ТӘТТІГҮЛ ҚАРТАЕВА: "Тіршіліктің дәстүрлі ырғағы" бұзылды

731
Adyrna.kz Telegram
"Сырдариядағы мұз ойық".  Әділхан Рахметовтің суреті.
"Сырдариядағы мұз ойық". Әділхан Рахметовтің суреті.

 

Ертеде өзен, көл суын ауыз суға және мал суаруға пайдалану үшін қыстың күні мұз 30-60 см қалыңдықта қатқанда "мұз құдық" немесе "мұз суат" ойған.  Халық арасында "мұз ойық" деп те аталған. Өзен бетінен жағадан 2-3 метрдей ұзақтықтан балта, сүйменмен тесіп, қауға сиятындай ойық жасаған. Ойық диаметрі 40-50 см. Ойылған суат басына мал су ішуге арналған астаулар қойған. Суат басынан су алуға барған адамның аяғы таймас үшін, мұз үстіне күл, қамыс, сақ тастап жол салған. Ойық ішіне адам, мал түсіп кетпес үшін айналасына топырақ толтырылған қап тасталған. Ойық суы өздігінен көтеріліп, аузына келіп тұрады. Түнгі суықтан қалыңдығы 3-4 см мұз қатады, таңертең оны қайта ойып алған.  «Ағынды суда арамдық жоқ» деп мұз суаттан алынған өзен суына тасты не қышты отқа қатты қыздырып, шелектегі суға тастап жібергенде быж етіп қағы бөлініп, ауыз суды қамтамасыз еткен.  Ойық саны мал санына байланысты. Ертеде Сырдарияның бойын жағалай қыстаған қазақтарда әр үйдің өз ойығы болған. Сырдарияның мұзы сеңетін уақыты жақындағанда әлгі құм-қаптарды, астауды алып тастап, көктеуге көтеріліп кеткен. Сырдарияның оң жағындағылар келе-келе түйесін, үйір-үйір жылқысын мұз үстінен ерте сол жақтағы құмдауыттарға өткізіп алған.  Өзен таситын уақытта - адам да, малда көктеуде! Одан кейін сол мұз ойықтар Сырдарияның мұзының ретті сеңуіне сеп болған. Әрине, Тянь-Шань тауындағы бастауында қар қалың құлап, мұз астынан су көп құйылса төтеп бере алмаған, төтеп бере алмағаннан Қорқыт қорымын шайып кетті емес пе? Көктеуде отырғаннан мал да, адам да аман болды. Бұл күні "мұз суат" оюды Арал қазақтары ішінара сақтап отыр. Сыр бақсыларының кереметін көрсететін соңғы тұяғы Беркінбай қалпе (1909-1977) көзі тірісінде Сырдарияның мұзын көзімен бұзып өткізіп отырған, ол кісінің кереметтерінің құпиясы өзімен бірге кетті. Бірақ таситын Сырдария жоқ, суы сирақтан келмей тартылып тұр.

Енді бүгінде "суы тасыған" өзендерге қайта келейік. Бұл өзендердің бойы тарихи дәуірлерде жайлаулық жер болғандықтан, өзен мұзын Сырдариядай дәстүрлі ою болған жоқ, су тасығанда бұл жерлерде де мал да, адам да болмады.  Тасыған су, еріген қар тез сіңіп, артынан көк майса жайқалып жатқан. Ол замандарда бұл өңірде судың жерге тез сіңуіне орпа құдық, еспе құдық, айбар құдықтар да болса сеп болатын, бұл күні колонка-мотор келді де, дәстүрлі шегендерді көміп тастадық. Екі ғасырлық жылдар бойына тұрақты қоныс, құрылыс, тас жолдар салынуы, мал жайылымының бір жерде болуы да жердің табиғи жұмсақтығын, қабатын қатайта түседі.  Осылайша "тіршіліктің дәстүрлі ырғағы" бұзылды. Тасыған өзендер бастау алатын таудағы қардың тез еріп, көп су құлауынан, жердегі қар екеуінің бір мезгілде қатар еруінен де ие бола алмай қалдық. Байырғы жайлау қазір тұрақты қоныс болған соң, алдын-алу ақпан айында мұзды жасанды жарып (гранатпен), суды кезең кезеңмен өтуін ұйымдастыру болар. Айтуға оңай әрине....

P.S. Сурет - "Сырдариядағы мұз ойық". Менің айтуым бойынша салған, "Есік" археологиялық музейі қызметкері Рахметов Әділхан.

 

Tattigul Kartaeva

 

 

 

Пікірлер