-министр түрме жазасынан құтылып я жеңіл жаза алмауы тиіс деген. Шараға келгендер Қазақстанда зорлық-зомбылықты жою үшін тұрмыстық зомбылыққа қарсы заң қабылдау керек деп айтқан.

Ұйымдастырушылардың есебінше Берлиндегі акцияға 120-дан аса адам қатысқан. Олардың арасында Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина және Оңтүстік Кореядан да адамдар болған.

Еске салсақ, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы 2023 жылдың қарашасында мейрамхананың VIP кабинасында сегіз сағат бойы ұрып-соғып, кейін айғақтарды жоймақ болған. Оқиғаға жиналғандардың ешқайсысы араласпады. Келесі күні таңертең Салтанат мейрамханадан өлі табылды.

Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр, бірақ Бишімбаев өз кінәсін мойындамай, сотта өзін дөрекі ұстауда. Салтанаттың құрбысы Линара Смағұлова бұған дейін Бимішбаевтың әйелін үнемі қорлап, ұрып-соғып жүргенін БАҚ өкілдеріне айтқан болатын. Осы жолғы жиында наразылық білдірушілер Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтып, экс-министрді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.

Пікірлер