Ресейдегі су тасқынына Қазақстанды кінәлаған Кремль өкілі жауабын алды

795
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Ресейдің Орал федералдық округі бойынша өкілетті өкілі Владимир Якушевтің су жіберуге қатысты мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп. 

«Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше, суды ағызу туралы шешім ресейлік жағынан келетін ағындар негізінде қабылданады. Сондықтан Ресейдегі су тасқынына Қазақстан ықпал етеді деу дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды», - делінген министрліктің ҚазТАГ редакциясына жауабында.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде де осы туралы айтқан.

Ол Якушевтің сөзіне мезеп "Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды,"- деген.

Ведомствоның хабарлауынша, 2 сәуірден бастап Қазақстан тарапы Тобыл өзені бойындағы суды жіберу бойынша қабылданған шешімдер туралы ресейлік тарапты хабардар етуде.

«Тараптар разрядтардың көбеюі немесе азаюы бойынша тәулік бойы ақпарат алмасады. Ал біз ешқандай келісілмеген әрекеттер туралы айтып отырған жоқпыз. Қазақстандық тарап Ресей тарапымен тату көршілік әріптестік рухында ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды жалғастыруға дайын», - деп атап өтті министрлік.

Бұған дейін Якушев Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынын болдырмау үшін Қазақстан өзінің су қоймалар жүйесіне суды «келісілген түрде жіберуге міндетті еді" деген пікір білдірген. Оның айтқаны Қазақстан осылай жасамаған соң Қорған мен Түмен жерін су алып кетті дегенге саяды. Якушевтің мәлімдемесі Қазақстанда біршама реакция тудырған. Сондайда көпшілік Тобыл суының Қазақстаннан Ресейге емес, Ресейден Қазақстанға ағатынын айтып, мысқылдаған. 

«Бізде осындай қыс болған кезде, қардың жеткілікті мөлшері жиналғанда әрі су қоймасында судың жеткілікті үлкен қоры жиналған кезде әріптестерімізбен дұрыс және біркелкі болуы үшін су қоймаларындағы суды ағызу келісілген, - деген болатын Владимир Якушев.

Ресейдің Қорған облысының өзендеріне құятын су қоймаларынан ағызылатын су тоқтамай отыр. Осыған орай, "Қорғанға қарай ағыспен мол көлемде су келе жатыр,-" деп хабарлаған облыс губернаторы Вадим Шумков өзінің Telegram каналында. 

«Қазір Звериноголовское ауылында Тобылдан келетін су деңгейі қазірдің өзінде 980 см-ден асып отыр, ал Қорғанда – 375 см. Ең басты проблема қазір осы болып отыр. Қоймалардан келетін су тоқтамай ағып жатыр», - деп жазды ол.

Қорған облысы оңтүстігінде Қазақстанмен шектеседі, Тобыл өзені облыстың орталығынан өтеді. Өзен алқабында орналасқан елді мекендерді, соның ішінде Қорғанды су басу қаупі бар.

 

Пікірлер