БҚО: халық қалаулыларының қамқорлығы

576
Adyrna.kz Telegram

Қала іргесіндегі "бірінші дача" аталатын саяжайдан үй салып, осы кезге дейін алаңсыз тұрған Айдос Жұмағалиевтің отбасы қарғын су келгенде баспанасын тастап, эвакуациялық пунктке көшуге мәжбүр болған.

Отбасы қиын жағдайға тап болған кезде отанасы Раушанның ай-күні жетіп қалған еді. Уақытша орналасу пунктіне келген аяғы ауыр келіншекті сол жердегі дәрігерлер мен тұрғындар бақылауына алған. Қанша жерден жағдай жасалса да күтімді қажет ететін Раушанның жағдайы ешкімді бей-жай қалдырмаған. Дәрігерлер ерекше күтіп, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізген.

Ай күні жетіп, Раушан Назым есімді қыз босанды. Жұмағалиевтер отбасының жағдайын естіген облыстық мәслихат депутаты Азамат Бисенов Раушанға  хабарласып,  екі айға пәтер жалдағанын айтқан.

- Жағдайымды естіген депутат хабарласып: "Сіз күтінуіңіз керек.  Бала бақылауда болғаны жақсы. Сондықтан отбасыңыз үшін екі айға пәтер жалдадым",-деді. Ел ішінде неше түрлі әңгіме жүріп жатыр. Бірақ еліміз эвакуацияланған тұрғындарға барынша жағдай жасап жатыр,-дейді Раушан Табынова.

Айдос пен Раушанның отбасында осыған дейін Шырын, Нұрдос, Іңкәр деген балдар болса, енді Назым есімді қыз келді.

- Отбасымыздың жағдайын жасап, қолдауын білдірген жандарға алғысымыз шексіз. Көп ұзамай үйімізге ораламыз деген ойдамын,-дейді Раушан.

Гуманитарлық көмек жинау басталғалы ешкім шет қалып жатқан жоқ. Әсіресе, мәслихат депуттары белсенді. Осы кезге дейін облыстық мәслихат депутаттары 12 пәтерге мүмкіндігі шектеулі 1 топ мүгедектері мен көпбалалы жүкті келіншектерді уақытша пәтерге орналастырды.

Пікірлер