6 шілдедегі митингіде 100-ден аса адам ұсталды - ІІМ

1960
Adyrna.kz Telegram

6 шілдеде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында рұқсат етілмеген митингіге шыққан 100-ден аса адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

"6 шілдеде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында рұқсат етілмеген митингіге шыққан 100-ден аса адам ұсталды, 44 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 19-ы әкімшілік қамауға алынды, тағы 23 адамға айыппұл салынды, қалғандары әңгіме жүргізіліп, үйіне жіберілді", - деді Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін кулуарда.

Айта кетейік, 6 шілдеде, мереке күні, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында рұқсат етілмеген митингілер өткізуге әрекет жасалды. Прокуратураның бірнеше рет ескертуіне қарамастан, жекелеген азаматтар тыйым салынған экстремистік ұйымның арандатушылық шақыруларына ұшырады. Олардың кейбіреулері басқа азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіре отырып, Құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасай бастады. Осыған байланысты ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдағаны айтылады. Ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Жеке тұлғалардан түтін шашкалары мен травмат қаруы тәркіленген. "Тәртіп бұзушыларды ұстау барынша дұрыс жүргізілді, арнайы құралдар қолданылған жоқ", - деп мәлімдеді ІІМ өкілдері.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер